Қоғам

Азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында әкімдіктерге жаңа міндет жүктелді

© Sputnik / Владислав ВодневТрудовая книжка, архивное фото
Трудовая книжка, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Премьер-министр қазіргі жағдайда бірінші кезектегі міндет азаматтарды жұмыспен қамту екенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Үкімет басшысы Асқар Мамин әкімдіктерге жұмыссыз жүрген әр адамның профайлын қалыптастырып, оларға жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Премьердің айтуынша, биыл "Еңбек" бағдарламасы мен Жұмыспен қамту жол картасы және басқа да салалық бағдарламалар аясында 743 мың адам жұмысқа орналасты. Жыл соңына дейін 1 миллион 220 мың адамға қолдау көрсетіледі.

"Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жұмыспен қамту жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға және өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аударылып, инфрақұрылымдық жобалардың тізбесі белгіленді. Осы жобалар аяқталған соң, аралас салаларда қосымша 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады", – деді Мамин үкімет отырысында.

Оқи отырыңыз: Енді жұмыспен қамту орталықтарында жалақы адам санына қарай төленеді

Республиканың төрт өңірінде – Шымкент қаласы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облысында жұмыспен қамтуды қолдау шаралары қарқынды іске асырылып келеді. Ең төменгі көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында байқалып отыр.

"Жалпы, жылдың соңына дейін төрт ай ғана қалғанын атап өтемін. Әкімдіктер бағдарламаларды іске асыру жөніндегі жұмыстарды жандандыруы қажет", – деді үкімет басшысы.

Премьер-министр қазіргі жағдайда бірінші кезектегі міндет азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету екенін атап өтіп, осыған байланысты министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді.

"Әкімдіктер жұмыссыз жүрген әр адамның профайлын қалыптастырып, жұмыспен қамтуға ықпал ету бойынша нысаналы жұмыс жүргізсін. Жұмыспен қамтудың жоспарланған индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет және тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару керек", – деді ол.

Сондай-ақ, еңбек министрлігіне барлық мүдделі мемлекеттік органмен және әкімдіктермен бірлесіп, қаражаттың толық игерілуін және мемлекеттік бағдарламаларда көзделген шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұған қоса, Электронды еңбек биржасының бизнес-процестерін оңтайландыру қажеттігін айтты.

Ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы министрліктеріне "Атамекен" палатасымен және әкімдіктермен бірлесіп, бизнес бастамаларды дамыту мен қолдау жөніндегі жұмыстарды қарқынды түрде жүргізуді тапсырды.

Жаңалықтар
0