Қоғам

Ауыл халқының жанайқайы: депутат шенеуніктерге тезекпен жылынуға кеңес берді

© Photo : Пресс-служба акима ЮКОПодключение к сети газоснабжения
Подключение к сети газоснабжения  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәжілісмен газдың қосылмау себебін жергілікті әкімшілік, өкілетті органдар әртүрлі техникалық себептермен түсіндіргенін аайтады. Бірақ, мардымды, нақты жауап ала алмаған

НҰР-СҰЛТАН, 7 қазан – Sputnik. Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының депутаттары үкіметтен Түркістан облысындағы ауылдарға неге әлі күнге дейін газ жетпегенін түсіндіруді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Мәжілісмен Берік Дүйсенбинов депутаттық сауалын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен энергетика министрі Нұрлан Ноғаевқа жолдады. 

"Ақ жол" фракциясы депутаттарының Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуі кезінде газдандыру мәселесі әлі де толық шешілмегенінен хабардар болдық. Ауыл азаматтары газбен қамту мәселесін тағы да қайталай көтеріп, әкімдердің әсем есептерінің шындықтан алыс екенін жарыса айтып, жанайқайын жеткізді", - деді депутат. 

Халық қалаулылары қазақтың қара шаңырағы саналатын оңтүстік аймақ инфрақұрылымдық даму, сапалы өмір сүру тұрғысынан тек Түркістан қаласымен ғана шектеліп қалмауы керек деп санайды. 

"Оның үстіне, Құдайға шүкір, еліміз күнін көре алмай қол қусырып отырған жоқ. Әлемдегі 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіреміз деп биік мақсат қойдық. Бірақ, жылына 50 миллиард текше метр газ өндіретін Қазақстанның халқы сол газбен үйін жылыта алмаса, біз қандай өмір сапасы туралы айта аламыз, ондай әлемдік рейтингтің құны бес тиын", - деп ашынды Дүйсенбинов.

Мәселен, Түркістан облысындағы "Біртілек", "Еңбекші" және "Ораз ата" ауылдарында осыдан төрт жыл бұрын газ құбыры салынған. Тұрғындар өз ақшасына үйлеріне құбыр тартып, газ пешіне дейін қойып алған. Мұндай  жағдай Жетісай ауданының Көктөбе ауылында, Сайрам ауданының жеті ауылында, Ордабасы, Қазығұрт ауданының ауылдарында болған. 

"Өкінішке қарай, осы ауылдарға көгілдір отын әлі жетпеген. Егер газ болмаса, тұрғындардан 4 жыл бұрын неге ақша жиналған?  Халықпен  кездесу кезіндегі айтылған шағымдарға сүйенсек, Жетісай ауданындағы 72 мектептің 39-ы әлі де көмір қызуымен жылынады", - деді ол. 

Дүйсенбиновтің айтуынша, М. Мәметова атындағы №33-ші, №35 Қараөзек, №69 Мақташы, №30 І.Жансүгіров, №32 Ш.Құдайбердиев атындағы мектептер орналасқан елді мекендерге газ сонау 2014 жылы беріліпті. Бірақ сол уақыттан бері аттай алты жыл өтсе де, бұл мектептердің газға қолы жетпей отыр.

"Газдың қосылмау себебін жергілікті әкімшілік, өкілетті органдар әртүрлі техникалық себептермен түсіндіруде. Бірақ, мардымды, нақты жауап ала алмадық. Әрине, сылтаудың түрі көп, қағаз бәрін көтереді. Осы ауыл азаматтары мен мектептерге газдың жетпеуіне себеп болып отырған шенеуніктер мен газ құбырының басында отырған өкілетті органның басшыларына көгілдір отынсыз отырған ауылдарға көшіп, балаларын суық мектепте оқытып, келе жатқан қыстың қарсаңында тезекпен жылынып өмір сүруге кеңес береміз. Сонда мүмкін, бұл мәселе жылдам шешілер", - деді депутат. 

"Ақ жол" фракциясы Түркістан облысындағы аталған ауылдар мен мектептерге бүгінгі күнге дейін газ келмеу себебі, оған жауапты лауазымды, заңды тұлғаларды анықтап, олардың қандай жауапкершілікке тартылғаны жөнінде және бұл мәселе өз шешімін қашан табатыны туралы ақпарат беруді сұрады.

 

Жаңалықтар
0