НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik. Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған және одан қайтыс болған дәрігерлерге өтемақы беру тәртібі өзгерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Денсаулық және еңбек министрлерінің бірлескен бұйрығына сәйкес, енді коронавируспен ғана емес, вирустық пневмониямен ауырған және одан қайтыс болған медицина мамандарына да өтемақы төленеді. Бірақ ауруды жұқтыру дерегі эпидемияға қарсы күрес шаралары кезінде тіркелуі шарт. Ал пневмонияның клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас болуы қажет.
Өтемақы кімге беріледі
Бұйрықта өтемақы берілетін медицина мамандарының тізімі көрсетілген. Олар:
- реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың және COVID-19 коронавирустық инфекциясы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін айқындалған басқа да стационарлардың дәрігерлеріне, орта және кіші медицина қызметкерлеріне;
- провизорлық стационарлардың дәрігерлеріне, орта және кіші медицина қызметкерлеріне, жедел медициналық көмектің, оның ішінде амбулаториялықемханалық ұйымдар жанындағы дәрігерлер мен фельдшерлерге, сондай-ақ санитариялық авиацияның дәрігерлері мен орта медицина қызметкерлеріне;
- карантиндік стационар дәрігерлеріне, орта және кіші медицина қызметкерлеріне, жедел медициналық көмек бригадаларының жүргізушілеріне, сондай-ақ зертхана мамандарына, санитариялық-эпидемияға қарсы қызметтің қызметкерлеріне, жедел респираторлық вирустық инфекциялары, пневмониясы бар пациенттерді қабылдауға және эпидемияға қарсы іс-шаралармен байланысты биологиялық материалды алуға айқындалған ұйымдардың қабылдау бөлімдерінің қызметкерлеріне, сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ қызметкер жұқтыру (сырқаттану) салдарынан қайтыс болған жағдайда оның отбасына беріледі.
Өтемақы мөлшері қандай
Барлық өтемақы мемлекеттік сақтандыру қорнынан төленеді. Атап айтқанда, медицина маманы COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырған немесе вирустық пневмонияға шалдыққан жағдайда 2 миллион теңге мөлшерінде өтемақы төленеді. Ал осы аурулардан қайтыс болса, оның отбасы мүшелеріне 10 миллион теңге беріледі.
Өтініш қалай беріледі
Комиссия үш жұмыс күні ішінде отбасы мүшелеріне қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесін береді және өтініш беру қажеттігін хабарлайды. Ал коронавирустан немесе вирустық пневмониядан жазылып шыққан медицина маманы өтінішті өзі береді. Оны облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органына тапсырады.
Комиссия қайтыс болу туралы куәлікті алғаннан кейін коронавирустан немесе вирустық пневмониядан қайтыс болған қызметкердің отбасы мүшелерінің тізімін жасайды. Оны денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары немесе Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесіне жібереді.