02:11 28 Қазан 2020
Тікелей эфир
  • USD429.75
  • EUR507.45
  • RUB5.61
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
461010

Мұғалімдерді заңсыз жұмысқа тартқандар айыппұл арқалайды. Оның  мөлшері 55 560 теңгеден 333 360 теңгеге дейін

НҰР-СҰЛТАН, 10 мамыр – Sputnik. Қазақстанда мұғалімдердің шамадан тыс есеп беру мәселесін түбегейлі шешетін бұйрық мамыр айынан бастап күшіне енді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.

Министр 2020 жылы 6 сәуірде қол қойған № 130 бұйрықта орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері толтыруға міндетті құжаттардың нақты тізімі көрсетілген.

Аймағамбетов бұл құжаттың маңыздылығына тоқталды.

"Бұдан былай мұғалімдерді шамадан тыс есеп беруден арылтатын заң жүзіндегі негіз пайда болды. Енді министрлік бекіткен нақты тізім бар. "Педагог мәртебесі туралы" заңға және Әкімшілік кодекске сәйкес, мұғалімдерден бекітілген тізімнен өзге құжаттар бойынша артық есепті талап еткендерді арнайы орган айыппұл түріндегі әкімшілік жауапқа тартуға болады", - деп жазды ол фейсбуктегі парақшасында.

Мұғалім екі құжат толтырады

Министрдің айтуынша, енді пән мұғалімі күнделікті екі құжат толтырады. Біріншісі – сынып журналы, екіншісі – сабақ жоспары.

Тағы оқыңыз: Карантин кезіндегі емтихан, ҰБТ және диплом: оқушылар мен студенттер нені білуі тиіс

Сондай-ақ оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды дайындайды және әр тоқсан соңында критериалдық бағалау бойынша құжаттарды толтырады.

"Қалған құжаттың еш қажеті жоқ", - деп атап өтті Аймағамбетов.

Егер мұғалім жас педагогтің тәлімгері болып, сол үшін 17 мың теңгеге жуық үстемеақы алса, онда жас әріптесімен бірлесіп атқарған жұмысы бойынша әдістемелік құжат толтырады.

Егер мұғалім сынып жетекшісі болса, онда оқу жылының басында тәрбие жұмысының жоспарын жасайды, өткізілген ата-аналар жиналысы бойынша электрондық форматта хаттама толтырады, оқушылардың табельдерін толтырады және қажеттілігіне қарай олардың жеке істерін жаңартып отырады.

"Мектеп басшысы мен басшының орынбасарлары толтыратын маңызды құжаттардың да нақты тізімі белгіленді, артық құжаттың еш қажеті жоқ", - деді ведомство басшысы.

Айтуынша, колледж педагогтері үшін де құжаттар тізімі бекітілген.

"Шамадан тыс есеп беру көрсеткішін түбегейлі азайтуға қатысты нақты жұмыстар мектепке дейінгі және жоғары білім беру деңгейлері бойынша да жүргізіліп жатыр. Жоғары оқу орындарының оқытушылары да қажетсіз қағаз жүктемесінен арылады. Қазіргі уақытта министрлік тарапынан нормативтік құжаттарда көрсетілген бақылаудың жүргізілуіне қатысты толтырылатын құжаттар тізімі қайта қаралуда. Басым бөлігін алып тастау туралы шешім қабылданды", - деді Аймағамбетов.

Министрдің пікірінше, шамадан тыс есеп беруден арылту, ең алдымен, мұғалім жүктемесін жеңілдетеді. Оның шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді.

Тағы оқыңыз: Министр оқушылар үшін төртінші тоқсан қашан аяқталатынын айтты

"Мұғалімдерге артылған артық жүктемені азайту бойынша жағдай жасап қана қоймай, педагогтерден жоғары кәсіби біліктілікті және сапалы білім беруді талап ететін боламыз. Қоғамда білім беру сапасының неге ақсап тұрғанын түсіндіру үшін, мұғалімдердің шамадан тыс есеп беретіні, олардың өзіне тән емес жұмыстарға тартылуы, оқу бағдарламалары мен оқулықтардағы олқылықтар туралы және тағы сол сияқты мәселелер айтылады. Бірақ бұл проблеманың барлығы шешіліп жатыр және бұдан былай да шешімін таба береді", - деді министр.

Дегенмен, білім сапасы, ең алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне тікелей байланысты. Сол себепті, педагог үнемі өзін-өзі жетілдіріп, кәсіби деңгейін арттырып отыруы керек, деп жалғастырды ол.

Мұғалімді заңсыз жұмысқа тартқандарға жаза

Педагогтерді кәсіби міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, олардан қызметтік міндетіне кірмейтін мәселелер бойынша ақпарат немесе есеп талап ету фактілері бойынша арыз түскен жағдайда, білім және ғылым министрлігі білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі комитетінің аумақтық департаменттері жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Тексеріс ұйымға барып немесе қашықтан жүргізіледі.

Құқықбұзушылық фактісін дәлелдейтін материалдар:

  • педагогтердің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыс түрлеріне тартылғанын растайтын фото және бейнежазбалар, хаттардың, бұйрықтардың, актілердің, хаттамалардың көшірмелері немесе басқа да материалдар;
  • жазбаша тапсырмалар немесе олардың көшірмелері, бұйрықтардың көшірмелері, есеп беру нысандарының көшірмелері мен педагогтен білім беру саласындағы Қазақстан заңнамасында көзделмеген есептіліктің немесе ақпараттың талап етілуін растайтын басқа да материалдар;
  • ​Қазақстан заңдарында көзделмеген тексерудің жүргізілгенін растайтын фото немесе бейнежазбалар, күні, тексеруші тұлғалардың аты-жөні, тексерудің мәні және басқа да материалдар;
  • тауардың немесе көрсетілетін қызметтің фото немесе бейнежазбасы, сондай-ақ, сатып алу рәсімдері, чектері, тауарлық шоттар, шот-фактуралар, түбіртектер мен басқа да материалдар;
  • мектеп ұйымдастырмаған ​іс-шараларға қатысқанын растайтын фото немесе бейнежазба, хаттардың, бұйрықтардың, актілердің, хаттамалардың көшірмелері немесе педагогтің іс-шараларға жіберілгенін растайтын басқа да материалдар.

Егер адам алғаш рет заң бұзып, кінәсін мойындаса, комитет және оның аумақтық органы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмайды. Кінәлі адамға ескерту жасалады.

Егер заң бұзушылық қайталанса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Оның мөлшері 20-дан (55 560 теңге) 120 АЕК-ке (333 360 теңге) дейін.

Тақырып бойынша

"Мұғалімдер қобалжыды": Білім министрлігі ата-аналардан кешірім сұрады
Мұғалімдер келесі айдан бастап аттестациядан өтеді
Аймағамбетов мұғалімдерді артық жұмысқа тартқандар қалай жазаланатынын айтты
Аймағамбетов неліктен қашықтан оқытудың сабақ кестесі болмайтынын түсіндірді
Қазақстандық мұғалімдер енді жалақысын өздері есептей алады
Қашықтан оқу кезінде мұғалімдер есеп бермейді – министр
Кілт сөздер:
мұғалімдер
Загрузка...

Басты тақырып