Қоғам

"Олар мені Димаш деп атайды": науқастарға ән салған санитар сұхбат берді

© Sputnik / Тимур БатыршинПевец Бахытбек Амирхан до пандемии работал в индустрии развлечений
Певец Бахытбек Амирхан до пандемии работал в индустрии развлечений - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бақытбек Әмірхан пандемияға дейін мейрамханаларда ән айтып жүрген, карантин басталған соң ауруханаға жұмысқа орналасқан. Жас жігіт не себепті науқастарға шағын концерт қоятынын, оларды түскі асты ішуге қалай көндіретінін және жұмыста неге жылағанын айтты

АЛМАТЫ, 4 тамыз – Sputnik. 23 жастағы алматылық Бақытбек Әмірхан карантин басталмай тұрып қаладағы мейрамханаларда ән салған, ал қазір еріктілер қатарына қосылып, коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдейтін ауруханада санитар болып жұмыс істеп жүр.

Аурухана қабырғасында жүрген Бақытбек ән салуды ұмытқан жоқ. Қазір Алматыдағы модульді инфекциялық жұқпалы аурулар госпиталіндегі науқастар оның тыңдарманына айналды. Жас жігіт науқастарды әнімен жігерлендіріп, қайғы-мұңын азайтуға барын салып жүр. Әлеуметтік желіде обаға қарсы киіммен Олег Газмановтың "Мама" әнін орындаған сәтінен видео тараған болатын. Sputnik Қазақстан тілшілері санитар болып жұмыс істеп жүрген жігітті тауып, сұхбаттасты.

"42500 теңгені күткенше, адамдарға көмектескенім жақсы"

Алматылық Бақытбек Әмірхан "Бақытты отбасы" орталығында әнші және актерлік шеберлік бойынша оқытушы болып жұмыс істейді. Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк училищесін бітірген. Карантинге дейінгі кезеңде шараларды ұйымдастыру саласында жұмыс істеді.

"Бұған дейін шығармашылық адамдары той, концерттерде, кино саласында ақша тапты. Қазір бұл сала тоқтап тұр, барлығы кейінге қалдырылды немесе қашықтан жұмыс істеу форматына ауысты. Сондықтан үйде жатып 42 500 теңге күткенше немесе жасырын тойларда өнер көрсеткеннен гөрі адал жұмыс істеп, адамдарға көмектескенім жақсы деген ойға келдім", - дейді ол.

Айтуынша, көктемде төтенше жағдай режимі енгізілген кезде таныстары оны әкімдік жанындағы еріктілер штабына шақырған. Бұл ұсынысты қабылдаған Бақытбек мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізумен айналысқан.

"Бұған дейін еріктілердің кім екенін және ерікті болудың не екенін білмедім. Ол жерде мыңдаған адам болды, жастардың барлығы сол жерде жүргендей көрінді. Тіпті Айжан Нұрмағамбетова, Рафаэль Гасанов секілді танымал адамдар да жүрді. Барлығын ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, оларға жанармай талондары таратылды. Таңғы сағат 8-ден кешкі 6-7-ге дейін жұмыс істедік, кейде түнеп қалуға тура келді", - деп еске алды Бақытбек. Ол сол жерде екі айға жуық жұмыс істеген.

Модульді жұқпалы аурулар ауруханасы ашылған кезде жас жігіті сол жерге шақырады. Бастапқы екі аптада тағылымдамадан өтіп, құжаттар жинап, коронавирустың бар-жоғын анықтауға тест тапсырған, содан кейін ауыр жұмыс күндері басталды.

"Мен үшін бұл өмір мектебі сияқты, себебі әскерде әскери борышымды өтеген жоқпын, еден жуған жоқпын, шығармашылықпен айналысып, тойда ән айттым. Ал карантин кезінде жұмыс жоқ, сондықтан уақытша санитар боламын деп шештім. Мұның өте қауіпті екенін білемін, көптеген досым ауырып қалды, мен де ауруханада жүріп коронавируспен ауырып шықтым", - деді Бақытбек.

