Қоғам

Терроризм үшін сотталғандарды түрмеде қалай ұстайды?

© Photo : Рixabay/Beatrice SchmukiРешетка
Решетка - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Өткен жылдың соңында астанада "Жусан" операциясы аясында Сириядан қайтарылған 14 қазақстандыққа қатысты үкім шыққан болатын

НҰР-СҰЛТАН, 6 ақпан – Sputnik. Терроризм мен экстремизм үшін сотталғандардың басым бөлігі дұрыс жолға түседі. Дегенмен түрмеде радикалды көзқарасын өзгертпей шығатындар да бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековтің айтуынша, терроризм және экстремизм үшін сотталғандарды бөлек ұстайды. Олармен теологтер жұмыс істейді. Ішкі істер органдарының мамандары да арнайы дайындықтан өтеді.

"Әрине, біз де осы жұмысқа атсалысып отырамыз. Ешкімді назардан тыс қалдырмаймыз. Енді, ашық айтайын, түрмеде ондай адамдардың басым бөлігі дұрыс жолға түседі. Дегенмен радикалды көзқарасынан қайтпайтындар да бар. Олар бостандыққа шыққаннан кейін пробациялық кезеңде жүреді. Сол кезде біз өз жұмысымызды жалғастырамыз", -  деді Білісбеков журналистерге берген сұқбатында.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан азаматтарын қақтығыс аймақтарынан шығаруға, одан кейін дерадикализация мен қоғамға бейімдеу шараларына біраз ақша жұмсалады.

"Дегенмен ол шығындардың бәрі ақталады деп ойлаймыз. Себебі елге қайтарылған адамдардың басым бөлігі – балалар. Оларды қайтару – біздің азаматтық міндетіміз", - деп атап көрсетті Білісбеков.

Өткен жылдың соңында астанада "Жусан" операциясы аясында Сириядан қайтарылған 14 қазақстандыққа қатысты үкім шыққан болатын.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда салафиттерге тыйым салына ма – Ұлттық қауіпсіздік комитеті жауап берді

Қазақстан азаматтары қылмыстық кодекстің 174-бабы (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру), 256-бабы (терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру), 257-бабы (террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу), 313-бабы (қатыгездiк және күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату) бойынша кінәлі деп танылды.

Сот шешімімен Нұрлан Қамалов, Газинұр Бақытжанов, Руслан Қуанов, Аманжол Жансеңгіров, Тұрлан Әбілқайыров, Думан Сәдуақасов, Бақтияр Ибраев, Данабек Төреханов, Данияр Әлтаев, Дәурен Сәбитұлы, Абзал Амангелді, Алмаз Нарбутин, Ермұхан Айыпқалиев пен Жандос Әжмәмбетов 8-14 жылға бас бостандығынан айырылды. Әрбіреуі жәбірленушілердің өтемақы қорына 50 000-75 000 теңге аударуы шарт. Сотталғандардың мүлкі тәркіленбейді.

Қазақстан азаматтары Сирияда немен айналысты

Тергеу материалдарына сәйкес, сотталғандардың біреуі – 1992 жылы туған Данияр Әлтаев. Ол 2013 жылы Бішкек арқылы Сирияға барған. Лақап аты – "Әбу Юсуф". Екіншісі – 1992 жылғы Абзал Амангелді. Осыдан төрт жыл бұрын ата-анасымен бірге Сирияға көшіп кеткен. Сол жақта ДАИШ-тың* құрамына кіретін "қазақ жамағатына" қосылған. Былтыр Абзал Амангелді ДАИШ-тың* құрамынан шығып, қашып кетті. Оның бес баласы бар.

Ал Тұрлан Әбілқайыров 25 жасында әйелі және жас баласын алып, алдымен Ресейге, одан кейін Түркияға барған. Сол жақтан Сирияға заңсыз өтіп кеткен. Сөйтіп террористік топтың құрамына қосылған. Оның лақап аты – "Әбу Сейфуллах". Тағы бір сотталушы Жандос Әжмәмбетов Сирияда "Хасан" деген атпен танылған. Жасы – 29-да. 1985 жылы туған Ермұхан Айыпқалиевтің лақап аты – "Исмайл". Ол жарақат алып, мүгедек болып қалған. Айыпқалиев сот отырысына бейнебайланыс арқылы қатысты. Себебі өзі жүре алмайды.

Тағы оқыңыз: "Жусан" операциясы жалғаса ма - Ұлттық қауіпсіздік комитеті жауап берді

56 жастағы Газинұр Бақытжанов Сирияда екі бірдей лақап атпен танылған. Біреуі – "Әбу Сүлейман", екіншісі – "Бабай". Ол ДАИШ-тың* ішкі қауіпсіздік қызметіне кірген әрі әскер қатарынан қашқан Қазақстан азаматтарын құрықтауға көмектескен. Онымен бірге 1986 жылғы Аманжол Жансеңгіров жүрген. Ол сегіз жыл бұрын алдымен Ауғанстанға барған. Ал екі жылдан кейін Сирияға заңсыз өтіп, "қазақ жамағатына" қосылған. Лақап аты – "Абдулфайыз".

35 жастағы Бақтияр Ибраев та алдымен ауған жеріне барған. Бертін келе, Сирияға ауысып, сол жерде әскери тактика мен снайперлік өнерден инструктор болған. Содырлар оны "Әбу әли" деп атаған. Ал 1978 жылғы Нұрлан Қамаловтың бірнеше лақап аты болыпты. Олар – "Абдулла", "Қожеке" және "Әбу Абдулла". Ол "қазақ жамағаты" құрамында "әмір" қызметін атқарған. 28 жастағы Руслан Қуановты "Аббас" деп атапты. Ол Мысырда діни білім алып жүргенде ДАИШ-тың ықпалына түскен. Сөйтіп, Сирияға кетіп қалған. Сол жақта қазақ жігіттеріне дәріс оқыған.

Бұдан бөлек, сотталушылар арасында 1986 жылы туған Алмаз Нарбутин (лақап аты – "Солих медик"), 1988 жылғы Дәурен Сәбитұлы, 1990 жылғы Думан Сәдуақасов пен 1987 жылы туған Данабек Төреханов бар. Сотта барлығы өздерінің отбасылары жайында айтып берді. Мәселен, Алмаз Нарбутиннің екі баласы бар екен. Азаматтық некеде екі рет тұрған. Оның бір әйелі Сирияда жүргенде қайтыс болыпты.

Жаңалықтар
0