Қоғам

Карантин кезінде пітір садақаны қалай төлеуге болады

© Sputnik / Абзал КалиевАқша, теңге, тиын
Ақша, теңге, тиын - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әр азамат өз өңіріндегі мешіттің есепшотына пітір садақасы мен зекетін үйден шықпай онлайн режимде аудара алады

НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Төтенше жағдайға байланысты Рамазан айында берілетін пітір садақа мен зекетті kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы аударуға болады, деп хабарлайды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.  

Елордада бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен онлайн өткен төралқа мәжілісінде осындай шешім қабылданды.

"ҚМДБ және банк басшылығы арасында жасалған келісімге сәйкес, бұл жоба қасиетті Рамазан айында жүзеге аспақ. Бүгінде ортақ жобаның қосымша жұмыстары қалды. Жұмыс толық аяқталған соң, жақын күндерде онлайн садақа беру жобасы іске қосылады. Бұл туралы қосымша хабарланады", - делінген хабарламада.

Мобильді қосымшаға әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы орталық мешіттердің есепшоты енгізіледі. Әр азамат өз өңіріндегі мешіттің есепшотына пітір садақасы мен зекетін үйден шықпай онлайн режимде аудара алады.

Биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен бергені абзал.

Тағы оқыңыз: Бас мүфти кімдерге ораза ұстамауға рұқсат етілетінін айтты

"Өз қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына жеткен, яғни 127 мың теңгесі бар адам Рамазан айында өзі және жанұясы үшін пітір садақасын беруі – уәжіп (міндет). Пітір садақасы пенденің ораза кезінде жіберіп алған қате-кемшіліктерінің өтеуі үшін және көмекке мұқтаж жандарды материалдық қолдау мақсатында беріледі", - деп түсіндірді басқармадан.     

Биыл қасиетті Рамазан айы 24 сәуірде басталады. Төтенше жағдайға байланысты жұқпалы індеттің алдын алу үшін мешіттерде жұма, тарауық, күнделікті жамағат намаздары уақытша оқылмайды.

Сонымен қатар, мешіт пен қоғамдық орындарда ауызашар берілмейтін болды.

Жаңалықтар
0