Қоғам

"Ешқандай қисынға сай келмейді": Тоқаев үкіметке бірнеше тапсырма берді

© Официальный сайт Президента КазахстанаҚазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ақордада өткен жиында ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету, ауылдардағы дәрігер тапшылығы, жоспарлы медициналық көмек мәселелері қозғалды

НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен селекторлық кеңес барысында ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Президент ауыр дертке шалдыққан азаматтардың саны көбейіп кеткеннен кейін ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету мәселесінің күн тәртібіне шыққанын айтты.

"Мемлекеттік органдардың тарапынан үйлестіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен, халық бұл мәселені өз бетімен шешуге талпынуда. Бұл ешқандай қисынға сай келмейді! Азаматтар өндірістік баллондарға құйылған оттегі сатып алып жатыр. Бұл ауруханалардың тікелей міндеті. Жеке үйлер мен пәтерлерде өндірістік баллондарындағы оттегіні пайдалану деректері анықталған", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы үкімет пен әкімдерге бес күн ішінде ауруханаларды оттегімен қамтамасыз ету және үй жағдайында оттегі баллондарын пайдалану проблемаларын шешуді тапсырды.

"Ешнәрсені жасырмауымыз керек"

Сонымен қатар, жиын барысында азаматтарды тесттен өткізу мәселесі де қозғалды. Қазір күніне 32 мың адамнан сынама алатын деңгейге қол жеткізілді. Дегенмен өңірлер арасында көрсеткіштердің алшақтығы байқалады.

"Ауру жұқтырған адамдардың санын анықтаудың төмендігі – жергілікті жерлердегі лабораториялардың тиімсіз жұмысының нәтижесі. Мұны нақты көріністі жасырып қалу деп бағалауға да болады. Үкіметке аймақтар арасындағы тестілеу нәтижесін реттеуді қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Біз ешнәрсені жасырмауымыз керек", – деді президент.

Тағы оқыңыз: Кінәлілер жазаланады: Тоқаев үкімет пен әкімдерді қатаң сынға алды

Ақорданың хабарлауынша, бүгінде жұқпалы ауру жұқтырған азаматтарға арналған төсек-орындар көбейген. Бірақ бұл өзге медициналық қызмет көрсету орталықтарын жабудың есебінен артып отыр. Соның салдарынан азаматтарға медициналық көмек көрсетудің қол жетімділігі төмендеп кеткен.

Осыған байланысты Тоқаев үкімет пен әкімдерге созылмалы ауруы бар азаматтарға, сондай-ақ, жүкті әйелдерге жоспарлы медициналық көмек көрсетуді кезең-кезеңімен қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді.

Ауыл тұрғындарының проблемасы

Президент қалалардағы ахуалды тұрақтандырамыз деп, ауыл тұрғындарын ұмытып кетпеу керек екенін атап өтті. Өйткені халқымыздың жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Бүгінде ауылдағы азаматтар үшін диагностика және емдеу шаралары қол жетімді емес екенін айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев оларға қарапайым дәрі-дәрмектің жетпей жатқанына тоқталды.

"Ауыл-аймақтарда медицина кадрларының тапшылығы және қажетті инфрақұрылымның жоқтығы жығылғанға жұдырық болып отыр. Үкімет 2300 әмбебап мобильді бригаданың жасақталғанын баяндады. Алайда олар, негізінен, қала тұрғындарына ғана қызмет көрсетеді. Ауылды назардан тыс қалдыруға болмайды!", - деді президент.

Ол үкіметке өңірлермен бірлесіп, барынша қысқа мерзімде ауылдарды диагностика және емдеу ісімен, сондай-ақ, қажетті дәрі-дәрмекпен, медициналық құрылғылармен қамтамасыз етуді тапсырды.

Жаңалықтар
0