Қоғам

Тоқаев: таза ауыз су әрбір үйде болуы керек

CC0 / inkflo/ pixabay.com / Бала су ішіп жатыр
Бала су ішіп жатыр - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Президент Қазақстанға бірыңғай экологиялық саясат қажет екенін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 12 маусым – Sputnik. Таза ауыз су әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Келесі өзекті мәселе – халықты сумен қамтамасыз ету. Таза ауыз су әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет", - деді Тоқаев астанада өткен ұлықтау рәсімінен кейін.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет екенін баса айтты.

"Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл хәлі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек", - деді президент.

Бұған қоса, Тоқаев халықты мазалайтын тағы бір маңызды мәселе – жол сапасына тоқталды.

"Сол себепті автожолдардың жағдайын жақсарту – біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі", - деп түйіндеді ол.

Айта кетсек, бүгін Нұр-Сұлтандағы  Тәуелсіздік сарайында жаңадан сайланған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Тоқаев халыққа ант беріп, мемлекет басшысы қызметіне ресми түрде кірісті. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев оған Қазақстан президентінің куәлігін тапсырды.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін көтеретін заң қабылданады

Ұлықтау рәсіміне тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев, қос палата депутаттары, үкімет мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, Конституциялық кеңестің мүшелері, президент әкімшілігі мен премьер-министр кеңсесінің өкілдері, әкімдер, президент сайлауына түскен кандидаттар, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Жаңалықтар
0