АЛМАТЫ, 29 қыркүйек – Sputnik. Nur Otan праймеризіне қатысып жатқан 734 кандидат тіркеуден шығарылды, оның ішінде 668 адам өз еркімен шықты. Бұл туралы партия хатшысы Әлібек Әлденей мәлімдеді.
Оның айтуынша, праймериз өткізу ережелері мен партияның басқа да ішкі нормаларына қайшы келетін әрекет үшін қатаң шара қолданылып, келеңсіздікке жол берген үміткерлер партияішілік іріктеуден шығарылып жатыр.
"29 қыркүйекке дейін 734 үміткер тіркеуден шығарылды. Оның ішінде 668 адам өз еркімен шықты. Аймақтық ұйымдастыру комитеттерінің шешімімен 64 үміткердің өтініші күшін жойды. Олардың 27-сі дебатқа қатысудан бас тартқан. Төртеуі партия жарғысы мен әділ саяси бәсекенің талаптарына қайшы келетін әрекеттері үшін шығарылса, тағы 33 кандидат бойынша бастауыш партия ұйымдары өтініштерін кері қайтарып алды", – деп жазды ол Facebook парақшасында.
Қазіргі уақытта 11 249 адам өтініш берді, оның ішінде 10 235 кандидат тіркелді.
Әлденей барлық арыз-шағымға және заң бұзушылықтарға мониторинг жасап, оларға жедел түрде тиісті шара қолданылып жатқанын айтты.
Оқи отырыңыз: Nur Otan праймериз қарсаңында өрескел тәртіп бұзушылықтарды анықтады
Nur Otan хатшысы қандай да бір тәртіп бұзу фактісіне куә болған жағдайда "Nur Otan" партиялық бақылау органдарына хабарлауды сұрады. Сондай-ақ, 8 (800) 080 4441 телефонына хабарласып (хабарласу тегін) немесе komek@nurotan.kz электронды поштасына хат жолдауға болады.
Nur Otan праймеризі
1 қазаннан (00.00) және 3 қазанға (14.00) дейін мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды түрде дауыс беруді өткізу жоспарланып отыр.
Дауыс берудің соңғы күні (3 қазан) бастауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылды. Интернет жоқ елді мекендерде қағаз бюллетеньдер бойынша дауыс бере алады.
Праймериз қорытындысы 5 қазанда жарияланады.
Nur Otan праймеризі партия көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет жалпыреспубликалық партияішілік сайлау ауқымында өтеді.