© Sputnik / Тимур БатыршинАлматылық Бақытбек Әмірхан: ауруханада жатқан адамдарға да жылы сөз, қолдау қажет
Олар мені Димаш деп атайды: науқастарға ән салған санитар сұхбат берді - Sputnik Қазақстан
Алматылық Бақытбек Әмірхан: ауруханада жатқан адамдарға да жылы сөз, қолдау қажет

Санитарлар "лас аймаққа" тамақ апарады, еден мен жуынатын жерлерді жуып-тазалайды.

"Басында бірнеше қабат маскамен, обаға қарсы қорғаныс киімімен жұмыс істеу қиын болды. Ондай кезде қалай дем алатыныңды білмейсің, себебі барлық ашық жер мақтамен бітеліп, скотчпен оралады. Кейіннен оған да үйреніп кеттім", - дейді жас жігіт.

Айтуынша, ол кейде обаға қарсы киіммен 4-6 орнына 8-9 сағатқа дейін жүреді. Себебі әріптестерінің мазасы болмаса, солардың орнына шығып жұмыс істейді.

"Мен бір жарым мөлшерлеме бойынша жалақы аламын. Жұмыс сағатына қарай төленеді. Айына 75-тен 100 мың теңгеге дейін аламын. Санитарлар күні бойы жұмыс істейді. Сосын екі-үш күн демалады. Таңғы алтыда тұрамыз, 6:30-да жұмысқа шығамыз", - дейді Бақытбек.

Абай мен Пушкиннің өлеңін оқиды

Санитардың айтуынша, оның әріптестерінің көпшілігі науқастармен тек қызметтік міндеттері аясында сөйлеседі, себебі жұмыс көп, бөгелуге уақыт та болмайды.

"Әр палатада бізге 10-15 минуттан артық бөгелуге болмайды, бірақ науқастар да адам. Оларға жаным ашиды. Олар апталап сол жерде жатады, төрт қабырға мен үш адамды ғана көреді", - дейді Бақытбек.

Ол ауруханада жатқан адамдарға да жылы сөз, қолдау қажет екенін айтады. Жылы сөздің өзі адамға ем болатынына сенеді. Палатаға кірген сайын барлығымен амандасып, тамақтың қандай болғанын сұрап, әңгімелеседі, қалжыңдасады. Сонымен қатар Абай мен Пушкиннің өлеңдерін оқып, ән шырқайды.

"Менің өз пациенттерім бар. Олар мені бұрыннан біледі. Димаш деп атайды. Мен келгенде қуанады. Көзімнен танып қояды, себебі бетперде таққан адамның барлығы бірдей болып көрінеді.  Мен ән салған кезде, шабыттанады. Ән салуымды сұрап, жеке деректерімді, телефон нөмірімді сұрайды. Арасында отбасылымын ба, оны да білгісі келетіндер бар. Жаңадан түскен науқастармен бірден танысып аламын, ән салып, екі тілде Абай мен Пушкиннің өлеңдерін оқып беремін. Оны мен актерлік мамандығына оқыған университетте үйрендім. Ал бойымдағы талант әнші болған атамнан дарыған", - деп санайды Бақытбек.

Айтуынша, барлық науқас бірден қарым-қатынасқа түсе бермейді, алайда Бақытбек берілмей, әнімен емдеуді жалғастыра береді.

"Адамның сөйлескісі келмей отырғанын байқасам, көңілін көтеруге тырысамын. Уақыт өте келе олар да ашыла түседі. Алғашқы үш-төрт күнде сақтықпен қараса, кейін үйреніп кетеді. Кейбірі ас ұсынады, алайда бізге "лас аймақтан" таза аймаққа қандай да бір зат алып шығуға болмайды", - дейді ол.

Ең қиын сәт

Айтуынша, ең қиын сәт – дәрігерлердің бар күш-жігерін жұмсағанына қарамастан науқастардың қайтыс болуы.

