Қоғам

Ата-анасы кешірген жоқ: Кореяда баланы қағып кеткен қазақстандыққа үкім шықты

© Photo : Рixabay/StockSnapРөлде отырған ер адам
Рөлде отырған ер адам - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстандық жігіттің адвокаты Чой Хак Се сот үкімімен келіспейді, үкімге шағым түсіруді көздеп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Оңтүстік Кореяда жеті жасар баланы көлігімен қағып кеткен қазақстандық екі жыл алты айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Хабар 24".

Баланың ата-анасы сотталушыны кешірген жоқ. Олардың айтуынша, ұлдарының еміне 60 миллион воннан артық (50,5 мың доллардан астам) ақша жұмсалған. Бұдан бөлек, балаларына қарау үшін екеуі де жұмыстан шығуға мәжбүр болыпты.

Қазақстандық жігіттің адвокаты Чой Хак Се сот үкімімен келіспей отыр. Айтуынша, сотта баланың жолды рұқсат етілмеген жерде кесіп өткені дәлелденген.

Бұдан бөлек, сотталушы оқиға орнынан балаға көмек көрсетіп жатқанына көз жеткізгеннен кейін ғана кеткен. Чой Хак Се жігіттің Қазақстанның құқық қорғау органдарына өз еркімен берілгенін де атап өтті.

"Бала басынан ауыр жарақат алған. Сот шешімі де осыған негізделіп отыр. Біз үкімге шағым түсіруді көздеп отырмыз. Жәбірленуші тараппен мәмілеге келуге тырысамыз", - деді сотталушының адвокаты.

Судья хабарлағандай, зардап шеккен бала ауруханадан қараша айында шыққан. Баланың әкесі сотталушының анасымен кездесуден бас тартқан.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, апелляция қабылданбаған жағдайда, жазасын өтеу мерзімі Кореяның аумағына келген сәттен, яғни 2019 жылдың 14 қазанынан бастап есептеледі. Қазіргі уақытта Қазақстан азаматы Чангвон қаласының түрмесінде отыр.

Оңтүстік Кореядағы жол апаты

Оқиға осы жылдың 16 қыркүйегінде болды. Чханвонда 20 жастағы қазақстандық дүкеннен шығып, үйіне бара жатқан 7 жасар баланы қағып кеткен. Салдарынан баланың басына қан құйылды. Ал жас жігіттің көлігі оқиға орнынан бірнеше шақырым жерден табылды.

Жергілікті полиция күдіктінің келесі күні Инчхон әуежайынан ұшып шыққанын хабарлады. Кейінірек қазақстандықтың Павлодарда жүргені анықталды.

Тағы оқыңыз: Кореяда қонақүйде мауқын басқысы келгендер бүкіл әлемге масқара болды

14 қазанда Қазақстан азаматы өз еркімен Сеулге барды. Белгілі болғандай, отандасымыз Кореяда заңсыз жүрген, жүргізуші куәлігі де болмаған.

Оңтүстік Корея осы жол апатынан кейін елде заңсыз жүрген шетелдіктер үшін елден шығу ережелерін күшейтті.

Жаңа ережеге сәйкес, заңсыз иммигранттар 3-15 жұмыс күні ішінде иммиграция орталығына немесе шетелдіктер орталығына барып, елден шығатынын алдын ала ескертуі тиіс. Осы уақыт аралығында билік олардың қандай да бір қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп шығады.

Бұдан бөлек, билікке хабар бергеннен кейін, шетелдіктерге елден шығатын күнін өзгертуге тыйым салынды.

Жаңалықтар
0