Қоғам

"Қасқыр ұстайтын бүркіт те бар": 14 жасар құсбегі ата кәсібі жайлы айтып берді

© Sputnik / Тимур БатыршинЖас бүркітші Ерсұлтан Жұмағұл
Жас бүркітші Ерсұлтан Жұмағұл - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әрбір бүркітшінің жыртқыш құсты баптауда өзіндік әдіс-тәсілі бар. Олар ұлттық дәстүрді сақтап қалу үшін құпияларымен бөлісуге дайын

АЛМАТЫ, 27 қыркүйек – Sputnik, Тимур Ниталиев, Айгерім Таубай. Он төрт жастағы бүркітші Ерсұлтан Жұмағұл жастығына қарамай, бүркіт баптап, аң аулауды меңгерген. Ол тіпті осы істе шәкірт тәрбиелейді.

Жасөспірім Алматы облысындағы "Қыран" ұлттық аң аулау этномәдени орталығының шеберлік сабақтарына қатысып жүр. Бұл орталық Алматыдан 70 шақырым жерде Төле би ауылының маңында ашылды. Мұнда қазақ қолөнеріне, аң аулауға және дәстүрді үйретеді.

© Sputnik / Тимур БатыршинАлматы облысында Ұлттық аңшылық этномәдени орталығы ашылды.
Қасқыр ұстайтын бүркіт те бар: 14 жасар құсбегі ата кәсібі жайлы айтып берді - Sputnik Қазақстан
Алматы облысында Ұлттық аңшылық этномәдени орталығы ашылды.

Жаңа этноорталықта Ерсұлтан Жұмағұл әкесіне көмектесіп, осы күрделі кәсіпті меңгергісі келетіндерді баулиды. Ол – "Қыран" орталығындағы ең жас бүркітші.

Оның бүркітті қалай үйретуге және құспен қалай тез тіл табысуға болатыны жайлы өз құпия тәсілдері бар. Қазақтар ерте заманнан бері құсты аң аулауға машықтағанымен, бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Отбасылық дәстүр

"Он жасымнан бері аң аулаумен айналысып келемін. Бұл кәсіп біздің отбасыда дәстүр болып қалыптасып кеткен, яғни әкеден балаға беріледі. Менің атамның атасы да бүркітші болған. Бүркітімнің аты – Дауыл. Әдетте ол түлкі, шибөрі, қоян аулайды. Оның ішінде жабайы қоянды алу қиынға соғады, тек мықты бүркіттер ғана ұстай алады. Жүректі бүркіт болса, тіпті қасқыр ұстайды. Кейбірі ұстап тұрып, жібере салады, жүрегі шыдамайды", - дейді Ерсұлтан.

Аң аулау науқаны қыста басталады, ол кезең қыс біткенше жалғасады. Бүркітшінің айтуынша, олар аң аулауға жиі-жиі шығуға тырысады. Себебі, күнделікті бүркіттің тамағын тауып беру де оңай іс емес. Ерсұлтанның үйінде үш бүркіт бар, оның әрқайсысы күн сайын жарты келі ет жейді. Ал аулап алған түлкі бір бүркітке екі апталық азық болады.

© Sputnik / Тимур БатыршинОрталықтағы жаттықтырушылар туристерді көптеп тартуды жоспарлап отыр, осылайша ежелгі қазақ дәстүрлерін жандандырғысы келеді.
Қасқыр ұстайтын бүркіт те бар: 14 жасар құсбегі ата кәсібі жайлы айтып берді - Sputnik Қазақстан
Орталықтағы жаттықтырушылар туристерді көптеп тартуды жоспарлап отыр, осылайша ежелгі қазақ дәстүрлерін жандандырғысы келеді.

Ерсұлтан бүркіттерді асыл және ақылды жаратылыс деп санайды. Аңызға сүйенсек, жыртқыш құстың жемтігі бір кездері бүкіл ауылды асыраған. Сондықтан болар еліміздің көк байрағында еркін және тәуелсіз Қазақстанның нышаны ретінде ұшып бара жатқан бүркіт бейнеленген.

Жас бүркітшінің айтуынша, құс иесінің айтқанын екі етпей орындауы үшін онымен көп уақыт өткізу керек.

"Бірде әкем екеуміз аңға шықтық, әркімнің қолында өз бүркіті болды. Содан алдымыздан елік көріп қалдық. Сонда екі бүркіт бір-біріне емес, бірлесе елікке бас салды", - дейді ол.

Заманауи технологияны қолданады

Аңшылардың тобында тәжірибелі бүркітші бүркітші Руслан Абулов та бар. Ол бұл кәсіппен 20 жылдан бері айналысып келеді, тіпті жұмысында заманауи технологияны да қолданады.

© Sputnik / Тимур БатыршинБүркітші Руслан Абылов бұл кәсіппен жиырма жылдан бері айналысып келеді.
Қасқыр ұстайтын бүркіт те бар: 14 жасар құсбегі ата кәсібі жайлы айтып берді - Sputnik Қазақстан
Бүркітші Руслан Абылов бұл кәсіппен жиырма жылдан бері айналысып келеді.