"55 жастағы ірі денелі кісі аураханада жатты. Өзі жүріп-тұра алмады, демікпесі болған соң тамақты да дұрыс жей алмайтын. Оның бақуатты кісі екенін аңғардық, бар жағдайы жасалып тұрды, оған үнемі сәлемдеме беріп жіберетін. Бір күні медбике оған қарай тұруымды өтінді: денелі адам жатыр, өзін-өзі алдап, ашуланып отырды", - деп еске алды санитар.

Бақытбек Әмірхан ер адамның тамырдан дәрі құйылып жатқанына қарамастан, үнемі қолын бүккісі келгенін айтты. Ол науқасты көндіру қажет болады, себебі дәрі толығымен салынуы керек еді.

"Оның дүниеден өтетінін сездім, себебі ол сөйлей алмай жатты. Сол түні ол қайтыс болды. Оның қан қысымы мен қант диабеті болды. Қайтыс болғанын естігенде жылап қалдым", - дейді жігіт.

Жұмыста Бақытбек науқастарды тамақтандыруға көндіріп жүреді. Емделушілердің тамақ ішкен-ішпегенін білу үшін кішігірім айла да ойлап тапқан. Түскі асты алып барған кезде қасықты белгілі бір қалыпқа қояды, соны есінде сақтап қалады. Содан кімнің тамақ ішкенін біліп отырады.

Бақытбек санитар болып жұмыс істеп бастағалы бері 5-6 келі салмақ тастаған. Инфекцияны қайта жұқтырып алмау үшін көп су ішіп, үнемі тамақтануға, маска тағып, қолы мен бетін антисептикпен тазартып жүруге тырысады.

Отбасымен аман-есен қауышқысы келеді

Айтуынша, ауруханада жұмыс істеу оған қандағы қантты, оттегін тексеріп қана қоймай, дәрі тамызғышты ауыстырып, едендерді жууды, сонымен қатар уақыт пен туыстарын да бағалауды үйретті.

"Отбасыда бес ағайындымыз: төрт ұл және бір қыз. Үш айдан бері үйге барған жоқпын, қонақүйде тұрып жатырмын. Туыстарымызбен тек месенджерлер арқылы, видеобайланыс арқылы сөйлесеміз. Бірақ жанына барып құшақтағың келеді. Карантиннің де пайдасы тиді. Біз жақындарымыз бен туыстарымызды бағалай бастадық. Адамдардың адамгершілігі де артып келеді", - дейді санитар.

© Sputnik / Тимур БатыршинБақытбек карантин аяқталған соң ән байқауларына қатысуды, дарынды балаларға мектеп ашуды армандайды
Олар мені Димаш деп атайды: науқастарға ән салған санитар сұхбат берді - Sputnik Қазақстан
Бақытбек карантин аяқталған соң ән байқауларына қатысуды, дарынды балаларға мектеп ашуды армандайды

Айтуынша, Бақытбектің ауруханаға жұмысқа орналасқанын туыстары бір айдан кейін білген.

"Бастапқыда олар менің қайда жұмыс істейтінімді білген жоқ. Олардың уайымдап қалғанын қаламадым. Сол сәтте айтсам, маған санитар болып жұмыс істеуге рұқсат бермес еді. Шамамен бір ай өткен соң отбасыма айттым. Әкем екеуміздің арамызда жанжал болды, бірақ мен кері шегінуге жол жоқ екенін түсіндірдім. Олар менің денсаулығымды, өмірімді ойлап алаңдады. Олардың ештеңеге мұқтаж болмай, мені мақтан тұтқандарын қалаймын. Қарапайым отбасыда дүниеге келдім, әкем КамАЗ жүргізушісі, анам тәрбиеші және күтуші болып жұмыс істейді", - дейді алматылық.

Бақытбек Әмірхан карантин аяқталған соң шығармашылық жолына қайта оралуды жоспарлап отыр. Шетелде ән байқауларына қатысуды, дарынды балаларды оқыту үшін мектеп ашуды армандайды.

Жаңалықтар
0