19:50 28 Қазан 2020
Тікелей эфир
  • USD429.75
  • EUR507.45
  • RUB5.61
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
Төтенше жағдай және карантин (675)
7571 0 0

Шалғай ауылдарда тұратын оқушылар дәстүрлі форматта оқиды, бастауыш сыныптар үшін мектептерде кезекші сыныптар ашылады, бала саны 15-тен аспауы тиіс

НҰР-СҰЛТАН, 26 тамыз – Sputnik. Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанда 2020-2021 оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталады. Жазғы демалыстың аяқталуына санаулы күндер қалды. Осыған орай Sputnik Қазақстан жаңа оқу жылындағы өзгерістерге шолу жасады.

Жаңа оқу жылында республиканың 7391 мектебінде 3,3 миллионнан астам бала білім алады. 396 мыңнан аса бүлдіршін бірінші сыныпқа барады.

1 қыркүйек – Білім күні. Карантинге байланысты мектептерде оқу жылының басталуына арналған шаралар онлайн өтеді. Балалар мектепке бармайды, шараға байланыс құралдары арқылы қатысады.

Кімдер мектепке барып оқиды

Шалғай ауылдарда оқушы саны аз шағын мектептерде сабақ дәстүрлі форматта өтеді. Балалар мектепке барып оқиды. Қазақстанда шағын жинақты мектептерде білім алатындар саны оқушылардың жалпы санының 4%-ін ғана (127 мың бала) құрайды. Барлығы мұндай 1934 білім ошағы бар.

Бұдан бөлек, ата-аналардың өтінішімен 1-4 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылады.

Кезекші сыныпта созылмалы ауруы жоқ балалар ғана білім алады. Бір сыныпта оқушылар саны 15 баладан аспауы тиіс. Әр сабақ 40 минутқа созылады.

Жуырда Sputnik Қазақстан Нұр-Сұлтандағы №76 мектеп-лицейіне барып, кезекші сыныптардың дайындығымен танысқан еді.

Мектеп директоры Сафура Сейдуәліқызының айтуынша, бастауыш сыныптар аптасына үш күн – дүйсенбі, сәрсенбі мен жұма күндері мектепте білім алады. Ал сейсенбі мен бейсенбіде үйден оқиды.

"Кезекші сыныптарда барлық пән оқытылмайды. Негізгі пәндер ғана болады және мектепте төрт сабақтан артық қойылмауы керек. Математика, сауат ашу, дүниетану мен жаратылыстану пәндері кезекші топта, ал орыс тілі, ағылшын тілі, өзін-өзі тану, көркем еңбек сияқты пәндер қашықтан оқытылады", - деді ол.

Мектепте оқушының дене қызуы көтерілсе, оны арнайы бөлмеге оқшаулайды. Сосын ата-анасы мен жедел жәрдемді шақыртады.

Оқушылар қандай талаптарды сақтауы тиіс

Мектепке барып оқитын балалар міндетті түрде маска тағады. Ал медициналық қолғап кию міндетті емес.

Жеке қорғаныш құралдарын әр ата-ана өз ақшасына сатып алады. Өйткені ел қазынасында оқушыларды бетпердемен тегін қамтамасыз етуге қаржы қарастырылмаған. Бұл туралы 24 тамызда онлайн баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтқан еді. Бірақ, ол бұл ұсынысты ведомство басшылығына жеткізуге уәде берді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда кімдерге алғаш рет 830 мың теңгеден төленетіні белгілі болды

Мектепке кіреберісте мұғалімдер мен оқушылардың дене қызуы күн сайын өлшенеді. Әрбір екінші сабақтан кейін сыныптарда және әр үзіліс сайын дәліздерде ылғалды тазарту жұмыстары жүргізіледі. Үзіліс әр сыныпқа әртүрлі уақытта беріледі. Мектептерде аяқ киімді зарарсыздандыруға арналған кілемшелер төселіп, санитайзерлер орнатылады.

Мектеп асханасы мен буфет уақытша жабылады.

Ата-аналар мектепке кіргізілмейді: олар баланы мектепке дейін әкеліп, сабақ аяқталған соң алып кетеді.

Егер оқушылар мен мұғалімдер арасында коронавируспен ауыратын науқастар анықталса, мектептер қайтадан карантинге жабылуы мүмкін.

