Қоғам

Денсаулық сақтау министрлігінде тегін жұмыс істеймін – Бағдат Қожахметов

© Photo : Служба центральных коммуникаций Багдат Кожахметов
Багдат Кожахметов  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі телеарнаға басшы болып тұрған кезде жағдайының жақсы болғанын, 10 мың доллар шамасында жалақы алғанын айтты

АЛМАТЫ, 4 қыркүйек – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Talk Like бағдарламасына берген сұхбатында "31" арнадан не себепті кеткенін, коронавирус індеті өршіп тұрған кезде неліктен министрліктің ресми өкілі болуға шешім қабылдағанын, отбасы және президенттің қазақша сөйлеуіне, депутаттардың жұмысына деген пікірін айтты.

Қожахметов "31" арнадан неге кетті?

Айтуынша, медиа саласында жүргеніне 28 жыл болған, оның 20 жылын телевизияға арнаған.

"31" арнаға жеті жыл басшы болдым. Сол жерде жұмыс істеп отыра берсем болатын еді. Бір қарасам, мен басқарып отырған телеарна динозавр сияқты көрінді. Жартастан түсейін деп тұрған кезең екен. Алдағы 5-10 жылда жалпы телевизия құрып кетпесе де, аттың басын жоққа бұрған индустрия ғой, сондықтан әрі қарай динозаврды басқарғым келмей қалды. Содан көңілім қалды", - дейді Қожахметов.

Телеарнаға басшы болып тұрған кезде жағдайының жақсы болғанын, 10 мың доллар шамасында жалақы алғанын айтты.

"Жақсы төледі, себебі көрсеткіштер жақсы болды, арна екінші орында тұрды. Содан өмірімде бірдеңені өзгерту керек деген ойға келдім. Ол кезде жасым 45-те, бұл ер адамның ең соңғы мүмкіндігі шығар. Сол мүмкіндікті пайдаландым да, кетіп қалдым. Жақсы жұмыс істеп отырған адамды кім қуады?", - дейді ол.

Сұхбат барысында жары Салтанат Қалиеваның "31" арнада "Ұят емес" бағдарламасын жүргізгеніне қатысты пікір білдірді. Айтуынша, Қалиеваға бұл бағдарламаның тізгінін ұстату туралы ұсынысты аутсорсинг компания тастаған. Одан кейін телеарна құрылтайшылары сараптама жүргізіп, шешім шығарған.

"Көрермендер сұраған жоқ. Бұл хабарды аутсорсинг компания жасады, жүргізушіні де өздері таңдады. Мен басында қарсы болдым, себебі жарын эфирге отырғызып қойыпты деген әңгіме болады. Қызметін пайдаланып әйелін эфирге отырғызды деп әріптестерім де айтатын еді. Құрылтайшыларға хабарласып, менің әйелімді жүргізуші ретінде таңдап отырғанын айттым. "Иә" десеңіздер қалады, "жоқ" десеңіздер алып тастаймыз дедім. Олар қалсын деді. Өте озғыр, хабарды жақсы жүргізетінін, Қазақстанның ТОП-5 жүргізуші әйелінің қатарына кіретінін айтып, сондай шешім қабылдады", - дейді Қожахметов.

Оқи отырыңыз: Министрлік өкілі вакцинаны кімдер өз ақшасына салдыратынын мәлімдеді 

Айтуынша, басшы болған адамның көп уақыты жұмысқа арналады. Сол себепті басшы адамның жары болу әйелдің соры шығар дейді.

"Көпшіліктің алдында жүрген соң неше түрлі жағдай болады. Қай жерде шын, қай жердің өтірік екенін ажырата алмай қаласың. Досың қайсы, қасың қайсы білмейсің. Жарың, балаларың, ата-анаң сол саясаттың құрбаны болып кетуі мүмкін", - дейді ол.

