Қоғам

"СК-Фармацияның" басшысы қанша жалақы алатынын айтты

© Sputnik / Владислав ВодневТенге, деньги
Тенге, деньги - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ерхат Есқалиев компанияның әкімшілік ресурстарын оңтайландырып, соның аясында біраз ақшаны үнемдеуді көздеп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз – Sputnik. "СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев өз жалақысының көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Менің жалақым 750 мың теңгеден басталады. Бірақ қызметке келгеніме бір ай да болған жоқ. Жақын арада кеңес өтеді. Сол жерде жалақының көлемі белгіленеді", - деді Есқалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Компанияның жаңа басшысы әкімшілік ресурстарды оңтайландыру жоспарына да тоқталды. Соның аясында біраз ақшаны үнемдеу көзделген.

"Қазірдің өзінде біз жұмыс тобын құрып, жалға алуға кететін шығындарды 10 процентке қысқартуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, жалға алынатын үй-жайдың ауданы 20 процентке дейін азаяды. Жыл соңына дейін 200 миллион теңгеге дейін үнемделеді деген болжам бар", - деп атап өтті Есқалиев.

Оқи отырыңыз: "СК-Фармация" басшылығы қазақстандықтардан кешірім сұрады

Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" ЖШС жұмысын сынға алып, басшылығын жұмыстан босатуды тапсырған болатын. Қажет болса тергеу шараларын да жүргізуге нұсқау берді. Ертесінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов пен "СК-Фармация" ЖШС басшысы Берік Шәріп қызметінен алынды.

12 шілдеде Ерхат Есқалиев "СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.

Жаңалықтар
0