АЛМАТЫ, 21 тамыз – Sputnik. Әйелдер арасында бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның тоғыз дүркін чемпионы Назым Қызайбай Sputnik Қазақстан тілшісіне Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарының Иорданиядағы лицензиялық турниріне не себепті бармай қалғанын, спорттағы мансабын қай уақытқа дейін жалғастыратынын және спортшы ретінде басты мақсатын айтты.
– Назым, сұхбатымызды карантин кезіндегі дайындығыңыздан бастасақ, елдегі жағдайға байланысты жаттығулар тоқтап қалмады ма?
– Карантин кезінде жаттығу қиындау болды, барлық жер жабық тұрды. Соған қарамастан үйде жаттығып, дайындықты тоқтатпауға тырыстық. Карантинде бос уақытым көп болып, қателермен жұмыс істеуге мүмкіндік туды.
– Ал спортқа қызығушылығыңыз қалай пайда болды? Отбасыңызда ата-анаңыздың спортқа қатысы бар ма?
– Спортқа бала күнімнен қызықтым, басқа салаға бару туралы ойлаған емеспін. Бірақ отбасымда маған дейін спортпен айналысып, осы саланың жан-жағында жүрген ешкім болған жоқ. Менен кейін ізімді жалғаушылар көбейеді деп ойлаймын.
– Бокстан екі дүркін әлем чемпионы, тоғыз дүркін Қазақстан чемпионы болу үшін не істеу керек?
– Мұның бәрі – ең алдымен еңбектің арқасы. Қаншалықты икемің болып, талантың тасып тұрса да, еңбексіз ештеңе келмейді. Ең бастысы – еңбек, тәртіп, соның арқасында жетістікке жеттім деп ойлаймын.
– Жеңіс бар жерде жеңіліс бар. Ең алғашқы жеңіс пен жеңіліс есіңізде ме?
– Әр жарысымды есімде сақтап қалғым келеді. Бәрі көз алдымда тұр. Ең алғаш 15 жасымда бірінші рет жарысқа қатысып, 44 келі салмақпен Қазақстан чемпионатында тараздық спортшыны жеңдім. Жасыратыны жоқ, алғаш рет жарысқа шығып тұрған соң, қатты қобалжыдым. Соған қарамастан уақытынан бұрын, төрт соққымен бірінші раундта жеңіп шықтым. Артық күш те жұмсаған жоқпын.
Оқи отырыңыз: Зілбалға ұстаған боксшы Назым Қызайбай жұртты таңғалдырды
Ал ең бірінші жеңілісіме келсек, әйелдер арасындағы жарысқа бірінші рет қатысқан кезімде Дина Елубаева (Илюбаева) деген қызға жол бердім. Оған дейін солақай спортшылармен шығып көрмегендіктен, олармен қалай бокстасуды білмегендіктен жеңілдім деп ойлаймын. Сол жеңілістің арқасында солақайларға деген қызығушылығым артты. Ол кезде солақай спортшылар көп емес еді. Сол жеңілістің өзінен өзіме қажетімді алдым.
– Спорттағы мансабыңызды қай уақытқа дейін жалғастыру ойыңызда бар?
– Спортпен қандай да бір уақытқа дейін айналысамын деген шектеу қойғым келмейді. Әр спортшының мақсаты – Олимпиада ойындарына қатысу. Менің де арман-мақсатым – Олимпиадаға қатысу, Олимпиада чемпионы болу. Одан бөлек Азия чемпионаттарында Қазақстан атын шығарып, туымызды көкке көтеру. Ол үшін талмай еңбек етіп келеміз. Кей спортшы "осы жарысты жеңсем, спортты тастаймын" деп жатады. Менде ондай жоқ. Боксты жақсы көремін, сондықтан жүрегім қанша қаласа, сол уақытқа дейін былғары қолғапты тастамаймын. Оның да өз уақыты келетін шығар.
– Тұрмыс құруыңыздың спорттағы мансабыңызға әсері бола ма?
– Менің ойымша, спорт пен отбасыны қатар алып жүру қиын. Ер адамдарға қиын болмаса да, қыздарға, әйелдерге қиын. Тұрмысқа шыққаннан кейін спортты тастау керек деп ойлаймын. Арамызда тұрмысқа шығып, сәби дүниеге әкеліп, спортқа қайта келіп жатқан қыздар бар. Менің олай жасағым келмейді, тұрмысқа шыққаннан кейін үйде отыру керек, отбасы, бала-шағамен айналысу керек.
