Қоғам

Қазақтың болмысында 25-30%-ке дейін арийлік негіз сақталған – тарихшы

© Sputnik / Болат ШайхиновIV съезд молодежного крыла "Жас Отан"
IV съезд молодежного крыла Жас Отан - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан аумағы – көне ескерткішерге бай. Кеңес заманында тізімге іліккен 25 мың ескерткіш уақыт өте келе, мемлекет қарауы мен қамқорлығына алынды. Бүгінде олардың саны өсті

НҰР-СҰЛТАН, 2 қазан – Sputnik, Ләйла Еділ. Бұл ескерткіштер археологиялық, этнографиялық және тарихи тұрғыдан, жалпы әртүрлі сипатта жүйеленеді. Яғни, методологияға байланысты жүйесі де әртүрлі. Десек те, қаншама ғасыр бұрын бір емес, алуан мәдениетті бір арнаға тоғыстырған қазақ жеріндегі ежелгі тарихи ескерткіш-нысандарды этникалық тұрғыдан бөліп, жүйелеу мүмкін бе? Тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаев барлық ескерткішті, әсіресе, тарихи ескерткіштерді этникалық жағынан жүйелеу қиын деп есептейді.

Жамбыл Омарұлы, қазақ жері – қайталанбас ежелгі тарихы мен мәдениеті тоғысқан, сарқылмас сырға толы мекен. Күні бүгінге дейін тарихшылар мен археологтар ертеректе Қазақстан аумағын мекендеген өзге мәдениет өкілдерінің бай рухани-мәдени дамуын айқындайтын құнды тарихи және архитектуралық ескерткіш-нысандарының орнын тауып, сырын ашуға тырысып келеді. Десек те, археологиялық, этнографиялық, тарихи тұрғыдан ерекшеленетін ескерткіштерді этникалық тұрғыда жүйелеу не себепті қиын?

Себебі түрлі этникалық мәдениеттің бір-бірімен өзара үндесуі ұлт этногенезіне әсер етеді. Мәселен, Қазақстан жерінде қола дәуірінде екі үлкен этникалық топ болды. Бірі арийлер, батыс әдебиетінде оларды ариандықтар дейді. Сосын турлар, яғни тұран халықтары, кейде оғыздар деп те айтамыз. Олар негізінен түркі халықтары. Осы екі халық өздерінің шыққан түп тегін бір деп есептейді. Бірақ екі тілдік мәдени орта құрды. Арийлер кейін зороастризм дінін қабылдады, артынша, осы дінді қалыптастырды. Осылайша, олардың ескерткіштері сәл-пәл ерекшелене бастады.

Мәселен, Түркістанның жанындағы Күлтөбенің басында зороастризм заманындағы үлкен ғибадатхана жатыр. Қазір қазба жұмыстары жүргізілуде.

Ол діни жағынан ерекше храм болғанымен, арий халықтары қазақ жерін мекендегендіктен, қазақ этногенезінде үлкен орын алатындықтан және қазақтың этникалық-антропологиялық, тілдік болмысында арийлік негіз әлі күнге дейін 25-30% мөлшерінде сақталғандықтан, біз оларды бөтен, яғни басқа этнос деп айта алмаймыз.

Міне, осыны жете түсінбегендіктен, арий халықтары тек немістер немесе ирандықтар, сондай-ақ үнді арийлері деп бөлініп келді.

Бірақ қазіргі таңдағы біздің зерттеу жұмыстарымыз, әсіресе менің зерттеу жұмысым арий компонентінің қазақ этногенезінде, этникалық тарихында әлі де үлкен рөл атқаратынын көрсетеді. Яғни, біз антропология жағынан аралас өкілдерміз, біздің 25-30% еуропеидтік түріміз сол арийлерден қалған. Тілімізде де 25-30 пайызға дейін арийлік негіз бар.

Орта ғасырларда Жібек жолының дамуына байланысты Батыс Азиядан несториандар келгені белгілі. Олар да ұлт этногенезіне ықпал етті ғой...

Несториандар – христиан дінінен бөлініп кеткен бір секта, топ. Көбіне саудамен айналысқан. Олардың христиандықтан бөлінуінің өз себебі бар. Христиан дінінің негізгі догмасы бойынша, Иса пайғамбар Құдайдың баласы делінеді. Шешесі Мәриям бұл баланы Күннің нұры арқылы Құдайдан туды дейді. Ал несториандар бұған сенімсіздік танытқан. Міне, осыған байланысты және діни секта болғандықтан, олар шіркеуден аластатылып, қазақ жеріне, әсіресе, Моңғолиямен және Қытаймен шекаралас аймақтардағы сауда жақсы жүретін жерлерге келді.

Біртіндеп найман, керейлердің арасында үгіт-насихат жүргізіп, олардың бір бөлігін христиан дініне қаратты. Осы тұрғыдан келіп, біз наймандар бөтен этнос, керейлер бөтен этнос деп айтпаймыз ғой? Себебі, олар кейіннен қазақ халқының құрамына кірді. Міне, бұл мәселенің осындай нәзік тұсы бар.

Дегенмен, қазақ жерінде этникалық жағынан ерекшеленетін тарихи ескерткіштердің бар екенін ешкім жоққа шығара алмас. Оған ойрат қалмақтарының ескерткіштерін мысалға келтіре аламыз ба?

