Қоғам

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 87,7%-і митингке шыққысы келмейді

© Photo : Юна КоростелеваМитинг водителей
Митинг водителей - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Абаев бұл әлеуметтік сауалнамаларға қанша қазақстандық қатысқанын нақтыламады. Заң жобалары "Ашық деректер" порталында жарық көргеннен бері азаматтар 261 пікір жазған

НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Қазақстанның қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік сараптамаға сүйенсек, азаматтардың 87,7%-і митингке шыққысы келмейді. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілісте "Қазақстанда бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" және "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары таныстырылды.

Министр Дәурен Абаев митингке қатысты қазақстандықтар арасында жүргізген сауалнама нәтижелеріне тоқталды.

"Қазақстанның қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік сауалнама оған қатысқан қазақстандықтардың 87,7%-і шеруге шыққысы келмейтінін көрсетті. Ал ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің сауалнамасына сүйенсек, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 53,7%-і митинг өткізуге рұқсат алу шеру ұйымдастырушыларына міндетті болу керек деп санайды. Респонденттердің тек 21,4%-і ғана Қазақстанда болып жатқан митингтерге оң көзбен қарайды екен", - деді Абаев мәжілістегі презентацияда.

Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен DEMOSCOPE қоғамдық пікірдің экспресс-мониторингі бюросы да еліміздің барлық өңірінде қазақстандықтар арасында сауалнама жүргізген. Оның нәтижесіне сүйенсек, респонденттердің 40%-і митингтер елдегі жағдайды тек тұрақсыздандырады деп санайды. Ал 73% митингті өткізбес бұрын оны билікпен келісу керек деп есептейді екен.

Алайда Абаев бұл әлеуметтік сауалнамаларға қанша қазақстандық қатысқанын нақтыламады. Заң жобалары "Ашық деректер" порталында жарық көргеннен бері азаматтар 261 пікір жазған. Қазақстанның тоғыз қаласында қоғамдық тыңдаулар өткізілді.

Тағы оқыңыз: "Бізді надан деп ойлайсыздар ма?": Абаев Жаңаөзендегі митинг туралы пікір білдірді

Сонымен қатар, елдегі дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдеріне заң жобалары жеке таныстырылды.

"Өкілетті мемлекеттік орган ретінде барлық мүдделі тарапты қанағаттандыратын ортақ жолды табу оңайға соққан жоқ", - деді Абаев.

Жаңалықтар
0