Бүркітші аң аулауда философия бар деп санайды. Ол көп жағдайда сұңқар тектес құстарды баптайды.

"Бүркіт – ең ақылды жыртқыш құс. Менің сұңқарларым мен бүркіттерім бірнеше жылдан бері менімен бірге тұрады. Бір-бірімізді сеземіз. Аңшылық – бұл жеке идеология, адамның өзін тәрбиелеуі", - деп атап өтті бүркітші.

Русланның айтуынша, ол үнемі құстарын алып, жазық далаға кетіп, сол жақта шатырда тұрады. Ол қазіргі заманда ерекше хоббиі бар адамға өмірлік серік табудың қиын екенін айтады. Осылай деген бүркітші өзімен бірдей ойлайтын адамды жолықтырғысы келеді.

Руслан жаттығу және аң аулау кезінде аспанда басқа құстардың, әсіресе көгершіндердің болмауын алдын ала бақылау қажет екенін айтты.

"Бүркіт басқа құстың соңынан ұшып кетуі мүмкін. Тіпті, біраз жерге дейін ұшып, шаршап, қайтып келеді. Ең жаманы, саяжайға ұшып барып, тіпті біреуге шабуылдауы да мүмкін. Иттерден зардап шегуі де ғажап емес", - деді Руслан.

Бүркітті босатпас бұрын аңшы оның құйрығына радио таратқышты бекітеді. Сол арқылы иесі құстың орналасқан жерін бақылай алады және оны жоғалтпайды.

Жаттығу жұмыстары бүркіттің басынан жемді айналдырып, құстың дауысын салумен басталады. Жыртқыш құс иесінің дауысына қарай қозғалып, жоғары көтеріледі. Содан кейін жіптің екінші жағына байланған жемтікті алады.

Қас қағым сәтте жыртқыш құс жемтігін алады. Мұндай әдіс күніне бірнеше рет жасалады, ал жаттығулар күн сайын өткізіледі. Жаттығу аяқталған соң бүркітші құсқа сый ретінде балғын ет береді.

Руслан Абулов жыртқыш құстарды баптау кезінде заманауи технологияны – дрондар мен олжаның электронды имитациясын қолданатынын айтты. Бұл бүркіттер мен сұңқарларға жоғары көтерілуді үйренуге және жыртқышқа жылдамырақ тап беруге мүмкіндік береді.

Дәстүрді жаңғырту

1998 жылы құрылған қазақстандық "Қыран" ұлттық аңшылық федерациясының негізін қалаушы Дидар Бөдес жаңа этникалық орталықтың екі мақсаты бар екенін айтады: Қазақстанға шетелдік туристерді тарту және барлық тілек білдірушілерді дәстүрлі аңшылық кәсібіне үйрету.

© Sputnik / Тимур БатыршинСадақ ату шебері ат үстінде қалай дұрыс аң аулау керек екенін көрсетті.
Қасқыр ұстайтын бүркіт те бар: 14 жасар құсбегі ата кәсібі жайлы айтып берді - Sputnik Қазақстан
Садақ ату шебері ат үстінде қалай дұрыс аң аулау керек екенін көрсетті.

"Қолөнерді, аңшылықты, қазақ тілін үйретіп, ұлттық тағамдармен таныстыратын боламыз. Орталықта аң аулаудың ежелгі түрлерін – ат үстінде садақ атуды және жыртқыш құстармен аң аулауды үйретеміз. Біз құстардың қалай тамақтанатынын, оларды қалай тәрбиелеу керек екенін айтамыз", - деді ол.

Бұл салаға үйрету кешенді түрде өтеді, ол үшін қазір арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Айта кетейік, ұйымдастырушылар үйренуге ниетті әрбір жанға жеке-жеке қызмет көрсетуге бейілді.

Оқи отырыңыз: Көшпенділер ойынында қазақстандық бүркіт дүйім жұртты тәнті етті - видео

Орталық жаттықтырушыларының айтуынша, шетелдік туристер Қазақстанның ежелгі дәстүрлерінің өзіндік ерекшелігіне көбірек көңіл бөліп келеді. Олар киіз үйде тұруға, ұлттық тағамдардың дәмін көріп, жергілікті тұрғындардың мәдени мұрасымен танысуға құмар.

"Қыран" федерациясының президенті Нұрлан Өнербайдың айтуынша, бұл сала басқа өнермен салыстырғанда қарқынды дамып келеді. Соған сай қызығушылық та артқан.

"Біздің алдымызда бұл мұраны ұрпағымызға жеткізу мақсаты тұр. Құндылықтарымызды насихаттауымыз қажет. Нақ осы өнер бізді ерекшелеп тұрады", - деді "Қыран" федерациясының президенті.

Федерация көптеген жылдан бері жыртқыш құстармен аң аулау өнерін жас ұрпаққа көрсетумен айналысып келеді.

Жаңалықтар
0