Қоғам

Астролог шілде айына болжам жасады: қазақстандықтарды не күтіп тұр?

© Sputnik / Игорь Зарембо / Медиабанкке өтуПражские астрономические часы
Пражские астрономические часы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Астрономиялық болжамға сәйкес, 2 шілдеде Күн толығымен тұтылады

НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде — Sputnik. Астролог Ирина Әбдірайымова шілде айында қазақстандықтардың өміріне Ай мен Күннің тұтылуы тікелей әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Астрономиялық болжамға сәйкес, 2 шілдеде Күн толығымен тұтылады. Шарықтау шегі Гринвич бойынша сағат 22:16, ал 3 шілде күні сағат 00:16 кезінде көрінеді. Сондай-ақ, 17 шілде күні Ай тұтылады. Оны Астана уақытымен сағат 03:39 кезінде Оңтүстік Америка, Еуропа, Африка, Азия және Ресейде тамашалауға болады.

Астрологтың айтуынша, Күн – адам санасының бейнесі. Ол Ай дискісінде жасырынатын болғандықтан, біздің де санамыз қарауыта бастайды.

"Қандай істе болсын өз-өзімізге дұрыс бағыт-бағдар бере алмай қиналамыз. Жылдам шешім қабылдау кезінде де қиындықтар туындайды", - дейді Ирина Әбдірайымова.

Ол Ай адамның түпкі санасы, сезімі мен түйсігі үшін жауап беретінін атап өтті.

Күн мен Ай тұтылғанда маңызды шешім қабылдамаған жөн

Күн тұтылған кезде адамның жан дүниесіндегі қорқынышы мен өкпе-назы сыртқа шыға бастайды.

"Сол себепті шілдеде едәуір сезімтал болып, болмашы дүниелерге ашуланып жүреміз. Кейбіріміздің жүйкеміз қатты сыр береді. Өзімізге тән емес қылықтар жасап, бейәдеп әрекеттерге барамыз. Тіпті, өзімізге не нәрсенің пайдалы екенін анықтай алмай қиналамыз. Сондай-ақ, шілде айында бірнәрсені бүлдіруге құлшынысымыз артады", - дейді маман.

Ал бұл, оның айтуынша, өміріміздің түбегейлі өзгеруіне әкеліп соқтырады. Сондықтан Ай мен Күн тұтылған кезде маңызды шешім қабылдауға асықпаған жөн.

Жұлдыздар сырын ұққан маман Күннің тұтылу процесі негізінен өміріміздің сыртқы ортамен байланысты тұстарына әсер ететінін айтады. Осы орайда ол Күн тұтылған үш күнде жеке өмірімізде және әлемде не болып жатқанын салыстырып бақылауға кеңес берді. Ал Ай тұтылған кезде бұл оқиғалардың барлығы дерлік біздің жан дүниемізге, физикалық жай-күйімізге, эмоция мен қарым-қатынасымызға тікелей әсер етеді. Яғни Күн тұтылған кезде айналамызда, Ай тұтылған кезде жан дүниемізде өзгерістер болады.

18,5 жылға созылатын жаңа кезең басталады

Астролог Күн мен Айдың тұтылуы мемлекет пен халықтың тағдырына үлкен өзгеріс әкелетінін атап өтті. Өмірімізде өзгеріске толы болатын, мерзімі 18,5 жылға дейін созылатын кезең басталады.

"Әсіресе, 1945 жылы наурыз бен тамыз, 1963 жылы қыркүйек пен наурыз, 1982 жылы сәуір мен желтоқсан, 2000 жылдың қарашасының ортасына дейін және 2001 жылдың тамызына дейін дүниеге келгендердің өміріне ерекше әсер етеді. Астрономия бойынша Күн ер адамдардың, ал Ай әйел адамдардың өміріне көбірек әсер етеді. Десе де бұл тұтылулардың өмірге нақты қандай әсері барын білу үшін жеке жұлдыз жорамалымызды қарағанымыз жөн", - деді ол.

