Қоғам

21 мың теңге неге төленбей қалды: атаулы әлеуметтік көмек енді қалай есептеледі?

© Sputnik / Абзал КалиевНациональная валюта Казахстана тенге
Национальная валюта Казахстана тенге - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Енді атаулы көмек кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы табысының айырмашылығы мөлшерінде төленеді

НҰР-СҰЛТАН, 12 қаңтар – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек қалай есептелетінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Өткен жылдың сәуірінен бастап желтоқсан айына дейін атаулы әлеуметтік көмек әрбір балаға 21 мың теңге шамасында төленіп келді. Жаңа жылдан бастап әлеуметтік көмекті төлеу шарттары өзгерді. Енді атаулы көмек кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы табысының айырмашылығы мөлшерінде төленеді.

"Сәуір айынан бастап әр балаға атаулы әлеуметтік көмек кедейлік шегінің толық мөлшері ретінде төленіп тұрса, қазір ол бұрынғы форматына қайта оралды. Енді кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы табысының айырмашылығы ретінде төленеді. Әрбір балаға кепілдендірілген 21 мың теңге осы жылдың басынан бастап төленбейді", - деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің бас сарапшысы Нұрсәуле Елеуова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Айуынша, кедейлік шегінің мөлшері әрбір өңірде әртүрлі, тоқсан сайын жаңартылып тұрады.

"Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 проценті қазір кедейлік шегі болып саналады. Бұл кедейлік шегі әрбір өңірде ерекше. Азық-түліктің бағасына қарай қалыптастырылады. Қазақстанда қазір күнкөріс деңгейінің мөлшері 30 432 теңге. Оның 70 проценті 21 302 теңге, яғни кедейлік шегі", - деп түсіндірді сарапшы.

Тағы оқыңыз: Жалақы, жәрдемақы және кредит: Қазақстанда 2020 жылдан бастап не өзгереді

Мәселен, бес бала тәрбиелеп отырған тұрмысы төмен отбасыны алайық. Жанұяда отағасы ғана жұмыс істейді, жалақысы 100 мың теңге делік.

Отбасының жан басына шаққандағы табысын білу үшін осы 100 мыңды 7 адамға бөлеміз. Әрбіріне шамамен 14 мың теңгеден келіп тұр. Атаулы әлеуметтік көмекті есептеу үшін 21 мыңнан (кедейлік шегі) 14 мыңды шегереміз. Әрбіріне 7 мыңнан келеді.

Сонда бұл отбасы ай сайын 49 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алып тұрады.

"Оның үстіне биылдан бастап барлық көпбалалы отбасыға табысына қарамастан жаңа жәрдемақы төленеді", - деп атап өтті Елеуова.

Жәрдемақы ай сайын әрбір баланың санына қарай төленеді.

Оның мөлшері:

  • 4 балаға – 42 496 теңге;
  • 5 балаға – 53 127 теңге;
  • 6 балаға – 63 757 теңге;
  • 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге.

Жоғарыда мысал ретінде келтірген бес балалы отбасы атаулы әлеуметтік көмектен бөлек ай сайын 53 127 теңге алып тұрады. Отағасының 100 мың теңге жалақысы да бар. Барлығын есептей келе, бұл жанұяның ай сайынғы табысы 200 мың теңгеге жақын. 

Айта кетерлігі, көпбалалы отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақы атаулы әлеуметтік көмекті есептеу кезінде табыс көзі ретінде саналады.

Сарапшының айтуынша, жаңа жылдан бастап егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасыға тоқтатылады.

Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтылады.

Жаңалықтар
0