Қоғам

"Басын қатерге тігіп жатыр": қорғаныс министрі қазақстандықтарға үндеу жасады

© Sputnik / Тимур БатыршинМинистр обороны РК Нурлан Ермекбаев. Военные учения на реке Или
Министр обороны РК Нурлан Ермекбаев. Военные учения на реке Или - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Нұрлан Ермекбаев Арыстағы әскерилер қиын жағдайда жұмыс істеп жатқанын мәлімдеп, Қазақстан халқынан оларға қолдау көрсетуді өтінді

НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласын оқ-дәріден тазарту жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің мәліметінше, Арыс қаласындағы жағдайды реттеу үшін 700-ден астам адам тартылған.   

"Біз қазір Жоғары бас қолбасшының тапсырмасын орындап жүрміз. Қалған оқ-дәріні тезірек шығаруды талап етіп отырған арыстықтардың талабы, мемлекеттік қажеттілік бар. Біз ондағы жұмыстарға әскерге шақырылғандарды жұмылдырмаймыз. Тек біліктілігі жоғары, даярланған саперлер мен инженерлер, әскери полицейлерді тартамыз. Барлығы да келісімшарт бойынша қызмет ететіндер", - деді Ермекбаев үкімет кулуарында.

Ол Арыс маңында қанша оқ-дәрі қалғанын айтуға құқы жоқ екенін атап өтті.

"Әскерилер барлық жерде жұмыс істеп жатыр. Алайда қазір қала тұрғындарына тікелей қауіп төніп тұрған жоқ. Қаланың барлық дерлік аумағы тазартылған. Негізгі жұмыстар жарылыс болған әскери бөлімнің аумағында жүргізіліп жатыр. Жұмыс қауіпті", - деді министр.

Оның айтуынша, әскери қызметшілер Арыс тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етіп, алға қойылған міндетті орындау үшін саналы түрде басын қатерге тігіп жатыр.

"Әскерилерден басқа бұл міндетті ешкім орындай алмайды. Бұл үшін біліктілігі жоғары, дайындалған кәсіби мамандар қажет", - деп жалғастырды Ермекбаев.

Осы орайда министр қазақстандықтарды әскерилерге моралдық қолдау көрсетуге шақырды.

"Олар қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр. Нағыз жауынгерлік ахуал, өмірлері үшін қауіп-қатер бар", - деді Ермекбаев.

Тағы оқыңыз: Қорғаныс министрі дабыл қақты. Қазақстанның сегіз мың әскері көтерілді

Айта кетсек, 11 қазанда арнайы жабдықталған полигон аумағында (Арыс қаласынан 60 шақырым жерде) оқ-дәрілердің жиналған фрагменттерін жою бойынша жоспарлы жұмыс барысында топ жетекшісі, әскери бөлімнің инженерлік қызметінің бастығы, майор А.С.Ақышев ауыр жарақат алып, көз жұмды.

Қорғаныс министрі Ақышевтің отбасына көңіл айтты.

Трагедияның нақты себебі мен салдары анықталуда. Тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні сағат 10 кезінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.

Төтенше жағдай салдарынан төрт адам қаза тапты: екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала. Жарылыстан зардап шеккен бала санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілген болатын. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.

Жаңалықтар
0