Ирина Әбдірайымованың есептеуінше, шілдеде Шаян мен Тауешкілердің өмірінде ерекше өзгеріс болады. Дәлірек айтсақ, Күн тұтылу кезінде Шаяндардың отбасы, үй, ата-ана, бала, отанмен қарым-қатынасы басқаша өрбиді.

Бұл жолы тұтылу процесі кезінде Плутон, Сатурн, Венера секілді ғаламшарлар едәуір жақсырақ қозғалысқа түсетіндіктен, әлемге негізінен жағымсыз энергия тарайды. Осының әсерінен көп адамның өзіне көңілі толмай, депрессияға түсетін көрінеді. Олар сырттан қауіп төніп тұрғанына қарамастан, ішкі қиындығын шешуге тырысады. Созылмалы аурулар да асқынып, жұртты әбігерге салады.

"Тек ішкі емес, сырттағы дұшпандарымыз да шабуылдай бастайды. Ата-анамызбен қарым-қатынасымыз нашарлайды. Тіпті, байланысты толықтай үзуіміз де ғажап емес. Қатты жалғызсырап, бізді жақындарымыздың бағаламайтынын сезінеміз. Жауапкершілігіміз де шектен тыс артып кетуі мүмкін. Кәсіби салада қиындықтарға тап болып, апатия мен жалқаулық "қонаққа" келеді. Бұдан өзге табиғи апаттар, соның ішінде өрт қаупі жоғары болады", - деді астролог.

Шілде кімдер үшін оңтайлы болмақ?

Десе де Балықтар үшін жақсы жаңалық бар. Олар Сатурн, Плутон және Нептун секілді планеталармен жақсы қарым-қатынаста болатындықтан, түйсігі өте жақсы жұмыс істейді. Жан дүниесі рухани жағынан ерекше бай болады. Күнделікті тұрмыста тек өз ұстанымдарына сай әрекет етеді.

Ирина Әбдірайымова барша қазақстандыққа шілде айында алданып қалудан сақ болуға кеңес берді. Себебі, жанымызда жүрген жандар бізді теріс мақсатта пайдалануы мүмкін. Бұдан өзге астролог адамдардың жағдайын шын түсініп, оларға көмек қолын созуға шақырды.

"Барлық айдың 6-15 аралығында дүние келген – Тауешкі, Таразы, Шаян мен Торпақ ғарыш энергиясының ерекше назарында болады. Осы және басқа да жұлдыз иелері көрген түсіне мән берсе игі еді. Себебі, олар бізге көптеген проблеманы шешуге көмектеседі. Әсіресе 2-18 шілде күндері сақ болғандарыңыз дұрыс. Кішігірім сәтсіздік ғаламдық деңгейдегі проблемаға ұласуы мүмкін. Біреулер бастығының жіті бақылауында болса, енді біреу бастаған ісін соңына дейін жеткізе алмай қиналады", - дейді ол.

Мысалы, Тауешкілердің логикасы мен ойлау қабілеті өте жоғары болса да, салдары өте жағымсыз шешім қабылдауы мүмкін. Өйткені жүрегі ашық екенін паш етудің орнына бетперде киіп, салқынқанды болып көрінуі мүмкін.

Осы орайда, астролог өткен өмірдегі энергиялардан босауға кеңес берді. Бұл ретте қажетсіз заттарды қоқысқа лақтырып, үйде жөндеу жұмысын жүргізудің пайдасы бар. Сондай-ақ, ол тұтылу күндері кредит алып, қарызға ақша бермеген жөн екенін жеткізді. Барлық тұтылу процесіне Венера атсалысады. Ал ол сараңдық, пессимизм, қорқыныш, сенімсіздік және ренішке толы.

Бұдан өзге Ирина Әбдірайымова махаббат мәселесінде де асығыс шешім қабылдамаған жөн екенін айтты. Мұның орнына ол қазақстандықтарға маңызды іс болса нақты жоспар құрып алуға, рухани әдебиеттер оқуға кеңес берді.

Жаңалықтар
0