Қоғам

Облыс әкімі Сәтбаевта қызды ұрлау оқиғасына қатысты мәлімдеме жасады

© Sputnik / Владислав ВодневЖеңіс Қасымбек
Жеңіс Қасымбек - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Құқық қорғау органдары атышулы істі тергеу барысы туралы тікелей мемлекет басшысына баяндайды, өңір басшысы күдіктіні қатаң жаза күтіп тұрғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Сәтбаев қаласында болған оқиғаны тергеу барысын жеке бақылауына алды. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Облыс әкімі күдіктінің ұсталғанын, қазір барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Қыз үйінде ата-анасының жанында.

"Сәтбаев қаласында бес жасар қызды ұрлауға қатысты іс президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында", - деп келтірді Қасымбектің сөзін облыс әкімдігінің ресми сайты.  

Ол баланың денсаулығын үздік мамандар қадағалайтынына сендірді.

"Өкінішке қарай, Сәтбаевта оқиға орын алған түні кінәсіз адамдарға зиян келтірілген. Тәртіп бұзушыларды тоқтату үшін оқиға орнына жеке құрам жұмылдырылды. Мен азаматтарымыздың жүрегінде наразылық толы екенін түсінемін және келісемін. Бірақ біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз, сондықтан эмоцияға ерік бермей, болған жағдайды құқықтық алаңда қарауымыз керек", - деді өңір басшысы.

Қасымбек тергеу аяқталғаннан кейін күдіктіні қатаң жаза күтіп тұрғанын атап өтті.

Сәтбаевтағы толқу

24 шілдеге қараған түні Сәтбаев қаласында тәртіпсіздіктер басталды. Оған жоғалған 5 жасар қыздың белгісіз ер адамның пәтерінен табылуы себеп болған.

Бүлдіршінді бүкіл қаладан іздеді. Бала табылғаннан кейін күдікті тұратын үйдің маңына бір топ адам жиналды. Олар күдіктіні өздері жазаламақ болған. Ашулы топ барлық пәтердің есігін қағып, тұрғындардың зәресін ұшырған. 

Тағы оқыңыз: Тәртіпсіздіктен кейін Сәтбаев қаласында қазір не болып жатыр – видео

Халық толқуын басу үшін қалаға Ұлттық ұлан күштері тартылды.

Содан кейін жиналғандар күдіктіні беруді талап етіп, қалалық әкімдікке қарай бет алды.

Қала билігі бала анасының қасында екенін мәлімдеді және тұрғындарды арандатушылыққа ермеуге шақырды.

Таңға қарай қалада жағдай тұрақталды.

Ер адам бүлдіршінді ұрлап, зорлады деп айыпталып отыр. Тергеу жүргізілуде.

Жаңалықтар
0