Қоғам

Биыл мешіттерде Ораза айт намазы оқылмайды – ҚМДБ

© Sputnik / Тимур Батыршин Алматы мешіті, архивтегі фото
 Алматы мешіті, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ораза айттың бірінші күні 24 мамырға тура келіп тұр. Айт намазы оқылмаса да, әркім үйінде нәпіл намазын оқуына болады

НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. Биыл карантинге байланысты мешіттерде Ораза айт намазы жамағатпен оқылмайды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бізде әдетте айт намазына жұма намазынан да көп халық жиналады. Бұл карантин талаптарына сәл қайшы келетінін ескеріп, биыл айт намазын тоқтатуға тура келіп тұр. Айт намазы оқылмаса да, әркім үйінде нәпіл намазын оқуына болады. Оған ешкім тыйым салмайды", - деді Аманқұлов Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Ол шариғат кітаптарында адамның денсаулығы мен өмірі әрдайым бірінші орында екенін атап өтті. Сондықтан зәрулік жағдайды ескеріп, жамағатпен оқылатын айт намазын тоқтатуға рұқсат етіледі.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда мешіттер мен дәмханалар ашылды – видео 

Мүфтият қазақстандықтарға Ораза айт мерекесін үйде отбасымен бірге қарсы алуға шақырды.

Биыл Рамазан айы 24 сәуірде басталды. Қасиетті ай коронавирустың таралуын тоқтату мақсатында жарияланған төтенше жағдай мерзімімен тұспа-тұс келген еді.

Ораза айттың бірінші күні 24 мамырға түсіп тұр. Шариғат бойынша айт намазы күн найза бойы көтерілгеннен бастап күн тас төбеге көтерілгенге дейін оқылады.

Мешіттер қалай жұмыс істеп жатыр

Қазақстанда төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталды. Ал 18 мамырдан мешіттер ашыла бастады. Бірақ олардың жұмыс уақыты шектелген: күндіз таңғы  07.00-ден кешкі 20.00-ге дейін ашық болады. Осыған байланысты биыл қасиетті Қадір түнін де қазақстандықтар үйде қарсы алған еді.

Коронавирустың таралуына байланысты әзірге жамағатпен оқылатын бес уақыт жұма намазы мен тарауық намазына тыйым салынып отыр.

Мешітте жеке құлшылық жасап, құран оқытып, неке қидыруға рұқсат етілген.

Жеке құлшылық кезінде 1,5 метр арақашықтық сақталуы тиіс. Құран оқитын бөлмеге он адамнан артық кіргізілмейді. Ал неке қидыратын бөлмеге тек төрт адамға ғана кіруге рұқсат.

Сонымен қатар, мешіт ішінде он бес минуттан артық болуға тыйым салынады.

Жаңалықтар
0