АЛМАТЫ, 1 қазан – Sputnik. Қазанда Қазақстанның солтүстігі мен орталық өңірлерінде күн суық болады, жаңбыр жауып, қарға ұласуы мүмкін, деп хабарлады Қазгидромет синоптиктері.
"Қазан айында Қазақстанның солтүстік-шығыс, орталық, оңтүстік-шығыс өңірлеріне суық арктикалық ауа массалары келеді де Жерорта теңізінің шығыс жағалауынан еліміздің оңтүстік-батысына қарай жылы ауа массасы жылжиды. Соның нәтижесінде орташа айлық ауа температурасы республиканың басым бөлігінде климаттық норма шамасында болады. Қазақстанның оңтүстік-батыс жартысында нормадан 1°С жоғары, еліміздің солтүстік-шығыс бөлігінде нормадан 1°С төмен болады", - делінген синоптиктер болжамында.
Жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде нормаға жуық болады, еліміздің солтүстік-шығыс жартысында және Алматы облысының шығысында нормадан жоғары болады деген болжам жасалды.
"Алдағы күндері республиканың басым бөлігінде құрғақ және шуақты ауа райы болады", - деді мамандар.
Қазақстанның солтүстігінде ауа температурасы түнде -2...+7°С, күндіз ауа біртіндеп +12...+20°С-қа дейін жылынады. Ал оңтүстік өңір мен батыс аймақта түнде +5...+13°С, күндіз +17...+25°С болады.
5 қазаннан бастап Солтүстік циклонмен және арктикалық атмосфералық фронттардың әсерінен жауын-шашын түседі.
"Солтүстікте жаңбырдың соңы ылғалды қарға ұласуы мүмкін. Тұман түсіп, желдің екпіні 15-23 м/с дейін күшейеді. Күндіз жауын-шашын тоқтап, түнде суық болады. Сондай-ақ, желсіз ашық ауа райы сақталады. Тек, еліміздің батысы мен оңтүстік-батысында жауын-шашын түспейді", - дейді Қазгидромет мамандары.
Алғашқы онкүндіктегі ауа температурасы
Қазан айында ауа райы республика бойынша төмендегідей негізде құбылмалы болады деп болжануда:
- батыс өңірде түнде 0...+5°С дейін, күндіз +12...+17°С дейін;
- солтүстікте, солтүстік-батыста, орталықта және шығыста кезеңнің ортасында және соңында түнде -1...-8°С дейін, күндіз 0...+7°С дейін;
- оңтүстікте, оңтүстік-шығыста онкүндіктің соңында түнде 0...+5°С дейін, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда 3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін, күндіз +7...+12°С дейін;
- оңтүстік-батыста онкүндіктің ортасында түнде +5...+12°С дейін, күндіз +15...+20°С дейін ауа температурасы төмендейді.
Алғашқы онкүндіктің соңында ауа температурасы алдымен Қазақстанның батысында, содан кейін республиканың қалған аумағында көтеріледі.
Қазанның екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Оңтүстік және батыс өңірлерде жаңбыр жауады, солтүстік, орталық, шығыс өңірлерде, оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жауын-шашын түсіп, соңы ылғалды қарға ауысады.
Кей күндері жылу толқыны әсерінен республиканың оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтанда күндіз ауа температурасы +15...+25°С дейін, солтүстікте, орталықта және шығыста +10...+20°С дейін жылынуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: "Болжамдар нақты емес": Қазгидромет директоры синоптиктерге айтылған сынға жауап берді
Ал суық толқын әсерінен ауа температурасы елдің солтүстік-батысы мен солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде түнде -1...-10°С дейін, күндіз 0...+5°С дейін, оңтүстік және оңтүстік-батыс жартысында түнде -5...+5°С дейін, күндіз +2...+10°С дейін төмендеуі мүмкін.