НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адамдардың отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бұл аса жұқпалы дерт азаматтарымыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, халықтың әл-ауқатына нұқсан келтіруде. Ең алдымен, осы кеселден қайтыс болған адамдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Сондай-ақ, вирус жұқтырғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін", - деді Тоқаев "Біз Біргеміз" онлайн-форумында.
Мемлекет басшысы осындай күрделі кезеңде барша халық жауапкершілік таныту қажеттігін жеткізді. Ал әрбір адам өзінің туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына абай болуы қажет. Себебі бұл қазіргі заманның талабы.
"Індетті жеңу – әрбір азаматтың өз қолында. Бұл ең алдымен қарапайым қағиданы ұстанудан басталады. Бетперде тағып жүру, тазалық сақтау және әлеуметтік қашықтықты ұстану өте маңызды. Өйткені бұл сіздің және өзге адамдардың денсаулығы үшін аса қажет. Тағы да қайталап айтамын, сақ жүрсең, сау жүресің. Сақтықта қорлық жоқ", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Бұдан бөлек, Тоқаев астанада коронавируспен күресуге атсалысқандардың құрметіне ескерткіш орнатылатынын айтты.
"Осы індеттен құтылған соң, елордамызда азаматтарымыздың ерлігіне арналған ескерткіш қоюымыз керек. Барша Қазақстан азаматына амандық, игілік тілеймін. Біз міндетті түрде жеңеміз. Себебі біз біргеміз", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін республика бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 18 231 адам тіркелді. Олардың ішінде 11 158 науқас жазылып шықты. 127 адам қайтыс болды.