Әрине. Қазақстанда XVII ғасыр мен XVIII ғасырдың басында бой көтерген ойрат қалмақтарының ескерткіштері кездеседі. Кезінде қалмақтардың бір бөлігі буддизмнің ішіндегі ламаизм бағытын ұстанып, қазақ жері арқылы Еділ бойына өткен. Сол кезде жолшыбай бірнеше жерге ескерткіштер салған.  Соның бір мысалы, Семей қаласының негізі – жеті мұнаралы "Дархан-цорджи" деп аталатын ескерткіш тақта. Оның "Ертіс сүмбе" ("Эрчисын суме") деп айтылатын ескі атауы да бар. Олар бұл жерге қалмақ ламаизмі дінінің ғибадатханасын салған. Орыстар келгеннен кейін жеті мұнаралы құрылысқа қарап отырып, "Семь палат" деген атау пайда болған.

Сондай-ақ Қарқаралыдағы Кент, кейде Кент-Қазылық деп аталатын таулы жерде Қызыл кеніш аталатын ғибадатхана салынған. Оның құрылысы әлі де бар. Яғни, негізі сақталған. Бұл да қалмақ-ойрат ламаизімінің ескерткіші. Қызыл кеніш ғибадатханасы XVI-XVII ғасырлардан қалған архитектуралық жәдігер.

Оқи отырыңыз: Мәшһүр-Жүсіптің ұрпағы бабасының зиратын бұзғандардың аянышты тағдыры жайлы айтты

Бұған қоса орыс отаршылдығы басталғаннан кейін қазақ жерінде бірсыпыра ескерткіш, көбінесе храмдар, сәулет өнері ескерткіштері тұрғызылған. Бүгінде олардың біразы сақталса, біразы сақталмай, жермен жексен болған. Мәселен, Алматыдағы панфиловшылар саябағы деп аталатын жерде тұрған үлкен храмның негізі XX ғасырдың басында қаланған. Бұл жерді де орыстың этникалық-архитектуралық сипаттағы ерекше шешімі деп айтуға болады.

Әр жерлердегі осындай ежелгі, мәселен Ресей заманында салынған храмдарды этникалық жағынан бөлуге, ерекшелеуге болады. Алайда, Қазақстан аумағындағы бүкіл ескерткішті, әсіресе, тарихи ескерткіштерді  этникалық жағынан бөлу мүмкін емес.

Будда дінін қабылдағандардың түркі халықтарының бір өкілі екенін білеміз. Будда ғибадатханаларын салған қалмақтардың ескерткіштері туралы не айтар едіңіз?

Орта ғасырларда қазақ жеріне будда дінінің келуін, нәтижесінде будда ескерткіштерінің, храмдарының әр жерден, Сыр бойынан, Шығыс Қазақстан өлкесінен табылуын осы жәйтпен байланыстыруға болады. Будда дінін қабылдағандардың түркі халықтарының бір өкілдері екені рас. Будда храмдарын салған қалмақтардың өздері кейін қазақ арасына сіңіп кетті.

Қазір қазақтың арасында қалмақ аталатын шағын рулар көп. Олар кезінде қалмақ ғибадатханасында қызмет еткен адамдардың тұқымдары. Ал оңтүстіктегі отырықшы қоныстарда сарт дәстүрі дейміз бе, шартты түрде өзбек-сарт дәстүрі деп айтуға болатын дәстүр бар. Олар яғни, сарттар Қазақ хандығының құрамында болды.

Қазақтың байырғы отырықшылары деген де дұрыс. Осылардың өздерінің ғибадатханалары, ерекше қасиет тұтатын жерлері болады. Егер Қарнақ деген ауылға барсаңыз, имам Бахили дейтін жер, одан әрі қарай Үкаша ата деп аталатын кесене бар. Бұлар өзбек-сарт қауымдарының ежелгі ескерткіштері. Сарт қауымдарының зиярат ететін, құрмет көрсетіп, қасиетті деп санайтын жерлері. Мұндай ескерткіштер Оңтүстік аймақта толып жатыр. Алайда, ол жерлер бұрын да қазақ жері, Қазақ хандығының құрамында болған. Сондықтан, мұны сарт деп жазсаң да, өзбек деп жазсаң да, қазақтың байырғы отырықшыларының ескерткіштері болып есептеледі.

Оқи отырыңыз: Қазақты "номад" деп атау ұлттық тарихты қорлау ма?

Бір атап өтерлігі, отырықшылар ескерткіштерінің өз ерекшеліктері бар. Олар далалық архитектурадан бөлек. Негізінен, ерте орта ғасырларда салынған ескерткіштер Шыңғысхан дәуірінде де болған. Кейін Жібек жолы әлсіреген уақытта олар өмір сүруін тоқтатты. Бірақ ол жерлер де түркі тайпаларының, біздің ата-бабаларымыздың қоныстары. Ендеше оны басқа халықтікі деп бөле алмайсың. Белгілі бір аймаққа келгенде дінмен бірге өзге халық келмейді, олардың өкілдері, яғни миссионерлер ғана келеді.

Сосын жергілікті халықпен тіл табысып, сауда арқылы, сыйлық беру арқылы сол дінге ақырындап-ақырындап үгіттейді немесе бейімдейді. Мәселен, Ислам діні кезінде бізге арабтар, дәлірек айтқанда олардың миссионерлері арқылы келді. Бұл белгілі бір дәрежеде ұлт этногенезіне әсер етті. Бірақ, халық ауыспайды. Осыған сәйкес ежелгі ескерткіштерді этникалық жағынан толықтай бөліп көрсете алмайсың. Ал кейінгілерді жүйелеуге болады.

Жаңалықтар
0