Қоғам

Әр тұрғынға – 400 мың теңге: әлем елдері карантиннен қалай шығып жатыр

© AFP 2024 / MIGUEL MEDINAМаска киген италиялықтар
Маска киген италиялықтар - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Чехия шекараны ашып, шетелдіктерге құшағын жайса, Жапония, керісінше, төтенше жағдай мерзімін мамыр айының соңына дейін ұзартты

НҰР-СҰЛТАН, 12 мамыр – Sputnik, Нұргүл Абай. Биылғы көктем көптің есінде үйде уақыт "өлтірумен" есте қалары анық. Коронавирустың таралуын тежеу үшін әлем елдері бірінен соң бірі төтенше жағдай жариялап, карантин енгізді. Нәтиже жоқ емес, бар. Десе де, таңнан күн батқанға дейін төрт қабырғаға қамалған халық карантиннен жалыққаны да жасырын емес. Осы аралықта әлемдік экономика да тұралап қалды. Енді, міне, ұзақ уақыт оқшауланған елдер біртіндеп қалыпты өмірге орала бастады.

Ресейде демалыс аяқталды

Қазақстанның солтүстіктегі көршісі – Ресейде 12 мамырдан жұмыс басталды. Демалыс кезеңі алты аптаға созылған еді. Бүгіннен бастап көрші ел экономиканың базалық салаларының, соның ішінде энергетика, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп жұмысын мүмкіндігінше қайта жандандырмақ.

Бірақ, шектеу шаралары әлі де сақталады, бұқаралық шараларға сол күйі тыйым салынып отыр.

Бұдан бөлек, ел билігі 65 жастан асқан және созылмалы ауруы бар адамдарға үйден себепсіз шықпауды бұйырды.

Тағы оқыңыз: Төтенше жағдай аяқталды: қазақстандықтарға той-томалақ өткізуге бола ма

Әр өңір вирустың таралуына қарай шектеулерді сақтау, жеңілдету немесе күшейту туралы шешімді өзі қабылдайды.

Мәселен, Мәскеу мэрі коронавируспен байланысты шектеулерді 31 мамырға дейін созды.

Сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету орындары, білім, мәдениет, спорт нысандары мен басқа да өндірістік емес салалардың жұмысы айдың соңына дейін шектеліп отыр. Мейрамханалар мен театрлар да жабық болады.

12 мамырдан тек өнеркәсіп пен құрылыс кәсіпорындары жұмысын жандандырды.

Мамырдың екінші жартысында саябақтардың бір бөлігі ашылып, далада жүгіруге рұқсат етілуі мүмкін.

Мәскеу облысы, Мәскеу қаласы мен Ресейдің кейбір өңір тұрғындары қоғамдық орындарда маска тағып, қолғап киюге міндеттелді. Қоғамдық орындарда бетпердесіз жүргендерге 4 мың рубль (22 800 теңге), ал көлікте маска кимегені үшін 5 мың рубль (28 500 теңге) айыппұл салынады.

Қызыл, сары, жасыл

Көршілес Өзбекстан карантиннен шығудың өзіндік жолын ойлап тапты. 8 мамырдан бастап елдің барлық өңірі үш аймаққа – "қызыл" (коронавирус таралу қаупі өте жоғары), "сары" (қаупі орташа) және "жасыл" (қауіпсіз) бөлінеді.

"Сары" және "жасыл" аймақта орналасқан компаниялар мен мекемелер жұмысын қайта бастады. Сонымен қатар, бұл аймақтарда шаштараз бен сұлулық салондары, сауда орындары ашылды, такси қызметіне рұқсат берілді.

Сондай-ақ, елде он және одан көп нөмірі бар қонақ үйлердің жұмысы жанданды. Алайда олар бірқатар қатаң талапты сақтауы тиіс. Хостелдер сол күйі жабық.

Комендант сағатының орнына карантин енгізілді

11 мамырда Қырғызстан астанасы Бішкекте, Ош және Джалад-Абадта комендант сағаты алынып тасталды. Алайда оның орнына карантин енгізіліп отыр.

Адамдардың көшеде жүріп-тұруына шектеу қойылған. Қала тұрғындарына далаға себепсіз шығуға рұқсат жоқ. Дүкенге немесе дәріханаға баратындар өзімен бірге төлқұжаты мен маршрут қағазын алып жүруі тиіс.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда 7 қалаға әуе рейстері ашылды 

Санитарлық-карантиндік бекеттер эпидемиологиялық ахуал жақсарғанға дейін жұмыс істейді. Бір облыстан екінші облысқа кіру шектелген.

