Қоғам

"Көмектесуді сұраймыз": Қазақстанда қайырымдылық акциясы басталды

© Sputnik / Владислав ВодневРебенок с планшетом, дистанционное обучение
Ребенок с планшетом, дистанционное обучение - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстанда оқушыларға компьютер таратуға арналған қайырымдылық акциясы басталды. Республикалық акция аясында ақша аударуға немесе үйде тұрған артық техниканы тапсыруға болады 

НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі "OQY'SHYNY QOLDA!" республикалық қайырымдылық акциясының басталғанын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, акция аясында демеушілік қаржыға компьютер, планшет пен ноутбуктар сатып алынады. Сосын нақты санатқа кіретін оқушыларға уақытша пайдалануға беріледі. 

"Біз барлық қазақстандықтардан және кәсіпорындардан, компаниялар мен ұйымдардан акцияға қатысуға және балаларға қашықтан оқуға көмектесуді сұраймыз", - деді Иманғалиев.

Оның сөзіне қарағанда, демеушілер мен меценаттардың ақшасына сатып алынатын компьютерлік техника алдымен ерекше қажеттілігі бар балалар мен жетімдерге беріледі. Одан кейін атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына, мүгедек ата-анасы бар балаларға, сондай-ақ, көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға таратылады. Ауылдың балаларына да беріледі. Бүгінде министрлік 20 мың баланың тізімін бекітіп берді. 

"Атамекен" ҰКП мен "Менің Атамекенім" қоғамдық бірлестігі де қайырымдылық акциясын іске асыруға көмектеседі.

Арнайы сайт ашылды 

Барлық демеушілік көмек www.qoldau.edu.kz арқылы қабылданады. Ал сатып алынған техника мектептерге тапсырылады. Сайтта баланың жеке сәйкестендіру нөмірінің соңғы алты цифрын енгізіп, компьютерді ала ма, жоқ па, соны тексеруге де болады. 

"Менің Атамекенім" қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ләззат Шынқысбаеваның айтуынша, сайтта барлық реквизиттер көрсетілген. Соған ақша аударуға болады. Демеушілер өз мектебін де таңдай алады. Үйде тұрған артық компьютерлік техниканы да тапсыруға болады. 

"Мектепті таңдағаннан кейін техникаға мұқтаж балалардың тізімі шығады. Ал үйде тұрған артық техниканы беремін десеңіз, сайтта көрсетілген байланыс орталығына хабарласуға болады. Біз серіктестерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз. Мүмкіндік болса, қолданылған компьютерді бір жерге жинаймыз да, жөндеп, қалпына келтіреміз. Сөйтіп, мектептерге тапсырамыз", - деді ол.  

Министрдің уәдесі 

Биыл жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталады. Дегенмен, бүгінде компьютерлік техниканың тапшылығы өзекті болып тұр. Мәселен, қолында ешқандай құрылғысы жоқ балалардың өзі аз емес. Олардың саны 185 мың адамнан асады. Әсіресе, көпбалалы, жағдайы төмен және жетім балаларды қажетті техникамен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып тұр.

Министр 1 қыркүйекке дейін 500 мың компьютер таратуға уәде берген. Соның бәрі балаларға мүлікті тапсыру актілерімен таратылады. Бұдан бөлек, 24 мың мұғалімде техника жоқ. Оларға мектеп техникасы уақытша беріледі. 

Оқушыларға арналған техниканың ақшасы ұрланды 

Өткен аптаның соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай кезінде оқушыларға ноутбук сатып алуға бөлінген қаржының ұрланған хабарлады. 

Ресми мәліметке сәйкес, "БҚО Қаратөбе ауданының білім бөлімі" мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғалары мамыр айында Қазақстан аумағында төтенше жағдай енгізілген кезде мердігерлік ұйымның бір топ адамымен бірлесіп, 100 дана ноутбук сатып алуға бөлінген 6 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпталып отыр.

 

Жаңалықтар
0