НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Алматыда кішкентай қызға азғындық жасамақ болды деген күдікке ілінген ер адам ұсталды. Ол Тәжікстан азаматы болуы мүмкін. Бұл туралы қаланың полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Ер адам бүгін ұсталды. Өзінің айтуынша, ол Тәжікстан азаматы. Бірақ, мұны біз әлі анықтаймыз. Қазір тергеу жүріп жатыр. Күдікті абақтыға қамалды", - деді Таймерденов брифингте.
Айтуынша, қыздың денесінде ешқандай зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Баланың анасынан арыз-шағым түспеген.
"Күдікті туралы әлеуметтік желіде тараған соң, полиция ер адамды анықтады. Ол "жаман ойым болған жоқ, қыздан сағат сұрадым" деп отыр. Қазір оның басқа қылмыстарға да қатысы бар-жоғы тексерілуде", - деді полиция басшысы.
Бұған дейін Алматы полициясы педофил болуы мүмкін ер адамды іздестіріп жатқаны туралы хабарланған еді. Оған әлеуметтік желіде Алматы тұрғыны жариялаған ақпарат түрткі болған.
Ер адам көрші үйде тұратын он жасар қызды "педофилден" құтқарып қалғанын айтады. Ол жұмыстан үйіне қайтып келе жатқанда, бейтаныс ер адамның кішкентай қызбен сөйлесіп тұрғанын байқаған. Күдікті ұзақ уақыт баланың қасынан кетпей қойыпты. Бұған алаңдаған алматылық ер адамды жағасынан алып, қуып жіберген.
Кейінірек қыз бала бейтаныс адам оны сай жаққа шақырғанын айтты.