08:41 19 Қыркүйек 2021
Тікелей эфир
  • USD425.30
  • EUR501.05
  • RUB5.85
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
Коронавирус эпидемиясы (2621)
574121

Зәуреш Жылқыбаеваның отбасымен бір дастарқанда отырмағанына бір айға жуық уақыт өткен, тек күнде кешке қоңырау шалып, амандығын біліп тұрады

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір – Sputnik, Нұргүл Абай. Ақхалатты абзал жан бүгінгі таңды да науқастармен бірге инфекциялық изоляторда атырды. Жұмысы қауырт. Елге коронавирус кіргелі тыныш ұйқыны ұмытқан. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген астанадағы көпбейінді медицина орталығы инфекциялық изоляторының аға медбикесі Зәуреш Жылқыбаева ауруханадағы өмірі мен әріптестері үшін неге ұялғанын әңгімеледі.

"Шіркін, үйге барып келсем ғой"     

Зәуреш Жылқыбаева соңғы рет үйіне 20 наурызда барған, содан бері жақындарымен тек телефон арқылы сөйлеседі.

"Алғашқы күндері отбасымды қатты сағынып, изоляторға үйренісе алмадым. Үнемі кеткің келіп тұрады, іштей "үйге барып келсем ғой, шіркін" деп армандайсың. Бірақ кәсіби міндет пен азаматтық борыш деген бар. Дәрігер мамандығын кезінде өзіміз таңдадық, жауапты қызмет екенін біле тұра бет бұрдық. Ешкім бізді мәжбүрлеген жоқ. Сондықтан қалағаныңды істеп, жауапкершіліктен қашуға болмайды", - дейді медбике.

Ақхалатты жан – төрт баланың анасы, үйдің кенжесі –13 жаста. Анасына күн сайын кешке қоңырау шалып, қашықтан қалай сабақ оқып жатқанын айтып тұрады екен.

"Сабағы әдеттегідей таңғы сегіз жарымда басталады. Ұйықтап қалып, сабағыңнан қалып қойма деп әзілдеймін. Үй тапсырмаларына келінім көмектеседі. Бір жағынан, үйде келінім болғандықтан да, мына жақта алаңсыз жүрмін", - дейді ол.

Изолятордағы бір күн

Инфекциялық изоляторда ақхалаттылардың жұмыс күні таңғы алтыдан басталады.

"Мені аға мейірбике етіп жібергендіктен, мен ешкіммен ауыса алмаймын.  Басқа медбикелер, тазалықшылар бір тәулік істеп, екі күн демалады. Инфекционист дәрігерлер де ауысыммен жұмыс істейді. Карантин болғандықтан, ешкім ешқайда шықпайды. Бәрі осы жерде тұрады", - дейд ол.

Ұйқыдан ояна салысымен, бүгін атқарылатын жұмыстар пысықталады. Дәрігерлер түнде қанша науқас түскенін қарайды, қаншасы ауруханадан шығарылатынын айтады. Содан кейін ғана барып сағат 10.00-11.00-ге қарай таңғы асқа отырады.

Көпбейінді медицина орталығы инфекциялық изоляторының аға медбикесі Зәуреш Жылқыбаева
© Photo : Жылқыбаеваның жеке архивінен
Зәуреш Жылқыбаеваның медбике болып істеп жатқанына – отыз бес жыл

Осыдан кейін қас қарайғанға дейін тағы жүгіріс.

Медбикелер вирус жұқтырған науқастардың қан қысымын, дене қызуын уақытылы өлшеп тұрады. Бес мезгіл тамақ береді. Санитарлар палаталарды күніне екі рет жуып-тазалайды.

Кешке қағаз жұмысы тағы бар.

"Жұмыс кестеміз тығыз. Демалыс дегенді ұмыттық. Далаға шығып, таза ауа жұтуға да қол тимейді. Оның үстіне, аурухананың жан-жағы жабық, күзет тұр. Тек терезені ашып, "күн бүгін тамаша екен" деп қарап қоямыз", -дейді Жылқыбаева.

