Қоғам

Сарапшылар жәрдемақыны әр балаға төлеу жайлы: "42 500 емес, 73 000 болуы керек"  

© Sputnik / Абзал Калиев Портмоне с деньгами
 Портмоне с деньгами - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, Қазақстанда ең төменгі жалақының мөлшері 70 000 теңгенің үстінде – шамамен 73 000 теңге болуы керек  

НҰР-СҰЛТАН, 16 шілде – Sputnik. Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин карантинге байланысты 42 500 теңге төлеу кезінде бала санын ескеруді ұсынды. Себебі көпбалалы отбасылар үшін қазіргі төлемнің мөлшері тым аз. Осы орайда омбудсмен көрші Ресейдің тәжірибесін мысалға келтірді. Германия да халықты қаржылай қолдау шараларын жақсы ұйымдастыра білген. Sputnik Қазақстан тілшісі осы елдердің тәжірибесін зерделеп, оны Қазақстанда қолдану жайын сарапшылардан сұрады.

Германия мен Ресейдің тәжірибесі

Ресейде коронавирустың таралуына байланысты алдымен демалыс берілді. Одан кейін оны ұзартты. Артынан шектеу шаралары енгізілді. Сөйтіп, біраз адам жұмысқа шықпай қалды. Халықтың табысы төмендеді. Осыған байланысты қаржылай қолдау шаралары қабылданған. Атап айтқанда, үш жасқа дейін әрбір балаға 5 000 рубльден (қазіргі бағаммен шамамен 29 мың теңге – Sputnik Қазақстан) таратып беруге шешім шығарылды. Осылайша, қосымша төлемдер сәуір, мамыр мен маусымда берілген болатын.

Ал 3-тен 16 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға 10 000 рубль (шамамен, 57 700 теңге) көлемінде бір реттік төлем тағайындалды. Оны да әрбір балаға берді. Мерзімі – сәуір мен мамыр. Осы бір реттік төлемді шілде айына да беретін болды. Германия болса, әрбір балаға 300 еуродан (қазіргі бағаммен – 141 090 теңге) таратуды ұйғарыпты.

Отандық экономистер не дейді?

GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, бүгінде ең төменгі жалақының мөлшерін көтеру керек. Сонда карантин кезінде берілетін қосымша төлемдердің мөлшері де өседі.

"Біз өзіміз осы мәселені зерделеп, ең төменгі жалақының мөлшері 42 500 теңге болмауы керек деген шешімге келдік. Қазақстанда ең төменгі жалақының мөлшері 70 000 теңгенің үстінде болуы керек. Шамамен 73 000 теңге. Былтыр үкімет 42 500-ке дейін көтерді. Бірақ биыл азық-түлік қымбаттаса да, ешкім көтерейін деп жатқан жоқ. Ал оны өсіргенде 42 500-ден емес, 73 000 теңгеден таратуға болатын еді", - деді Халық Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, карантин кезінде қосымша төлемдерді бала санына қарай үлестіруге мүмкіндік бар. Соның арқасында халықтың төлем қабілеттілігін сақтап қалуға болады. 

"Бүгінде экономикадағы үлкен проблема – жиынтық сұраныстың түсіп кетуі. Өйткені халықтың қолында қаражат жоқ. Қандай да бір тауарды алғысы келеді, бірақ сатып ала алмайды. Сондықтан ең бірінші кезекте осы мәселені шешу керек деп ойлаймын", - дейді Халық.

Ал экономист Қайырбек Арыстанбеков ақшаны оңды-солды таратуға болмайды деп санайды. Себебі бюджеттің мүмкіндіктері шектеулі.

"Әрине, көпбалалы отбасыларға ақшаны көбірек берген дұрыс. Бірақ дәл қазір әрбір балаға есептейтін болса, бюджетке көп салмақ түседі. Сосын ақшаны қайдан табады? Мәселе сонда ғой. Меніңше, қазіргі жағдайда консервативті бюджет саясатын жүргізген дұрыс. Ақшаны таратып берсек, популизм болатын сияқты", - деп атап өтті Арыстанбеков.

Министрдің ұстанымы 

Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин 42 500 теңге көлеміндегі төлем бала санына қарай төленуі керек деп санайды. Оны есептеудің өзіндік механизмін әзірлеу керек.

"Жаңа карантин барлығы үшін күтпеген жағдай болды. Қаржы министрлігі мен еңбек министрлігі бұл шараларды шұғыл түрде қайта қарайды деп үміттенемін", - деді Саин астанада өткен брифингте.

Бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов омбудсменнің ұсынысына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бүгінде көпбалалы отбасыларды қаржылай қолдау шаралары аз емес. Жәрдемақы да тұрақты түрде төленеді. Биылдан бастап көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан, бала санына қарай жаңа мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Оқи отырыңыз: Министр 42 500 теңгені бала санына қарай төлеу туралы ұсынысқа пікір білдірді 

"Табысы аз, тұрмысы төмен отбасыларға балаларын қоса алғанда, әрбір отбасы мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Бүгінде 660 мың адам тұратын 128 мың отбасы осындай қолдауға ие, олардың 442 мыңы балалар. Оларға мемлекеттен кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Сондықтан балалары бар отбасыларға әлеуметтік жәрдемақы төлеу саясаты іске асырылып жатыр. Мемлекет өз міндеттемелерін толық көлемде орындап отыр", - деді министр онлайн брифингте.

42 500 теңге қалай төленеді

Қазақстанда екі апталық карантин ұзартылғаннан кейін 42 500 теңге беруге шешім қабылданған болатын. Ертеңнен бастап 42500enbek.kz сайты, электронды үкімет порталы, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін телеграмм-боттар іске қосылады. Сол арқылы өтініш беруге болады. Ал кейбір адамдарға өтініш жіберудің қажеті жоқ. Оларға SMS-хабарлама келеді. Соған жауап беру керек.

Карантин кезінде 42 500 теңгені алатындар:

  • ақысыз демалысқа жіберілген жалдамалы жұмысшылар (олар үшін өтінішті жұмыс беруші жібереді);
  • жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (олар өтінішті өздері жібереді).

42 500 теңге 5 шілдеден бастап карантин күшейтілгеннен кейін табысынан айырылған азаматтарға ғана беріледі. Өтініштер 1 қыркүйекке дейін қабылданады.

Бұған дейін Sputnik Қазақстан тілшілері "42 500 теңге бір айға жете?" деген сұрақтың төңірегінде астаналықтар арасында сауалнама жүргізген болатын.

Жаңалықтар
0