НҰР-СҰЛТАН, 11 маусым — Sputnik. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев үйінде электр энергиясын үнемдеп, қуатқа қыруар қаржы төлемейтінін айтты.
Тағы оқыңыз: 11 қараша Энергия үнемдеу күні болып бекітілді
Сөзіне сенсек, оның пәтеріндегі батареяларда температура көтерілгенде қуат беруді шектейтін құрылғы бар.
Бас энергетик әзірге көпқабатты үйде тұрады. Егер жер үйге көшсе баламалы қуат көздерін пайдаланбақ. Ал әзірше пәтеріндегі жарықты мейлінше аз қосуға тырысып жүр. Қазақстанда 5-10 жылда қуат тапшылығы туады деген болжам бар. Министр үнемдеуді осы қазірден бастау керек екенін айтады, деп хабарлады astanatv.kz.
"Егер электр энергиясына келер болсақ, балалар түнде жатарда жарықты сөндіруге дағдыланған. Тоқты үнемдеу мәдениетін енгізуге тырысамыз. Пәтерде тұратындықтан, баламалы қуат көзі батареяларын орнатқан жоқпын. Бірақ жоспарда бар", - дейді Бозымбаев.
Қазір энергетика министрлігі аз масштабты қайта жаңғыртылатын қуат көздерін қолдауға қатысты заң жобасын даярлап жатыр. Сол кезде тек энергетика министрі емес, қарапайым халық та күн батареяларын оңай пайдалана алады.
"Ақшаны бүгінгі айтылғаннан да көбірек үнемдеуге болады. Аталған саланы субсидиялаудың да оңтайлы жолдарын қарастырамыз", - деді Қанат Бозымбаев.