Қоғам

Тоқаев коронавирусқа қатысты үкіметке шұғыл тапсырма берді

© REUTERS / ISSEI KATOПробирки с пробами на коронавирус
Пробирки с пробами на коронавирус - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Тоқаев дағдарыстан кейін де медицинаны дамытуға баса мән берілетінін, бұл салаға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетілетінін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев COVID-19 анықтауға арналған отандық тест-жүйесін қысқа мерзім ішінде әзірлеуді тапсырды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан

"Денсаулық сақтау министрлігі ауруды тест арқылы анықтау жұмысын барынша күшейтуге тиіс. Оны халықаралық стандартқа сәйкес, тәулігіне, кем дегенде, 20-25 мыңға дейін жеткізу қажет. Осыған орай, үкіметке қысқа мерзім ішінде отандық тест-жүйесінің өндірісін қолға алуды тапсырамын", - деді Тоқаев бүгінгі мәлімдемесінде.

Президент иммунобиологиялық препараттарды әзірлеу үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалану қажеттігін ерекше атап өтті. Вакцина қолжетімді болған кезде Қазақстан шетелдің дәрі-дәрмегін күтіп отырмауы қажет.

"Дағдарыстан кейін де біз медицинаны дамытуға баса мән береміз. Бұл салаға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетіледі. Үкімет халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс жобасына осы саланы жетілдіретін нақты ұсыныстар енгізуге тиіс. Парламент бұл кодексті сессияның соңына дейін қабылдайды деп ойлаймын, - дейді Тоқаев.

Айта кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген еді.

Президенттің мәлімдемесінің толық мәтінін Ақорданың ресми сайтынан оқуға болады.

Жаңалықтар
0