Мектеп формасына қатысты өзгеріс

Білім және ғылым министрінің бұйрығына мектеп формасына қатысты уақытша өзгеріс енгізілді. Бұл төтенше жағдай және карантиндік шектеулермен байланысты. Оған сәйкес, ата-ана жаңа оқу жылында баласын мектепке қалай киіндіріп жіберетінін өзі шешеді.

Ал, жалпы, мектеп формасына қойылатын талаптар жойылмайды.

"Оқушы білім беру мекемелерінде бекітілген мектеп формасын кимей, таза классикалық киіммен келе алады. Бірақ мектеп формасы қала береді, оны ешкім алып тастап отырған жоқ", - деді білім министрі Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, карантин аяқталғаннан кейін оқушыларды ешкім мектеп формасын киіп келуге міндеттемейді.

"Мысалы, биыл бірінші тоқсаннан кейін дәстүрлі форматқа көшетін болсақ, ата-аналарды мектеп формасын сатып алуға ешкім міндеттемейді", - деп сендірді ол.

Оқушыларды бағалау

Карантин жағдайында 1-11 (12) сыныптарда оқу жетістіктерін бағалау жүйесі де уақытша өзгерді.

Жаңа оқу жылында тоқсан сайын бөлім үшін 1 жиынтық жұмыс және тоқсан үшін 1 жиынтық жұмыс жүргізіледі. Тоқсандық баға күнделікті бағалау, БЖБ және ТЖБ көрсеткіштері негізінде қойылады.

Тағы оқыңыз: Білім министрі мектебін сағынып жүрген Нұрисламға жауап берді

Сонымен бірге, қашықтан оқыту кезінде оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді.

"Мұғалім оқу тапсырмаларын жариялайды. Яғни, биыл әдеттегі үй тапсырмасы болмайды. Kundelik.kz платформасында бір оқу тапсырмасы орналастырылады", - деп түсіндірді білім министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Майра Мелдебекова.

"Балапан" және "Ел-Арна" телеарналарында дүйсенбі мен жұма аралығында телесабақтар көрсетіледі. Әрбір мектеп қашықтан оқытуды ұйымдастыруға негіз болатын интернет платформаны өзі таңдайды.

Елордалық балаларға 40 мың теңгеден беріледі

Биыл Нұр-Сұлтанда әр оқушыға мектепке қажетті заттарды алу үшін 40 мың теңгеден беріледі. Ақша атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, жетім балаларға және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға "Всеобуч Қамқор" электронды жүйесі арқылы үлестіріледі. Жалпы алғанда, 17 мың оқушыға қаржылай көмек көрсетіледі. Мәселен, егер бір отбасында 4 бала болса, онда 160 мың теңге түседі.

Бұл мақсатқа бюджеттен 680 миллион теңге бөлінген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда, екі есе көп.

Бұдан бөлек, әкімдік тұрмысы төмен отбасыларда тәрбиеленетін оқушыларға ноутбук, роутер сатып әпермек.

Жалпы, Қазақстан бойынша мұқтаж отбасыларға 500 мыңға жуық компьютер таратылады.  

Демалыс кестесі

Білім министрлігі оқушылардың демалысы пандемияға байланысты өзгермейтінін мәлімдеді. 

1-11 (12) сыныптар:

  • күзгі каникул – 10 күн (5-14 қараша);
  • қысқы – 11 күн (31 желтоқсан-10 қаңтар);
  • көктемгі демалыс – 12 күн (20-31 наурыз);

1-сыныптарда: қосымша демалыс – 7 күн (8-14 ақпан).

Тақырып:
Төтенше жағдай және карантин (675)

Тақырып бойынша

Мұғалімдер мен оқушылар арнайы тарифке қанша төлейтіні белгілі болды
Қашықтан оқыту: мұғалімдер мен оқушылар арнайы тарифпен сөйлеседі
25 тамыздан бастап оқушылар бірыңғай сабақтарға қатысады - білім министрлігі
Білім басқармасы оқушылар 1 қыркүйектен бастап қалай оқитынын айтты
Кілт сөздер:
коронавирус, карантин, оқушылар
Загрузка...

Басты тақырып