Қоғам

Ауруханада жатқан министр Біртанов желіде дәрігерлер туралы жазба жариялады

© AFP 2024 / MARVIN RECINOSДәрігерлер
Дәрігерлер - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министр қазақстандық дәрігерлер қазіргі қиын кезеңде басқа түскен ауыртпалықты жеңе алатынына сенетінін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министр коронавирус індеті кезінде барлық медицина қызметкері патриоттық сезіммен, жоғары жауапкершілікпен, кәсіби біліктілігін көрсетіп, еңбек етіп жатқанын атап өтті.

"Қазір сіздер аянбай әр пациенттің өмірін сақтап қалудасыздар. Алдарыңызға көмек сұрап келген адам ғана медицина қызметкерлерінің науқасқа деген ерекше мейірімін, әр пациентке мұқият қарайтын қасиеті мен шеберлігін көреді, сезеді. Тәулік бойы, мереке күні де алдыңғы шепте жүрген барлық медицина қызметкеріне шексіз алғыс айтқым келеді", - деп жазды Біртанов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.

Ол ақхалаттылар қазіргі қиын кезеңде басқа түскен ауыртпалықты жеңе алатынына сенетінін айтты.

"Мен бұған қазір әріптестерімнің қолында емделіп жатып, тағы көз жеткіздім – олар өз ісінің кәсіби шебері", - деді министр.

Біртановтың айтуынша, соңғы жылдары отандық медицинада көп нәрсе түбегейлі өзгерді. Атап айтқанда, медицина ғылымы мен ақпараттық технологиялар дамып, жаңа жоғары технологиялық орталықтар бой көтерді.

Жуырда аз уақыт ішінде, небәрі екі аптада үлкен мегаполистерде жұқпалы аурулар ауруханасы салынды.

Тағы оқыңыз: COVID–19: сынама оң нәтиже көрсетсе, не істеу керек?

Сонымен қатар, ол Халық денсаулығы туралы кодекс президенттің қол қоюына жіберілгенін еске салды. Құжатта президенттің тапсырмасымен медицина қызметкерінің мәртебесін арттыру, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі нормалар бар.

"Тағы да атап өткім келеді, қазір, ең бастысы – елімізде пандемияға қарсы күресті жалғастыру қажет, ал біз бірге оны міндетті түрде жеңеміз!", - деді ведомство басшысы.

Қазақстанда медицина қызметкері күні маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді.

Еске салсақ, 14 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырғанын хабарлады. Қазір ол елордадағы жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы қалыпты, "пневмония" диагнозы қойылған.

Жаңалықтар
0