НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. Nur Otan партиясы праймериз өткізу кезіндегі санитарлық нормаларды белгіледі.
Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек хабарлағандай, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетовамен бірге праймериз өткізу кезінде арнайы санитарлық-эпидемиологиялық талаптар енгізу туралы қаулы қабылданды.
"Бәріміз үшін ең алдымен азаматтарымыздың денсаулығы мен амандығы маңызды", - деп жазды Байбек Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, талаптарды барлық ұйымдастыру комитеттері, кандидаттар мен дауыс берушілер басшылыққа алуы тиіс.
Nur Otan праймеризінің санитарлық нормалары
- Партияішілік іріктеуге қатысушылар маскаларды, қолғаптарды, зарарсыздандыру құралдарын пайдалануға, кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтауға, қол алысып амандаспауға және басқа да сақтық шараларын ұстануға міндетті;
- Барлық іске қосылған үй-жайларда санитайзерлердің, байланыссыз термометрлердің қажетті мөлшері қамтамасыз етіледі, зарарсыздандырғыш құралдар пайдаланыла отырып, тұрақты түрде ылғалды тазалау жұмыстары жүргізіледі және кемінде тәулігіне 2 рет желдетіледі;
- Үгіт барысында флаерлар мен буклеттерді тек маска тағып, қолғап киіп қана тарату қажет;
- Кандидаттардың партия мүшелерімен кездесулері әлеуметтік желілерде бейнеконференция арқылы, ашық алаңдарда немесе желдетілетін үй-жайларда қатысушылар арасындағы қашықтықты сақтап, маска таға отырып өтуі мүмкін;
- Кандидаттардың жария дебаттары 1224 объектіде онлайн-форматта және әлеуметтік аралықты сақтай отырып өткізілуі тиіс;
- 2545 дауыс беру учаскесінде кабиналар мен урналар, сондай-ақ бюллетеньдерді беру орындары бір бірінен кемінде екі метр арақашықтықта болуы тиіс.
Бауыржан Байбек сондай-ақ "Праймериз" ақпараттық жүйесі партияішілік іріктеудің барлық кезеңін өткізуге, оның ішінде тіркеуді, үгітті және дауыс беруді онлайн режимді өткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Назарбаевтың қатысуымен өтетін үлкен жиын тағы да кейінге қалдырылды
Бүгінгі күні праймеризге қатысуға 7670 азамат өтініш берді. Олардың 34% - әйелдер, 24,1% - 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдары 2631 адамды ұсынса, 5039 кандидат – өзін-өзі ұсынғандар.
Тіркеу осы аптаның соңына дейін жалғасады. 7 қыркүйектен бастап үміткерлердің үгіт жұмысы басталады, оның ішінде жария пікірсайыстар – 14-30 қыркүйек аралығында болады.