Қоғам

ҰҚК "Олимп" кеңсесіне басып кірді: букмекерлік компания мәлімдеме жасады

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги в руках, архивное фото
Деньги в руках, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Олимп" букмекерлік компаниясы лицензияны жарты жылғы тоқтату жөніндегі сот шешіміне шағым түсіруді жоспарлап отыр

НҰР-СҰЛТАН, 7 желтоқсан — Sputnik. "Олимп" букмекерлік кеңсесі компанияның лицензиясы тоқтатылды деген ақпарат шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.

"Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың 2019 жылдың 29 қарашасында шыққан қаулысы заңды күшіне енген жоқ", - деп жазылған ұйымның ресми сайтында.

Сондай-ақ жуық арада "Олимп" соттың лицензияны тоқтату туралы шешіміне шағым түсіруді көздеп отыр.

Айта кетсек, 6 желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сайтында Алматы қаласы бойынша комитет департаменті мен қалалық прокуратура "Олимп" букмекерлік кеңсесінің әкімшілігіне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастағаны жөнінде ақпарат жарияланды. Олар заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінді.

Компания Қазақстан заңнамасының нормаларын бұзып, интернет-ресурстар арқылы лицензияланбаған қызмет көрсеткен. Табыстан салық төленбегені белгілі болды.

"Ел аумағынан ақшаны заңсыз шығару арнасы анықталып, жолы кесілді. Қаржы қылмысына қатысты өзге де әрекеттер анықталып жатыр", - деп жазылған ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарламасында.

"Олимп" сауда маркасымен жұмыс істейтін "Only bet" және "Alpha bet" ЖШС-ның лицензиясы алты айға тоқтатылды. Мұндай шешімді Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты шығарған.

Жаңалықтар
0