АЛМАТЫ, 6 ақпан – Sputnik. Қырғызстанның бірінші президенті Асқар Ақаевтың ұлы Айдар Ақаев Мәскеуде қайтыс болды, деп хабарлады Sputnik Қырғызстан.
Алдын ала мәліметке сәйкес, 43 жастағы Айдар Ақаевтың жүрегі кенеттен ұстап қалған. Дәрігерлер өмірін құтқара алмады.
Айдар Ақаев Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлиямен үш жыл некеде болған. 1998 жылы 18 жасында Әлия Назарбаева экс-президент Асқар Ақаевтың ұлы Айдар Ақаевқа тұрмысқа шыққан болатын. Алайда екі жастың дәм-тұзы жараспай, 2001 жылы ажырасып кетті.
Айта кетейік, Айдар Ақаев Қырғызстанның бірінші президентінің үлкен ұлы, одан кейін тағы үш баласы бар.
Бермет және Айдар Ақаевтар Жоғарғы Кеңеске кандидат болып, биліктің "Алға, Қырғызстан" партиясы атынан депутаттық мандат алды. Бұл оқиға ел арасында кеңінен наразылық тудырған болатын. 2005 жылы 24 наурызда "Ақ үйді" басып алу мақсатындағы митингтердің нәтижесінде Асқар Ақаев орнынан алынды. Ол отбасымен бірге Қырғызстаннан қашып кетті. Айдар Мәскеуде бизнеспен айналысқан.
Тағы оқыңыз: Назарбаевтың құдасы қайтыс болды
Айдар Ақаевтың кино саласында танымал Чокубаевтар әулетінің Сайкал есімді қызына үйленгені белгілі. Олардың екі баласы бар.
Ал Әлия Назарбаева Айдар Ақаевпен ажырасқаннан кейін Данияр Хасеновпен отбасын құрды. 2007 жылы Тиара, 2011 жылы Алсара есімді қыздары дүниеге келді. Алайда екі жастың отбасылық өмірі ұзаққа созылмады.
2015 жылы Димаш Досановқа күйеуге шықты. 2016 жылдың жазында Алдияр есімді ұлын өмірге әкелді.