Қоғам

4 проценттік автокредитті қалай алуға болады

© Sputnik / Алексей Мальгавко / Медиабанкке өтуАвтокөлік, архивтегі сурет
Автокөлік, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бағдарламаның талабына сәйкес, арзан автокредитке тек отандық көліктерді алуға болады

НҰР-СҰЛТАН, 14 шілде – Sputnik.  2015 жылы Қазақстанда 4 проценттік автокредит бағдарламасы қабылданған болатын. Содан бері 13 мыңнан астам көлік аталған шарттармен сатылды. Sputnik Қазақстан тілшісі автосалондарды аралап, 4 процентке көлік кредитін қалай алуға болатынын және артық төлемнің қаншаға шығатынын біліп қайтты.

"Адамдар көп сене бермейді"

Аталған бағдарламаның басты талабына сәйкес, кредитке берілетін көлік өз елімізде құрастырылуы шарт. Осылайша, мемлекет отандық өнімнің көптеп шығуына қолдау жасайды. Республикалық бюджеттен жыл сайын осы бағдарламаға қосымша қаржы бөлініп тұрады. Қаржы кеңесшісі Салтанат Өмірзақованың айтуынша, бюджеттен қосымша қаржы бөлінгенде халықтан түсетін өтінімдер қысқа уақыттың ішінде қаралады. Одан кейінгі уақытта жарты жылға, тіпті бір жылға дейін созылуы мүмкін.

"Мысалы, мамыр айында қосымша қаржы бөлінгенде кейбір адамдар өз көлігін он күннің ішінде алып кетті. Ал күні кеше ғана 5 миллион теңгенің көлігіне өтінім берген адам өзінің темір тұлпарын алды. Оның өтінімі екі айдай қаралды. Мен өзім бір автосалонда 11 кредитті рәсімдеп бердім. Негізі, өтінім беретіндер көп. Бірақ барлығы бірдей алғашқы жарнаны сала бермейді. Ал онсыз автокредит рәсімделмейді", - дейді Өмірзақова.

Тағы оқыңыз: "7-20-25" автокредиті берілмейтін болды – Ұлттық банк

Оның сөзіне қарағанда, адамдар "өтінімді қарау мерзімі жарты жылға созылуы мүмкін" дегенді естігенде сенімсіздікпен қарай бастайды. Банктер алғашқы жарнаны алып қойып, айналдырады деп ойлайды. Ал ережеге сәйкес, алғашқы жарна бірден автосалонның есепшотына түседі. Өтінім мақұлданбаса, оны иесіне қайтарады.

Автокредит қалай рәсімделеді?

Автокредиттің құжаттары екінші деңгейлі банкте ғана емес, осы бағдарламаның үйлестірушісі – Қазақстанның даму банкінде де қаралады. Барлығын тізім бойынша қарайды.

"Өтінім мен тиісті құжаттар алдымен екінші деңгейлі банкке тапсырылады. Банктің мақұлдауын алғаннан кейін, алғашқы жарнаны салу қажет. Осыдан кейін біз ол адамды тізімге енгіземіз де, оның құжаттарын Қазақстанның даму банкіне жібереміз. Ол да қарайды. Сөйтіп, бәрі дұрыс болса, біз немесе автосалонның мамандары көлік алатын адамға хабарласып, құжаттардың мақұлданғаны жайында айтады", - деді кеңесші.

Тағы оқыңыз: "Той кредитіне" тыйым салына ма – Досаев несие беруді шектеу мәселесін көтерді

4 проценттік автокредит бойынша алғашқы жарнаның шекті сомасы да бар. Кредит алатын адам көлік бағасының, кем дегенде, 10  процентін, ары кетсе, 20 процентін сала алады. Одан артық құюға болмайды.

Автокредиттің артық төлемі қандай?

Бүгінде аталған бағдарлама бойынша көлік алатындардың көбісі 4-5 миллион теңгеге кредит алады. Мәселен, 4 миллион 290 мың теңге автокредитке алынса, 429 000  теңгені алғашқы жарна ретінде салу қажет. Өтінім мақұлданса, қалған соманы үш жылға, бес жылға немесе жеті жылға бөліп, төлеуге болады.

"Мысалы, кредитті үш жылға рәсімдесеңіз, ай сайын 113 993 теңге төлеп отыру қажет. Үш жылдың ішінде артық төлем 242 748 теңгені құрайды. Сосын сақтандырудың "КАСКО" атты үлгісін алу қажет. Оның бағасы 148 005 теңге болады", - дейді Өмірзақова.

Бес жылға рәсімделген автокредиттің ай сайынғы төлемі аздау, нақтысы – 71 107 теңге. Алайда артық төлемі екі есе артық – 405 420 теңге болады. Ал жеті жылға ұзартса, артық төлем 572 184 теңгеге артады. Сақтандырудың ақысы да қымбатқа түседі. 

Үкімет қанша қаржы бөлді?

2015 жылдан бері Қазақстанда 4 проценттік автокредит бағдарламасымен 13 245 жеңіл автокөлік сатылды. Биыл үкімет осы бағдарламаға қосымша 10 миллиард теңге бөлу туралы қаулы қабылдаған болатын. Соның 8 миллиарды жеңіл көліктерді несиелеуге бағытталса, 2 миллиард теңгесі коммерциялық теxниканы лизингтік қаржыландыруға жұмсалады. Бастапқыда 2 мыңнан астам автомобиль сатылады. Келесі жылдары револьверлік қаражат есебінен жылына орташа есеппен 400-500 отандық автомобиль рәсімделеді деген жоспар бар.

Жалпы, осы уақытқа дейін 4 проценттік автокредит бағдарламасына бюджеттен 40 миллиард теңге бөлінді.

Жаңалықтар
0