Дегенмен биліктің шешімімен төтенше жағдай аймағындағы кейбір кәсіпорындар 1 мамырдан жұмысын бастады.

Карантинді алғашқылардың бірі болып жеңілдеткен Австрия

Австрия Еуропада алғашқылардың бірі болып карантин шараларын жеңілдетті.

14 сәуірде шағын дүкендер ашыла бастады, екі аптадан кейін ірі сауда орындары, кәсіпорындар, шаштараз, сұлулық салондары іске қосылды. Музей, театр, мейрамханалар мен діни орындар мамырдың ортасында ашылады деп жоспарлануда.

Бұдан бөлек, тұрғындарға қарттар үйіндегі туыстарымен көрісуге рұқсат етілді.

Мектеп бітіретін түлектер қашықтан емес, білім ошағына келіп оқи бастады.

Адамдар дүкендер мен қоғамдық көлікте маска тағып, кемінде бір метр ара қашықтықты сақтауы тиіс.

Егер жағдай тұрақты болса, ел билігі маусым айының соңында бұқаралық шараларға рұқсат беруді жоспарлап отыр. Ал әзірше 10 адамға дейін ғана жиналуға рұқсат.

Мектеп пен балабақша ашылды

Норвегияда бүлдіршіндер балабақшаға, ал оқушылар мектепке оралып жатыр.

Сонымен қатар, автомектептер, лотереялар, шаштараз және басқа да орындар ашылды. Тұрғындар қала сыртындағы үйлеріне бара алады.

© Photo : PixabayНорвегия
Әр тұрғынға – 400 мың теңге: әлем елдері карантиннен қалай шығып жатыр - Sputnik Қазақстан
Норвегия

7 мамырдан кемінде бір метр қашықтықты сақтаған жағдайда, 20 адамға дейін топ болып жиналуға рұқсат етілді. Егер жауапты ұйымдастырушы болса, бұқаралық шараға 50 адамның қатысуына рұқсат етіледі. Ал спорттық шараларға 20 адам қатыса алады.

1 маусымнан барлар, көңіл көтеру саябақтары ашылуы мүмкін.

15 маусымнан бастап 200 адамға дейін жиналатын шараларға рұқсат етіледі, спортзалдар мен фитнес орталықтар, қоғамдық бассейндердің жұмысы қайта жанданады деп күтілуде.

Шекара ашық

Көктем басталғалы бүкіл әлем шекарасын қымтап, қауіптің бетін алғаны аян. Коронавирустың таралуы бәсеңдесе де, көбі індеттің екінші толқынынан қорқып, халықаралық рейстерді жандандырмай отыр. 

Еуроодақ елдерінің арасында Чехия – карантиннен кейін шекарасын ашқан алғашқы мемлекет. Азаматтарға ел ішінде еркін жүруге және ел аумағынан шығуға рұқсат етілген. Шетелдіктер үшін де есік ашық, олардан тек коронавирустың табылмағаны туралы анықтама талап етіледі немесе 14 күнге карантинге алынады.

11 мамырдан бастап кинотеатрлар мен театрлар іске қосылды, қоғамдық және мәдени шаралар, үйлену тойларын өткізуге рұқсат берілді. Тек қонақтар саны жүз адамнан асып кетпеуі керек.  

Жоғары сынып оқушылары мектепке барды. Тұрғындарға далаға емін-еркін шығуға, он адамға дейін топтасып жүруге рұқсат етілді.

Тағы оқыңыз: Автобусқа бетпердесіз кіруге болмайды – бас санитар дәрігер

18 мамырдан CSA Czech Airlines компаниясы халықаралық рейстерді ашады. Алайда әзірге рейстер тек бірнеше бағытқа - Амстердам, Майндағы Франкфурт, Париж және Стокгольмге жоспарланған.  24 мамырдан Киев, ал 25-нен Бухарест пен Одесса қосылады.

Коронавирустан қатты зардап шеккен елде не болып жатыр

Әлем жұртшылығын дүрліктірген індет Еуропа елдерінің ішінде Италияға ауыр соққы болып тиді. Бұл мемлекетте қауіпті вирусты жұқтырғандар саны, соңғы деректерге сүйенсек, 220 мыңға жеткен. 30 мыңнан астам адам қайтыс болды.

