Қоғам

Дәрігер телефонның жарығы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін айтты

© Sputnik / Дәурен ЕрболатОфтальмолог, микрохирург дәрігер Сұңғат Көпенов
Офтальмолог, микрохирург дәрігер Сұңғат Көпенов  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сұңғат Көпенов адамдардың көру қабілетін лазер арқылы 45 жасқа дейін қалпына келтіруге болатынын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде – Sputnіk, Дәурен Ерболат. Нұр-Сұлтандағы орталық теміржол ауруханасының офтальмолог, микрохирург дәрігері Сұңғат Көпенов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында көз аурулары жасарып бара жатқанын, ұялы телефонның жарығы неге зиян екенін, ол қандай дертті қоздыратынын айтып берді.

Сұңғат Көпенов көз дәрігері болу үшін 10 жылдай оқыған. "Астана" медицина университетінде бакалавр дәрежесін алады. Кейін Ресейдің медициналық жоғары оқу орындарында біліктілігін шыңдаған. Офтальмология саласында еңбек етіп жүргеніне 5 жыл болыпты.

"Жастар алыстан көре алмайтын болды"

Дәрігер дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйене отырып, соңғы 30 жылда миопиямен (алыстан көре алмау) ауратындардың саны 4,5 есеге артқанын атап өтті.

"Көз аурулары жасарып барады. Мысалы, жастар арасында құрғақ көз сидромы, миопиямен жиі ауыратындар көп. Бұл гаджеттерді пайдаланумен байланысты. Соның салдарынан жастар арасында "құрғақ көз" синдромы көп кездесетін болды. Бұрын бұл дертпен егде жастағы адамдар ауыратын", - дейді Сұңғат Көпенов.

Оның айтуынша, бүгінде қазақстандықтар арасында конъюктивит, блефарит, қабақтың және көздің шырышты қабатының қабынуы сияқты аурулар да жиі тіркеледі. Ал 60 жастан асқан егде жастағы адамдар арасында катаракта дертіне шалдығатындар көбейген. Катаракта – көз жанарының бұлдырап, қарауытуымен байланысты ауру.

Ұялы телефонның жарығы көзге зиян

Әңгіме барысында офтальмолог компьютерге қарағанда планшет пен ұялы телефонның неліктен көзге көбірек зиян келтіретінін түсіндіріп берді.

"Компьютерге қарағанда планшет пен смартфон, ұялы телефон  көзге көп зиянын тигізеді. Себебі, дербес компьютердің мониторы үлкен. Ондағы әріптер көзге жақсы көрінеді. Яғни біз монитордағы мәтінді оқу үшін көзімізге көп күш түсірмейміз. Ал смартфон мен планшет, ұялы телефондағы мәтін кішкентай. Біз оны оқу үшін көзімізге жақындатамыз. Осылайша, көзіміздегі бұлшықеттерге салмақ түседі. Салдарынан көру қабілетіміз нашарлайды", - дейді микрохирург.

Құрғақ көз синдромы деген не?

Дәрігердің айтуынша, ұялы телефонға көп қарағаннан құрғақ көз синдромы пайда болып, көздің алыстан көру қабілеті әлсіреп, жақыннан көруге мүмкіндік беретін бұлшықеттер құрысады.

"Құрғақ көз синдромы кезінде көздің мүйізгек қабығы, яғни көздің сыртқы қабаты құрғақ болады. Себебі, жас бөлінбейді немесе ол буланып кетеді. Яғни жас адамның көзін сыртқы факторлардан: құрғақ ауадан, желден, шаңнан қорғамайды. Біз компьютердің алдында отырғанда, телевизор көргенде, гаджет және ұялы телефонды ақтарғанда көзіміз құрғайды. Егер жоғарыда аталған ауруды емдемесе, адам соқыр болып қалуы мүмкін. Сондықтан бұл дертті асқындырып алмаған жөн", - дейді Сұңғат Көпенов.

Микрохирург бұл ауруға шалдыққан адамның көзі жыпылықтап, жиі жас ағатынын атап өтті. Ол осындай жағдайда бірден дәрігерге баруға кеңес берді.

"Глаукома" да қауіпті

Сұқбат барысында дәрігер "глаукома" деген көз ауруының адам өмірі үшін қауіпті екенін жеткізді. Бұл ауруға шалдыққан науқас көзге арналған тамшыларды үнемі тамызып отыруы қажет. Егер олай істемесе, көру қабілетінен айырылу қаупі жоғарылайтын көрінеді.

Көзді қалай күткен жөн

Сұңғат Көпенов қазақстандықтарға жылына бір рет дәрігерге қаралып тұруға кеңес береді.

"Біріншіден, адам ауырмаса да, жылына бір рет дәрігерге қаралып тұру қажет. Екіншіден, компьютердің алдында отырсаңыз, әрбір 20 минут сайын көзді демалдырып, оған жаттығу жасап отыру керек. Көзіңіз қызарса, нашарласа, бірден дәрігерге қаралыңыз", - дейді офтальмолог.

Үшіншіден, оның айтуынша, базардан сатып алынған көзілдірік – өте қауіпті. Көзілдірікті арнайы тапсырыспен жасату керек.

"Өз денсаулығыңыздан ақшаны аямаңыз! Төртіншіден, ұйықтар алдында қараңғы бөлмеде компьютер немесе смартфон арқылы жаңалық оқуға кеңес бермес едім. Бұл ұйқының фазасын бұзып, оның сапасын төмендетеді", - дейді офтальмолог.

Балаларға телефон немесе планшет берген дұрыс па?

Кейбір ата-аналар кішкентай балаларына жыламасын деп планшет, ұялы телефон беріп қояды. Дәрігердің айтуынша, бұл балалардың көру қабілетін төмендетеді.

"Ата-аналардың әрекетіне баға бере алмаймын. Мұны өздері шешеді. Бірақ бұл мәселеге қатысты дәрігер ретінде өз ойымды айтайын. Балалар компьютер және планшетпен ұзақ ойнауы мүмкін. Бұл көзге артық салмақ түсіріп, түрлі көз ауруларын қоздыруы ықтимал. Оның қандай аурулар екенін біз жоғарыда атап өттік. Салдарынан баланың көзі нашарлауы ықтимал. Ондай қауіп бар", - дейді Сұңғат Көпенов.

"Көз жанарын қалыпқа келтірдік"

Микрохирург қазақстандықтар отшашу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін де ескертіп өтті.

"2017 жылдың қысы еді. Адамдар жаңа жылды тойлап жатты. Түнде ауруханаға бір пациент түсті. Ер адам сағат 00:00-де балалармен бірге отшашу атқан. Бірақ бір фейерверк жарылмай қалыпты. Пациент жарылмаған отшашуды қолына алып қараған. Неге жарылмағанын білгісі келген. Осы кезде отшашудың ұшқыны көзіне тиіп, орны толмас зақым келді. Біз оған тиісті медициналық көмекті көрсеттік. Мен кезекші дәрігер болдым. Оған операция жасадық. Нәтижесінде көз жанарын 40%-ке қалпына келтірдік", - дейді дәрігер.

Сөз соңында Сұңғат Көпенов адамдардың көру қабілетін лазер арқылы 45 жасқа дейін қалпына келтіруге болатынын, мұндай операция кезінде де қауіп болатынын атап өтті.

Жаңалықтар
0