05:45 01 Желтоқсан 2020
Тікелей эфир
  • USD425.05
  • EUR509.29
  • RUB5.58
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
7295 0 0

Алматы қалалық полиция департаментіне видеоны таратқан адамды тауып, жазалауды сұраған актер әлі күнге дейін арызына жауап алмаған

АЛМАТЫ. 5 ақпан – Sputnik. Отандық "Жаңа қоныс", "Тақиясыз періште", "Шашу" телесериалдарында басты рөлді сомдаған актер Қуандық Шәкіржанов Talk Like бағдарламасына берген сұхбатында шығармашылық жолы, ұстаздары мен отбасы, бүгінгі қазақ киносы жайында пікір білдірді. Өткен жылы болған жағымсыз оқиғаға қатысты өз ойын айтты.

Полицияға арызданған

Өткен жылы WhatsApp мессенджерінде екі ер адамның төсекте жалаңаш жатқаны түсірілген видео тараған болатын. Белгісіз біреулер видеоға Қуандық Шәкіржановтың суретін де қосып қойған еді. Өзіне жасалған қиянатқа ашуланған актер Алматы қалалық департаментіне арыз жазған.

"Бірінші қазан болатын. Балыққа барғанбыз. Қасымда балдызым, тағы бірнеше жігіт болды. Бір жігіт видео жіберді. Бәріміз не екен деп ашып қарадық. Бастапқыда сол видеоға бір үлкен ағамыздың інісінің суретін қойыпты. Сол сәтте-ақ сол видеоға менің суретімді салып жіберген. Менің өзге ұлтта дұшпаным жоқ. Басқа ұлт мені танымайды да. Мұны салып отырған қазақтар", - деді актер.

Тағы оқыңыз: Жалаңаш жатқан: полиция желіде таралған екі ер адамның видеосы туралы айтты

Қазанның екісі Алматы қалалық полиция департаментіне видеоны таратқан адамды тауып, жазалауды сұраған актер әлі күнге дейін арызына жауап алмаған.

Менің атым көп

"Қымызхана" фильмінде Бөдеш, "Шашу" сериалынан кейін Мұхаш, "Жаңа қоныстан" кейін Сағатбек атанған Қуандық Шәкіржановтың аты-жөнін көпшілік біле бермейді. Алайда актер бұған еш ренжімейтін көрінеді.

"Менің атым көп. "Көк москвич" деп атайтындар да бар. Мен оған үйреніп кеткенмін. Сериалдағы атыма қарап атай береді. Менің келіншегім де көп. "Ұятыңыз жоқ екен. Қанша келіншекпен киноға түстіңіз" деп жатады. "Нағыз келіншегіңіз кім?" деп сұрайтындар да бар", - дейді актер Шәкіржанов.

View this post on Instagram

A post shared by Куандык Шакиржанов (@kuandykshakirzhanov) on

Актер кино саласындағы жолын 2009 жылы бастаған. Ең алғаш түскен фильмі – "Мент". Фильм сол кезде осы салада енді еңбектене бастаған режиссер Медет Іргебаев, сценарист Жәмит Көшербаевпен бірге актердің туған жері Жаркентте түсірілді. Сол фильмде актриса Бақыт Әліпбаевамен ерлі-зайыптылардың рөлін сомдаған. Бүгінде көрермен қауым екі актер отбасын құрды деп ойлайды.

"Келіншегімнің есімі – Арайгүл. Абай туған Семейге күйеубаламын. Ал Бақыт өзімнің курстасым, бірнеше сериалда келіншегімнің рөлін сомдаған соң әйелі деп ойлайтындар да бар", - дейді актер.

Әртіс боламын деп бәстескен

Актер өнер жолына ешкімнің жетектеп алып келмегенін айтады. Тіпті актер бола алмайсың деген жеңгесімен бәстескен.

"Жеңгем "Сен әртіс болмайсың. Әртістер әдемі, бойы ұзын болады. Не түрің жоқ, не бойың жоқ, қалай әртіс боласың" деп айтты. Екеуміз бәстестік. "Сен оқуға түссең, ай сайын айлығымнан 20 сом салып отырамын" деді. Мен оқуға түсіп кеттім, бірақ жеңгем 20 сом салған жоқ. Қазір маған қарыз", - деп әзілдеді актер.

"Бауыржан Шоу" арқылы танымал болған актер 10 жылдан бері отандық сериалдарға түсіп жүр. Осы уақытқа дейін әкімнің есігін қағып, қалталы азаматтарға "аға", "көке" деп бармағанын айтады. "Кедейдің аздан байығаны жақсы" деген ойда."Бауыржан Шоумен" 10 жыл Қазақстанды аралап шықтым. Танымал бола бастаған соң тойға шықтық, табыс таптық. Театрда 5-10 тиын ақша тауып жүріп, жағдайымды жасадым. Қазақта "кедейдің аздан байығаны жақсы" деген сөз бар. Ақырындап шамамды бір бөлмелі үйге жеткіздім. Оны сатып, екі бөлмелі үй алдым. Әлі күнге дейін осы сатымен келе жатырмын. Несібем қаншалықты болса, соны бала-шағама жеткізіп, ағайын-туыс, дос-жаранның ортасында жүрмін", - дейді актер.

View this post on Instagram

A post shared by Куандык Шакиржанов (@kuandykshakirzhanov) on

Қуандық Шәкіржанов бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қызының мамандығы – экономист, ал ұлы әке жолымен Жүргенов атындағы өнер академиясының 4-курсында оқып жатыр.

"Ханның уәзірін сомдасам деймін"

10 жылдан бері комедиялық сериалдарға түсіп жүрген актер ханның уәзірі болып киноға түскісі келетінін де жасырмады.

"Бізде біреуді комедиядан көрсе бітті, тек комедия жанрында ойнайды деген ұғым бар. Актер деген жан-жақты болу керек. Кез келген рөлге дайынмын. Маған ханның рөлін бермейді. Біздің хандар ірі денелі, сымбатты болады ғой. Мен уәзірдің рөлін ойнай аламын", - деп әзілдеді актер.

Оның айтуынша, қазір түсіріліп жатқан фильмдер тек қаржы табу көзіне айналған. Аға ретінде Қоянбаев, Адамбаев, Алакөзоваға сын да айтты.

"Қазіргі киноларды кино деп есептемеймін. Режиссерлер маған ренжімесін. Фильмдерін бір-ақ рет көре аласың, екінші рет ешкім көрмейді. Сценарийде тәлім-тәрбие болу керек. Қазақтың қыз-жігіттері түскен кинодан ұлттың иісі шығу керек", - дейді актер.

"Нұрлан Қоянбаев, Нұртас Адамбаев, Баян Алакөзованың фильмдерін көрдім. Еңбектерін бағалаймын. Кино түсіру деген оңай емес. Аға ретінде айтарым, сценарийге көп көңіл бөлу керек. Ұлтқа жанашырлық, жастарды тәрбиелейтін жағын да ойлау керек", - деді Қуандық Шәкіржанов.

Тақырып бойынша

WhatsApp-та жалаңаш видеосы тараған қазақ актері мән-жайды түсіндірді
"Жанымды жегідей жейді" Азамат Сатыбалды ешкімге айтпаған сырымен бөлісті
Танымал қазақ актері мәжіліс депутаты болды
Ержан Максимнің анасы жұрттың бәрі баласына неге күлгенін айтты
"Елдің бетіне қарай алмаймын" белгілі актер өзін қандай мәселе қынжылтатынын айтты
Загрузка...

Басты тақырып