Қоғам

Министр мұғалімдердің өмірі қалай өзгеретінін айтты

© Sputnik / Абзал Калиев1 сентября. Лицей-интернат "Білім-Инновация" для одаренных девочек города Нур-Султан
1 сентября. Лицей-интернат Білім-Инновация для одаренных девочек города Нур-Султан - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Педагог мәртебесі туралы" заң жобасы 19 баптан тұрады. Осы құжат жарты миллионнан астам ұстазды қамтиды

НҰР-СҰЛТАН, 28 қараша – Sputnik. Мәжіліс депутаттары "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, үш жылдан кейін мұғалім қызметіне жаңадан кірісетін мамандар үшін біліктілік тестін енгізу жоспарланып отыр.

"2022 жылы 1 қаңтардан бастап ұстаз ретінде кәсіби қызметін жүзеге асыруға алғаш рет кірісетін тұлғалар педагог біліктілігінің сәйкестігін растауы тиіс. Мұғалімдердің этика мәселелеріне де көңіл аударылуда. Сонымен қатар, педагогикалық жұмысқа жіберілмейтін себептер де кеңейтіліп отыр. Әр білім беру мекемесінде әдеп бойынша кеңестер институты енгізілуде", - деді Аймағамбетов мәжілістің пленарлық отырысында.

Ал материалдық емес ынтыландыру аясында ұстаздардың балаларына балабақшадан бірінші кезекте орын беру нормасы қарастырылды.

"Бұған қоса, "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік марапатының жаңа түрі сияқты бірқатар материалдық емес стимулдар да қаралып отыр. Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мұғалімдерге үстеме жалақы, денсаулық сақтау, үздік педагог, жоғары оқу орнының үздік ұстазы сияқты барлық әлеуметтік кепілдіктер де осы заңда сақталды", - деп атап көрсетті министр.

Тағы оқыңыз: Вице-министрдің табысы Қазақстан мұғалімдерінің жалақысынан 8 есе көп

Айта кетейік, "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасы 19 баптан тұрады. Осы құжат жарты миллионнан астам ұстазды қамтиды. Негізгі төрт бағыты:

• Ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемені азайту;
• Мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту;
• Материалдық емес тетіктер;
• Материалдық ынталандыру;

"Педагогтардың жүктемесіне қатысты мәселе - шын мәнінде үлкен проблема. Зерттеуге сәйкес, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері ішінде қазақстандық мұғалімдердің жүктемесі ең көп болып отыр. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттерде 38 сағат болса, бізде 48,8 сағат. Сондықтан бұл норма өте маңызды болып тұр", - дейді білім министрі.

Жаңалықтар
0