Қоғам

Министр Біртанов алматылық дәрігерлердің ісіне қатысты пікір білдірді

© Sputnik / Рамиль СитдиковПапки с документами, архивное фото
Папки с документами, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Денсаулық сақтау министрі дәрігерлерді қамауға алу шарасымен келіспейтінін жеткізді. Ол кәсіби мамандар жұмыстан шеттетілмеуі керек деп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 27 қыркүйек – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыдағы бас дәрігер мен анестезиологтың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, қылмыстық іс кәсіби міндеттерді тиісті деңгейде орындамау бойынша қозғалған болатын. Енді, барлық тергеу шаралары заң аясында атқарылуы шарт. Біртанов осы мәселені өз бақылауына алды. Себебі толыққанды сараптама жасалып, өлімнің нақты себебі анықталуы шарт.

"Дәрігерлердің тарапынан қателік болды ма? Олар шынымен де өз міндеттерін тиісті деңгейде орындаған жоқ па? Бәлкім, солай болған шығар. Бірақ адам өлімі содан болды ма? Осыны анықтау қажет. Ол үшін тиісті органдар бар. Бас прокуратура да осы жағдайды бақылауда ұстап отыр деп ойлаймын", - деді Біртанов үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министр дәрігерлерді қамауға алу шарасымен келіспейтінін де жеткізді. Себебі екеуі де кәсіби маман және өз жұмысын жалғастыруы қажет.

"Меніңше, бас бостандығынан айыру сияқты шараны қолданудың қажеті жоқ. Дәрігерлер өз жұмысын жалғастыра беруі керек. Себебі олардың кәсіби дайындығы да, біліктілігі де жақсы. Мемлекет басшысының үн қатқанына да қуаныштымыз. Енді қылмыстық кодекс бойынша тергеу шараларын өткізу керек. Олардың кінәсі дәлелденсе, сот өз шешімін шығарады", - деді Біртанов.

Оның айтуынша, Қанат Тезекбаев қамауға алынғанға дейін бас дәрігер қызметінен кеткен болатын. Ал мұндай шешімді министрлік емес, жергілікті билік, яғни Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы қабылдайды.

"Біз біреуді жұмысқа алып, шығара алмаймыз. Білуімше, заң бойынша оның (Қанат Тезекбаев - Sputnik Қазақстан) әкімшілік жұмыспен айналысуына әзірше шектеу жоқ", - дейді Біртанов.

Алматылық дәрігерлердің ұсталуы

Алматыда №4 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Қанат Тезекбаев ұсталған болатын. №2 мамандандырылған ауданаралық тергеу соты екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған.

Дәрігерге қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі ("Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы")  бойынша айып тағылды. Тезекбаевтың бас дәрігер қызметінен уақытша шеттетілгені хабарланды.

Тағы оқыңыз: "Темір көрініп тұр". Алматыда ота жасатқан әйел өз көзіне өзі сенбеді

Сондай-ақ, сот санкциясымен №4 қалалық клиникалық ауруханасының анестезиологы Асқар Тұңғышбаев та екі айға қамауға алынды. Ол да осы бап бойынша айыпталып отыр.

Егер кінә дәлелденсе, үш жылға дейін белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылып, бес жылға дейін сотталуы мүмкін.

Тоқаевтың тапсырмасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қанат Тезекбаев пен Асқар Тұңғышбаевтың ұсталуына қатысты істі бақылауға алды. Бұл туралы президент Twitter-де жазды.

​Бұған дейін желіде Тезекбаевтың ұсталуы Нұрсұлтан Күдебаевтың өлімімен байланысты болуы мүмкін екені жазылған хат тараған еді. Алматы полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың ұлы Нұрсұлтан Күдебаев биыл тамыздың басында Алматы облысында квадроциклмен жол апатына түскен болатын. 27 тамызда жас жігіт Германиядағы емханалардың бірінде көз жұмды.

Дәрігерлер босатылды

Осыдан екі күн бұрын Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Қанат Тезекбаевқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгертті. Алматыдағы № 4 қалалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылды.

Cондай-ақ, бұл соңғы шешім және шағым түсірілмейтіні хабарланған. Анестезиолог Асқар Тұңғышбаев та қолхатпен босатылды.

Жаңалықтар
0