"Abai" арнасы қаншалықты керек

Сонымен қатар Бағдат Қожахметов елде дағдарыс болып жатқанда бір телеарнаның жабылып, басқа екі телеарнаның ашылғанын әлі күнге дейін түсінбейтінін айтты. Тіпті экономикалық жағдайды ескеріп, арнаның ашылуына қарсы екенін де жасырмады.

"Экономиканың құлдырауынан "Tamasha" арнасы жабылып жатыр деген ойға келдім, содан біраз уақыт өткен соң екі телеарна ашылатыны айтылды. Елде ақша жоқ болса, телеарна жабылып жатса, қалай жаңа телеарна ашылады деп ойладым. Ол сұраққа әлі жауап таппадым. Қазақтың ұлы тұлғасының есімін пайдаланып, есімі беріліп құрылған кез келген нәрсеге қарсы емеспін. Бірақ қазіргі уақытта телеарна ашылғаны қаншалықты керек?", - дейді Қожахметов.

Тегін жұмыс істейді

Ал өзінің денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі болуы өмірдегі ұстанымына байланысты қабылданған шешім екенін алға тартты.

"Министр Цой немесе ертең басқа кісі болуы мүмкін, әңгіме ол жайлы емес. Жалпы медицина саласы туралы болып отыр. Медицина саласындағы мамандар бұған дейін жақсы жұмыс істемесе, мен өліп қалатын едім. Дәрігерлер мені үш рет аман алып қалды. Соларға деген азаматтық-адами борышымды өтеуге бардым. Неге мемлекет пен қоғамның арасында қарым-қатынас, байланыс төмендеп кетті? Екеуін қосып тұратын көпір бұзылды ма, осыған жауап беру үшін бардым", - дейді ол.

Бұл мақсатына алдағы алты ай ішінде қол жеткізетініне сенімді. Айтуынша, ресми өкіл ретінде министрлікте ақысыз жұмыс істейді.

"Нұр-Сұлтан қаласында маған үй жалдап алатын қаражат пен сол жерде таксимен жүретін қаражатты министрліктің бір компаниялары өтеп береді", - деді ол.

Айтуынша, Қазақстанда денсаулық сақтау саласына басқа мемлекеттермен салыстырғанда ақша аз бөлінеді. Сол себепті коронавирус пандемиясы кезінде бұл салаға қомақты қаржы бөлінді. Ал оған дейін жүйе дайын болмаған, жеткілікті деңгейде қаражат салынбаған.

"Қазір қаражаттың бәрі бөлініп жатыр. Жағдай қиындаған кезде медицина саласына көңіл бөлу керек екенін түсінді", - дейді ол.

 "Депутат болғым келеді"

Сұхбат барысында Қожахметов президенттің қазақшасына, депутаттардың жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.

"Көңілім толмайды. Президентке қоса тағы да бірнеше мемлекеттік қызметкер бар. Олар ана тілінде дұрыс деңгейде сөйлемейді. Мен де тіл шебері, шешені емеспін. Бірақ акцентсіз сөйлеуге тырысамын, кітап оқимын", - дейді денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі.

Сондай-ақ, Тоқаевтың қазақшасы орташа екенін айтып, үш пен төрттің ортасы деген баға қойды.

"Қазіргі депутаттарды айтар болсақ, бізде 100-ден астам мәжіліс депутаты бар, індеттің кезінде Смирнова деген депутаттың ғана аты шығып жүр. Ол алып жүрген 1 миллион теңге жалақысын ақтап отыр. Қалған 99% депуттар қайда, олар үңгірге кіріп, тыныш отыр. Бұл шешімді 50-ге жақындаған кезде, принциптерім қалыптасқан кезде қабылдадым. Депутат болғым келеді. Билікті өзгерту үшін барғым келеді. Жүйені өзгерту үшін өмірге деген көзқарсы бірдей бір топ керек", - деді Бағдат Қожахметов.

Айтуынша, праймериздің арқасында Nur Otan партиясына осындай бір топ жиналады.

Жаңалықтар
0