Экономика

Қазақстанда шетелдік жүк тиелген көліктерді қадағалау жүйесі іске қосылады

© Sputnik / Кирилл Каллиников / Медиабанкке өтуШлагбаум перед грузовым автомобилем, архивное фото
Шлагбаум перед грузовым автомобилем, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қадағалау жүйесі республика аумағына басқа елден заңсыз транзиттік тауар кіргізбеуге мүмкіндік береді

НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Қазақстан халықаралық тасымалды қадағалап отырудың ақпараттық жүйесін құруды жоспарлап отыр. Мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұл заң жобасына мәжілістің бір топ депутаты бастамашы болған.

Мәжілісмен Павел Казанцев атап өткендей, заң жобасы президенттің транзиттік тасымалдарды қадағалап отыру жүйесін құру туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.

Құжатта "халықаралық тасымалдарды қадағалап отырудың ақпараттық жүйесі", "электронды сәйкестендіргіштер (навигациялық пломбалар)" ұғымдары енгізілген.

Депутат Қазақстан аумағына транзит ретінде кіретін жүк көліктері көп жағдайда осы елде қалып, тауарлар заңсыз сатылатынын атап өтті.

"Транзит Қазақстан аумағы арқылы өтеді, бірақ ол транзитпен аяқталмайды, жүк Қазақстан аумағында қалып қояды. Не болмаса, тауарды импорттау кезінде басқа елді мекен көрсетіледі, бірақ жүк ол жерге жетпейді, басқа аймақта қалады. Соның салдарынан қосылған құн салығы, жанама салықтар төленбейді, көлеңкелі экономика пайда болады", – деді Казанцев.

Мәжіліс депутаттары мұндай проблемаларды болдырмау үшін транзиттік жүктерді навигациялық пломба арқылы қадағалап отыруды ұсынып отыр.

Қаржы вице-министрі Қанат Баеділовтің айтуынша, жүк тасымалдаушыларға ешқандай салмақ түспейді. Көлікке пломба ілу небәрі бір минут уақыт алады.

"Автокөлік шекараға келгенде, біз оған пломба іліп, іске қосамыз, көлік әрі қарай жолын жалғастырады. Навигациялық пломбадан келетін сигнал мемлекеттік кірістер комитетінің ахуалдық орталығына түседі. Осы сигнал арқылы біз транзиттік автокөліктердің қозғалысын бақылап отырамыз", – деді ол.

Егер жүк көлігі бағдарынан ауытқыса, пломбаны әдейі бұзса немесе алып тастаса, мемлекеттік кірістер комитеті бірден шара қабылдайды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда электронды кеден іске қосылды

Заң жобасында навигациялық пломбаларды қасақана бүлдіргені немесе жойғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Сонымен қатар, үкіметке халықаралық тасымалдарды қадағалап отыру жүйесінің ұлттық операторын айқындау құзыреттілігін беру көзделген.

Жаңалықтар
0