Ауруханадағы жағдайға шағымданған әріптестері жайлы

"Елді індет жайлаған кезде, өз жағдайын айтып ренжуі орынсыз деп ойлаймын. Бұл курорт немесе санаторий емес. Ешкім мұнда демалуға келген жоқ. Ақхалатты абзал жандар халыққа қызмет ету үшін осы мамандықты таңдады. Өз қара басының қамын ойлайтындарды түсінбеймін. Қандай жағдай жасалса да, өз ісін адал атқарып, соңына дейін қызмет етуі керек. Кей әріптестерімнің осы қылығы үшін мен ұялдым", - деп ашығын айтты медицина қызметкері.

Жайлы керует болмаса да, төсек-орын таза, көңілім толады, деп жалғады әңгімесін ол.

"Бастығыңыз біледі, төменге түсіңіз деді" – карантинге жатқызылған еріктілердің әңгімесі

Айтуынша, үш мезгіл тамақ береді. 21 наурыздан бастап кәсіпкерлер ауруханаға күнара бір мезгіл ыстық тамақ әкелетін көрінеді.

"Бұған дейін тек аурухананың тамағын жеп жүрдік. Қазір фирмалар тегін таратып жатыр. Манты, бауырсақ, тәтті тоқаш, жеміс-жидекке дейін бар", - дейді Жылқыбаева.

Айтпақшы, жуырда үкімет бекіткен үстемеақыға бұл кісі де ілігіпті. Еңбегі еленіп жатқанына риза.  

Вирустан қорқып, жұмысқа шықпағандар болды

Астанаға жеткен індет кіші медицина қызметкерлері арасында үрей туғызған.

"Бас кезінде мынадай бір оқиға болды. Бір санитар науқастар түскен изоляторға барғысы келмей шу шығарды. "Неге басқасы бармайды, олай болса, мен жұмыстан мүлде кетемін" деді. Жарайды, бұл әр адамның өз құқығы дедім. Мына жаққа ешкім ешкімді зорлап әкеліп жатқан жоқ", - дейді аға медбике.

Айтуынша, изолятордағы әр медицина қызметкерімен эпидемиологтар әңгімелеседі, нұсқаулық өткізеді.

"Кез келген инфекция қауіпті"

Жылқыбаеваның медбике қызметіндегі еңбек өтілі – отыз бес жыл. Ал жұқпалы аурулар ауруханасында істеп жатқанына он жылдан асқан.

"Бұл адамзат үшін бір белгі": Қазақ қызы Түркияда не болып жатқанын айтып берді

"Қиындық әр уақытта болады. Он жыл ішінде неше түрлі жұқпалы дертпен күрестік. Ауруханада науқастарға орын жетпей қалған кездер де болды. Аурудың алдын алып, тазалық сақтамаса, кез келген инфекция қауіпті. Тіпті, қол жуудың да өз ережесі бар. Өкінішке қарай, кейбір адамдар коронавирустың қаупін әлі де түсіне алмай жүр. Неге біз үйде отыруымыз керек деп шулайды. Құдай қаласа, бұл ауыр сынақтан да өтерміз", - дейді ол.

Медбикенің арманы –  аман-есен үйіне оралып, жақындарымен қауышу.

Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы (2621)

Тақырып бойынша

Қазақстанда коронавирустан емделіп шыққандардың саны 86 адамға жетті
Алматыда коронавирустан қайтыс болған екінші адам туралы ақпарат шықты
Алматыда коронавирустан көз жұмған әйел қалай жерленеді
Дәрігер темекі шегетіндер үшін коронавирус қаншалықты қауіпті екенін айтты
Алматыда коронавирус табылған 14 адамның 12-cі медицина қызметкері болып шықты
Қазақстанда коронавирустан фармацевтикалық компанияның директоры қайтыс болды
Кілт сөздер:
коронавирус, Нұр-Сұлтан, аурухана, медбике
Загрузка...

Басты тақырып