Вирустан сақтанған италиялықтар 10 наурыздан карантинде отырды. 4 мамырдан бастап шектеу шаралары біртіндеп жеңілдей бастады.

Кішігірім дүкендер сәуір айының ортасында ашылған, 4 мамырдан зауыттар, құрылыс алаңдары мен компаниялар жұмысын жандандырды. Сауда орындарының барлығы осы айдың соңында ғана іске қосылады, ал шаштараз бен мейрамханалар клиенттерге 1 маусымнан бастап қана қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Мектептерде оқу тек күзде ғана басталады.

Десе де, ел тұрғындары серуенге және спортпен шұғылдану үшін сыртқа емін-еркін шыға алады. Салауатты өмір салтын ұстанатындарға мынадай талап қойылған: жалғыз және күніне бір сағат қана жүгіру керек.

Ағайын-туыстың үйіне қонаққа баруға тыйым жоқ, тек бетперде киюді ұмытпасаңыз болды.

Мейрамханалар мен барлардан тамаққа тапсырыс беріп, үйге әкетуге болады, ал шаштараз бен сұлулық салондары маусым айының соңына дейін жабық қалмақ.

Қоғамдық көлікпен жүру кезінде де бірқатар шектеу бар. Мәселен, көлікте тұрып тұруға болмайды, тек отыру керек. Қала билігі тұрғындардан мүмкіндігінше велосипед немесе мотороллермен жүруді өтінді.

© REUTERS / Fabrizio BenschБерлинде дүкенде тұрған бетпердесі бар қалыңдық көйлегі
Әр тұрғынға – 400 мың теңге: әлем елдері карантиннен қалай шығып жатыр - Sputnik Қазақстан
Берлинде дүкенде тұрған бетпердесі бар қалыңдық көйлегі

Еуропаның тағы бір мемлекеті Германия да қалыпты өмірге оралып жатыр. Елде барлар, спортзалдар мен дәмханалардың есігі айқара ашылған. Мемлекеттің әр өңірі шектеу шараларын жеңілдетіп-жеңілдетпеу мәселесін өздері шешеді.

Тұрғындардың дені туыстарымен ғана емес, достарымен, әріптестерімен, таныстарымен кездесуге мүмкіндік алды. Оқушылардың біразы мектепке оралды.

Халық тығыз қоныстанған Солтүстік Рейн-Вестфалия жерінде мейрамханалар мен дәмханалар ғимараттың ішінде де, сыртында да қонақтарға қызмет көрсете алады. Тек клиенттер арасында әлеуметтік ара қашықтықтың сақталуын бақылауы тиіс.

Қоғамдық орындар мен көліктерде маска тағып жүру талабы кем дегенде жаздың басына дейін сақталады.

Төтенше жағдай мерзімін ұзартты

8 сәуірде Жапонияда Токио мен оған іргелес Канагава, Сайтама және Тиба префектураларында, сонымен қатар, Хонсю аралының оңтүстік-батысындағы Осака мен Хёго, Кюсю аралындағы Фукуока префектураларында төтенше жағдай режимі енгізілген болатын.

16 сәуірде төтенше жағдайдың күші елдің бүкіл аумағына тарады. Ал 4 мамырда Жапония премьер-министрі режим мерзімін 31 мамырға дейін ұзартты.

© REUTERS / STOYAN NENOVТокиода мамыр айының соңына дейін төтенше жағдай режимі күшінде болады
Әр тұрғынға – 400 мың теңге: әлем елдері карантиннен қалай шығып жатыр - Sputnik Қазақстан
Токиода мамыр айының соңына дейін төтенше жағдай режимі күшінде болады

Ал бұған дейін ел билігі мамыр айында індетке байланысты әр тұрғынға 100 мың иен (930 доллар немесе 400 мың теңгеге жуық) төлеуге уәде еткен еді.

Айта кетсек, Қазақстанда төтенше жағдай режимі 11 мамыр күні алынып тасталды. Бірақ, өңірлерде әлі де карантин шаралары сақталған. Ел халқы бұрынғы қалыпты өміріне толығымен қашан оралатыны әзірге белгісіз.

Жаңалықтар
0