Қоғам

Мұхтар Жәкішевті мерзімінен бұрын босатуға қатысты соттың шешімі шықты

© AP Photo / STRМұхтар Жәкішев
Мұхтар Жәкішев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бүгін Семейде сот Мұхтар Жәкішевтің шарты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қарады

НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішевтің шарты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін сот қанағаттандырмады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Отырыс кезінде Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев екі сағатқа жуық сөз сөйледі. Оның айутынша, түрмеде отырған Жәкішевтің денсаулығы нашарлап кетті. Ол бірнеше ауруға душар болды. Бірақ әлі күнге дейін толыққанды медициналық тексерістен өткен жоқ. Бүгінде ол біраз дәріні ішіп, емделуге мәжбүр. III топтағы мүгедек туралы анықтамасы бар.

"Мұхтар Жәкішев "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы банкротқа жақын тұрғанда басшылыққа келді. Бұл біздің президентіміздің өтініші еді. Мұхтар Еркінұлы қысқа уақыттің ішінде компанияны көтерді, "экономикалық монстрға" айналдырды деуге болады. Көптеген ірі компаниялар "Қазатомөнеркәсіпке" қарап, бой түзеді. Ірі мемлекеттер Қазақстанмен әріптест болуға ұмтылды. Мұхтар Жәкішев атом энергетикасы саласындағы ғылымды дамытуды көздеді. Ондай адамға ізгі көзқараспен қарау қажет", - деді Бейсекеев.

Қорғаушылардың сөзіне қарағанда, сотқа дейін "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы тарапынан материалдық шығын келтіргені туралы арыз-шағым түспеді. Бүгінгі сот отырысына да компанияның өкілдері келген жоқ.

"Осының өзі компания тарапынан арыз-шағымның жоқ екенін көрсетіп отыр. Мұхтар Жәкішев түрмеде, ал "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы байып жатыр", - дейді қорғаушылар.

Тағы оқыңыз: Сот залынан шыққан Суханбердиеваның көңілі босап кетті – видео

Дәрігерлер Жәкішевтің денсаулығына қатысты ақпаратты растады. Түрме өкілдері де Жәкішевті шартты түрді мерзімінен бұрын босатуға болатынын мәлімдеді.

Жәкішев өз кезегінде бұған дейін болған сот отырыстарын еске алып, өзіне тағылған айыптардың негізсіз екенін жеткізді. Ал прокурор сотталғанды мерзімінен бұрын босатуға қарсылық білдірді. Сот Жәкішевтің өтінішін қанағаттандырмады.

Судья Ермек Шмыровтың айтуынша, заң бойынша бас бостандығынан айырылған адам қылмыс кезінде жасаған шығынды толығымен өтеген жағдайда ғана мерзімінен бұрын босатылады. Ал Мұхтар Жәкішев келтірген шығынды өтеген жоқ.

"Қапшағай қалалық сотының 2014 жылғы 15 мамырдағы орындау қағаздарына сәйкес, Жәкішевтен зардап шеккендердің атына 99 миллиард теңгеден астам шығын өндірілген. Бұл шығын қылмыс кезінде жасалды. Дәл осы ақшаны толығымен өтеу туралы құжаттар сотқа ұсынылған жоқ. Ал қорғаушының "Жәкішев Қапшағай сотының шешімімен тек 2018 жылы ғана танысты" деген уәжін негізсіз деп санаймыз. Соттың шешімі заңды күшіне енді және орындауға жіберілді", - деді Шмыров.

Айта кетейік, Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамыр айында тұтқындалған болатын. Келесі жылы оны 14 жылға бас бостандығынын айыру туралы шешім шығарылды. Өткен жылы түрмедегі мерзімнің жартысынан көбі өтті. Осыған байланысты Жәкішев шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш білдірді. Алайда Семей қаласының соты аталған өтінішті қолдаған жоқ.

Былтыр шілде айында Жәкішевті Семейдегі ОВ-156/14 колониясына ауыстырды. Бұған дейін ол Алматы облысындағы Заречный ауылында және Қарағанды облысындағы Долинка елді мекеніндегі түрмеде отырды.

Жаңалықтар
0