НҰР-СҰЛТАН, 7 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді.
"Алғашқы кезеңде жіберілген қателіктерді талдауға уақытымыз жеткілікті болды. Жалпы, эпидемияға қарсы күрес кезінде біраз тәжірибе жинадық. Бұл тәжірибені мейлінше тиімді пайдалануымыз керек. Үкімет осындай күрделі ахуалда өз жұмысын тиімді, сәтті жүргізуде. Баршаңызға аян, қазір көптеген елде санитарлық ахуал күрделеніп барады. Бұл – коронавирус індеті қайта өршиді деген сөз. Біз бұған дайын болуымыз керек", - деді Тоқаев,
Президент індетке қарсы күрес үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданғанын жеткізді. Ең бастысы, тәжірибе бар, деді ол.
"Осы кезеңде денсаулық сақтау саласын нығайту үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі ұлттық жоспар жүзеге асырылуда. Өңірлердің дайындығын айқындайтын индикаторлар жүйесі енгізілді. Жергілікті жерлерде жедел штабтар құрылып, жұмыс істеуде. Бұл штабтар іс-қимыл шараларын орталыққа жалтақтамай, өздері қабылдай алады", - деді президент.
Мемлекет басшысы құзырлы органдардың барлығы індетпен күреске дайын екенін атап өтті.
"Еліміздің біртұтас биоқауіпсіздік жүйесін құру жұмысы басталды. Халықаралық қауымдастық ұлттық вакцина әзірлеу жөніндегі жұмысымызға қолдау білдіріп отыр. Қазір клиникалық зерттеулер жүргізілуде. Бұл еліміздің ғылым саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Бірақ, елдегі жағдай тұрақталғанымен, босаңсуға болмайды. Өкінішке қарай, азаматтарымыз, тіпті, жергілікті билік өкілдері сақтық шараларын ұмыта бастады", - деді Тоқаев.
Президент эпидемияны ауыздықтау – оңай шаруа емес деп отыр. Оның экономикаға және халықтың әл-ауқатына тигізетін салдарын барынша азайту – маңызды міндет. Мемлекет басшысы бұл үшін жан-жақты ойластырылған және нақты шаралар қабылдау керек екенін айтты.