Қоғам

Тоқаев қазақстандықтарды алғаш рет Жаңа жылмен құттықтады

© Photo : Сайт АкордыКасым-Жомарт Токаев принял участие в стратегических командно-штабных учениях
Касым-Жомарт Токаев принял участие в стратегических командно-штабных учениях - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мемлекет басшысының алғашқы мерекелік құттықтауын Жаңа жыл түнінде барлық республикалық телеарна көрсетті

НҰР-СҰЛТАН, 1 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды алғаш рет Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. 

"Өтіп бара жатқан 2019 жыл еліміз үшін аса маңызды оқиғаларға толы болды. Қазақстан тарихи дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Тұңғыш Президент, мемлекетіміздің негізін қалаған ұлы тұлға, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық жолы сақталды. Халқымыз президент сайлауында маған зор сенім артты. Осы орайда, қолдау көрсеткен азаматтарға және бүкіл халыққа шынайы ризашылығымды білдіремін", - деді мемлекет басшысы.

Тоқаев бүгінде әлемдегі тұрақсыздыққа қарамастан Қазақстан экономикасы орнықты дамып келе жатқанын атап өтті. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін нақты шаралар жүзеге асырылды.

"Бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын, зейнетақыны, жәрдемақыны және студенттердің стипендиясын көбейтетін болдық. Әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға қолдау көрсету үшін біз бұрын-соңды болмаған бірегей шешім қабылдадық. Соның арқасында 500 мыңнан астам борышкердің қарызы айтарлықтай азайды", - деп еске түсірді президент.

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдау үшін теңдессіз шаралар қабылданып, жаңа жұмыс орындары ашылатынын баса айтты.

Сондай-ақ ол 2020 жылға жоспарланған шараларды тізіп шықты. 

"Келесі жылы Конституциямыздың 25 жылдығын атап өтеміз. Абайдың, Әл-Фарабидің мерейтойларына дайындық жұмыстарын бастадық. Алтын Орданың 750 жылдығын мемлекет деңгейінде атап өтетін болдық. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына ширек ғасыр толады. Тиісті іс-шаралардың барлығын ысырапшылдыққа жол бермей, мазмұнды ой тудыратын деңгейде өткіземіз", - деді Тоқаев.

Оның айтуынша, оң өзгерістер жаңа 2020 жылда лайықты жалғасын табады. Дегенмен, сын-қатерлер аз емес. Сондықтан, ел үшін, халық үшін адал қызмет етуіміз керек. Қазақстан дамыған, өркениетті елдердің қатарына қосылуы қажет. Біз үшін бұдан басқа тура жол жоқ.

"Біз 2020 жылды Еріктілер жылы деп жарияладық. Бұл игі істердің бастауы болады. Мұндай шаралар қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты нығайту үшін керек. Келесі жылы халқымыз жағымды жаңалық пен қуанышты сәттерге кенеле берсін! Жаңа жыл әрбір азаматқа, әрбір отбасыға бақ-береке әкелсін! Отанымыз – Қазақстан өркендей берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!", - деп түйіндеді президент. 

Ақорданың баспасөз қызметі құттықтаудың толық мәтінін жариялады.

Назарбаевтың отставкасы

Тоқаев 2019 жылдың 20 наурызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасынан кейін президент болды.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда 2020 жылдан бастап не өзгереді

Өткен жылдың жазында Қазақстанда президент сайлауы өтті. Оған алғаш рет Елбасы үміткер ретінде қатысқан жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев 76 проценттен астам дауыс жинап, сайлауда жеңіске жетті.

Жаңалықтар
0