Қоғам

Қазақстанда қоршаған ортаны ластайтын заттардың электронды дерекқоры жасалады

© Photo : pixabay / fancycrave1Компьютер
Компьютер - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Өткен жылы республикада қоршаған ортаны ластайтын заттардың жалпы көлемі 2,5 миллион тоннаны құраған

НҰР-СҰЛТАН, 16 қазан – Sputnik. Қазақстанда ауаны, табиғатты ластайтын қауіпті заттардың электронды дерекқоры жасалады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында "Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияға Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімдері туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлданды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, хаттамаға қосылудың мақсаты Орхус конвенциясының ережелерімен негізделген.

Тағы оқыңыз: Тоқаев қоқыс полигондарын тәртіпке келтіруді талап етті 

"Ауаға шығарылатын, су мен топыраққа төгілетін қауіпті химиялық заттар мен ластағыштардың жыл сайынғы көлемін, өнеркәсіптік және басқа да объектілерден алынатын қалдықтар ақпаратын жинау, өңдеу үшін кадастрлар немесе ластауыштар тізімін біртіндеп енгізу жөнінде шаралар қолдануға міндеттіміз. Бұл регистр "ауаға, табиғатқа қай нысандар ластаушы, қауіпті химиялық заттарды шығарып жатыр?" және "қай уақыт аралығында қандай көлемде шығарылады?" деген сұрақтарға толық ақпарат береді", - деді министр.

Айтуынша, 2018 жылы Қазақстанда ластаушы заттардың жалпы көлемі 2,5 миллион тоннаны құраған.

"Қазір халықтың экологиялық жағдайға қызығушылығының өсуіне байланысты, біздің елімізде қоршаған ортаның жай-күйі туралы халықты уақтылы хабардар ету бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі "AirKz" мобильдік қосымшасы іске қосылып, облыс әкімдіктері жұртшылықты ақпараттандыру үшін LED-экрандар орнату бойынша жұмыс жүргізуде. Осы LED-экрандарда ауаның сапасы туралы мәлімет беріледі", - деді ол.

Мырзағалиев қазір елімізде бірінші санаттағы ластауыш болып саналатын 2200 ірі кәсіпорын бар екенін атап өтті. Енді осы конвенцияға сәйкес, қазақстандықтар арнайы әзірленген веб-сайт арқылы 24 сағат бойы кез келген кәсіпорынның мәліметтерін қарай алады. Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында бұл конвенцияға қосылып отырған алғашқы мемлекет екен.

"Шетелдік компаниялар да бұл веб-сайтта өз мәліметтерін жария етеді. Деректердің дұрыс-бұрыстығын табиғат пайдаланушылардың өздері реттейді. Егер олар жалған ақпарат берсе, онда кәсіпорынға айыппұл салынады",-  деді министр мәжіліс кулуарында.

Экология министрлігі регистр порталын болашақта бірыңғай мемлекеттік мониторинг жүйесі аясында басқа да ақпараттық жүйелермен өзара интеграциялауды жоспарлап отыр. Веб-портал келесі жылы пайдалануға берілмек.

Жаңалықтар
0