Қоғам

Елімізде 400 мың жұмыс орны құрылса, 300 мыңы жабылып жатады – министр

© Sputnik / Руслан Кривобок / Медиабанкке өтуЯрмарка вакансий, архивное фото
Ярмарка вакансий, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министрдің айтуынша, болашақта жұмыс орындарының жыл сайынғы өсімін көбейтпесе, жұмыссыздық азаймайды

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. 2022 жылдан бастап жаңа ашылған жұмыс орындары халықты жұмыспен қамту үшін жеткіліксіз болады. Осылайша, 2025 жылға қарай жұмыс орындарының тапшылығы 87 мыңға дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрлік мамандары алдағы бес жылға талдау жасағанын айтып отыр. Олар жастардың еңбек нарығына жыл сайынғы ағыны 2025 жылға қарай 256 мың адамға дейін өседі деп болжайды. Ал еңбекке қабілетті халықтың жалпы саны 12,1 миллионға жетеді.

"Егер де тиісті шаралар қабылданбаса, 2022 жылдан бастап жұмыс орындарын ашу өсімі халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болады. Сөйтіп, 2025 жылға қарай тапшылық 87 мыңға дейін өсуі мүмкін. Сол себепті алдағы кезеңде қосымша жұмыс орындарын құру қажеттігі күрт артып отыр", – деді Нұрымбетов мәжілістегі үкімет сағатында.

Айтуынша, қазір жаңадан ашылатын жұмыс орындары еңбек нарығына келетін адамдарды жұмыспен қамтуға жетеді. Бірақ болашақта жұмыс орындарының жыл сайынғы өсімін көбейтпесе, жұмыссыздық азаймайды.

"Елімізде 400 мыңдай жұмыс орны құрылады дейміз. Бірақ 300 мыңы жабылып жатады. Сондықтан өсім жүз мыңдай ғана. Ал еңбек нарығына жыл сайын 600 мыңға жуық адам кірсе, 500 мыңы шығады. Бұл жерде де өсім 100 мың. Яғни, қазір жаңа жұмыс орындарының өсімі мен жаңа жұмыс күшінің өсімі, екеуі бір-бірін жауып отыр. Алдағы уақытта егер жұмыс орындары осы қарқынмен құрылатын болса, еңбек нарығына келіп жатқан жаңа адамдарды жұмыспен қамтамасыз ете алмаймыз", – деді министр.

Оқи отырыңыз: Депутат жұмыспен қамту орталықтарының былығын әшкереледі

Сондықтан қазіргі мақсат жыл сайын 400 мың емес, 700 мың жұмыс орнын ашу. Олай болмаған жағдайда, жұмыспен қамту шаралары жұмыссыздық деңгейін қазіргі 5 процент шамасында сақтап қалуға ғана жұмсалады, деп толықтырды ведомство басшысы.

Жаңалықтар
0