Қоғам

Полицейлер өгей әкесі мен ағасы зәбірлеген қыздың тағдыры туралы әңгімеледі

© Sputnik / Табылды КадырбековМужчина держит девочку за плечо, архивное фото
Мужчина держит девочку за плечо, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасап, азаматтарды кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық мәселесін ашық талқылауға шақырады

АЛМАТЫ, 24 тамыз — Sputnik. Қазақстанда 2020 жылдың қаңтарынан бері кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық көрсетуге қатысты 550 қылмыс жасалған, деп хабарлады Polisia.kz.

Осы орайда ішкі істер министрлігі қылмыскердің қандай болатынына сипаттама жасап, "балаларға қамқорлық жаса" фильмін жариялады.

ІІМ ресми статистикасы бойынша, 2020 жылдың қаңтар-тамыз аралығында кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық көрсетуге қатысты 550 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 250 қылмыс күш қолдану, бопсалау, қорқыту немесе баланың дәрменсіз күйін пайдалану арқылы жасалған.

Полицияның айтуынша, қылмыстың жартысынан көбін баланың айналасындағы жақын таныстары жасайды. Ал жәбірленушілердің 61,3%-і 14 жасқа толмаған балалар.

"Балаларға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасайтындар үшін жаза күшейгеніне қарамастан, мұндай жағдайлар азаймай тұр. Жылына балаларға қатысты екі мыңға жуық қылмыс жасалады. Бұл – азаптау, ұрып-соғу, бопсалау, қауіп-қатерде қалдыру. Қылмыстың үштен бірі жыныстық тиіспеушілікке қарсы жасалады", - деді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Полиция Қазақстанның бір шағын қаласында 12 жастағы қыз өз отбасында сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы оқиғаны жариялады. Жас баланы бірнеше рет сотты болған 39 жастағы өгей әкесі бірнеше ай бойы зорлап келген. Одан кейін 29 жастағы немере ағасы өгей әкемен арадағы жағдайды анаңа айтып беремін деп қорқытып, зорлаған.  

"Егер келіспесем, анама зиян келтіретінін айтты. Анаңды өлтіремін деді. Кейін ол бізден кетіп қалды, осымен бітті екен деп ойладым. Содан кейін немере ағам өгей әкеммен арамызда болған жағдайды анаңа айтып беремін деп қорқытты", - дейді жәбірленуші қыз.

Қазір өгей қызын зорлаған ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ал қыздың кей туысына аса ауыр қылмысты жасырды деген айып тағылып отыр.

12 жастағы қыз бен 29 жастағы немере ағасының арасындағы келеңсіз қатынасты әжесі байқаған. Анасы қызымен сөйлескеннен кейін оқиғаның мән-жайы белгілі болды. Осылайша, 29 жастағы ер адам 25 жылға сотталды.

"Кей отбасыда мұндай жағдайлар құпия болып қалып жатады. Көп жағдайда зорлыққа тап болған баланың анасы ол туралы біледі, алайда күйеуін, бірге тұратын адамды жоғалтып алудан қорқып, ол туралы хабарламайды", - дейді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Руслан Құттыбаев.

Мамандардың айтуынша, көп жағдайда жәбірленуші бала зорлық жасаған адамды таниды. 26,4%-інде қылмысты баланың немесе отбасының таныстары жасайды, 17%-і анасының күйеуі немесе бірге тұратын адамы, 7,5%-і – туыстары, ал 6,6%-інде өз әкесі, 1,9%-і – көршілері тарапынан зорлық көреді. 40,6%-і - бейтаныс адамдар тарапынан жасалатын қылмыс.

"Зорлық жасаушы 20-40 жастағы ер адам, ол сырт көзге балаларды жақсы көретін, тез тілтабысқыш адам болып көрінеді. Балаларға ешқашан дөрекілік танытпайды. Әсіресе толық емес отбасыда, әкесі жоқ отбасыда өскен балаларды өзіне жақын тартып тұрады", - деп полиция педофилдің портретін жасады.

ІІМ мамандары құқық қорғау органдары осы қылмыстың салдарымен күресіп жатқанын, алайда жазаны қатаңдатумен бұл мәселенің шешілмейтінін атап өтті.

Осылайша, ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасап, азаматтарды кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық мәселесін ашық талқылауға шақырады.

Айта кетейік, Қазақстанда 2020 жылдың қыркүйегінен бастап балалар мен ересектер үшін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша "111 шұғыл қызмет" байланыс орталығы қайта іске қосылады. Қоңыраулар тәулік бойы қабылданады, барлық өтініш қатаң құпия сақталады.

Сонымен қатар балалар мен жастарға арналған "150" ұлттық сенім телефоны жұмыс істейді.

Жаңалықтар
0