– Болашақ жарыңыз спортшы болуы керек пе?
– Болашақ жарымның спортты білуі, түсінуі маңызды емес, оған мән бермеймін. Ең бастысы мені түсінетін жақсы адам болса болды.
– Токиода өтетін 2020 олимпиада ойындары 2021 жылға ауысты. Қазақстандағы әйелдер боксы командасы Олимпиадаға баруға бір ғана лицензия алды, 75 келі салмақта Надежда Рябец жарысқа барады. Команда бапкері Ерік Алғабек Иорданияға турнирге төрт спортшыны жіберген еді, бірақ ішінде сіз болмадыңыз. Бапкердің бұл шешіміне не себеп болды?
– Иә, біздің құрамадан бір қыз ғана Олимпиадаға лицензия ұтты. Ал лицензиялық турнирге келер болсақ, бас бапкерлер солай шешті. Бас бапкерлерден бұрын бұл басшылықтың шешімі. Спортта да осындай жағдайлар болады. Мен бірінші болып тұрсам да, басқа қыз турнирге барды. Қалай шешкенін білмеймін, бірақ солай болуы керек шығар. Оған қарамай, әрі қарай жаттыға беремін. Мұндай нәрсені бірінші рет көріп отырған жоқпыз.
– Олимпиада ойындарына қанша жаста барған ұтымды деп ойлайсыз?
– Жас кезде барған дұрыс, алайда тәжірибенің болуы да маңызды. Олимпиадада жастардың да, тәжірибесі мол спортшылардың да жетістігін көріп отырамыз. Сондықтан мәселе адамның жасына байланысты емес, адамның ынтасы, қалауына байланысты. Спортпен 40 жасқа дейін айналысуға болады, 38-39 жасында да нәтиже көрсетіп жатқан әйелдер бар. Жас болсаң, күш-жігерің мықты болады, жасың үлкен болса, бапталып, шыңдалып, тәжірибең мол болады.
– 60 келідегі Римма Волосенко, 69 келі салмақта Валентина Хальзованың Олимпиадаға қатысуға жолдама ала алмауына не себеп болды деп ойлайсыз?
– 60 келі салмақтағы Римма Волосенко жақсы спортшы, қажетті барлық тактиканы меңгерген маман. Алайда оған аз ғана сәттілік жетіспеді. 69 келі салмақта Валентина Хальзова бізге жақында ғана келді. Екі жыл үзілістен кейін оралды. Негізі Қазақстан чемпионатына, басқа да жарыстарға қатысқан жоқ, бірақ осы спортшыны апаруға шешім шығарды. Бізде 69 келіде тәжірибелі спортшылар бар. Оның бірі Олимпиаданың қола жүлдегері Дариға Шәкімова, жас спортшы Баян Ақбаева бар. Алайда Валентина Хальзованы жіберді, ол да бұған дейін әлем чемпионы болған. Соған да қарады деп ойлаймын, бірақ біраз үзілістен кейін қиын болған шығар.
– Олимпиада ойындарының турниріне баруда әділетсіздікпен бетпе-бет келдіңіз бе? Тарқатып айтып берсеңіз.
– Қазақстан чемпионатында бірінші орын алдым. Ол мамырда өтті, бірақ жылдың соңында үшінші орын алған қыз турнирге баратын болды. Екінші орынды Жайна Шекербекова алған еді. Ол да жақсы, тәжірибелі боксшы. Бұл жерде біздің қолымыздан ештеңе келмейді, біз тек жаттығамыз. Оны бапкерлер, бапкерлердің үстінен қарайтын кісілер шешеді.
Біздің арамызда талқылау болмайды, тек кімнің баратынын хабарлайды. Одан кейін неге бармайтыныңды сұрайсың. Әрине, жауап табады. Спортта үнемі әділ шешім қабылдана бермейді, әділетсіздіктерді де көріп жатамыз. Әр спортшы осындай қиын жағдайдан, әділетсіз шешімдерге төзе білуі керек, ештеңеге қарамай, мақсатына жету үшін еңбектене беруі керек. Ерте ме, кеш пе осы қиындықтан өтіп, діттеген мақсатына жетеді. Көп спортшы соған төзбей, спортты тастап кетеді. Бұл жерде төзімділік, шыдамдылық керек.
– Қандай арманыңыз бар?
– Қазақ қыздары арасында Олимпиада чемпиондары жоқ, менің басты арманым – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болу.