Қоғам

Ертеңнен бастауға болады: қаза оразасы бар адамдар не істеуі керек?

© AP Photo / Pavel RahmanҚыз су ішіп отыр
Қыз су  ішіп отыр - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Рамазан айында кей күндерін қаза етіп алған жандар қаза оразасын 6 маусым, яғни ертеңнен бастап өтей алады

НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы қаза оразасына қатысты жиі қойылатын сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қаза оразаның уақыты және дұғасы

Медет Құрмашұлының айтуынша, өткен оразадан қарызы қалған адамдар қазасын Ораза айттан кейін, яғни 6 маусымнан бастап өтей берсе болады. Қаза оразаны бөліп те, арасын үзбей ұстауға да болады.

"Қаза оразаны өтеген кезде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтында тұрған намаз кестесін негізге алған жөн. Таң намазының уақытына дейін ас-суыңызды ішіп, "Рамазан айынан қалған қаза оразаны ұстауға ниет еттім" дейсіз. Ал кеште Шам намазының уақыты кірген сәтте қазақша дұға қылып, аузыңызды аша берсеңіз болады", - деп түсіндірді ҚМДБ маманы.

Қаза оразаны қай уақытқа дейін өтеген дұрыс?

"Қаза оразаны келесі Рамазан айына дейін ұстап біткен жақсы. Ұзақ созып, жүріп алмай, тездетіп құтылған абзал", - дейді Медет Құрмашұлы.

Тағы оқыңыз: Қасиетті Рамазан айында туған балаға қандай есім қоюға болады?

Ол өткен оразадан қалған қарызды өтеу міндетті болып саналатынын қадап айтты.

"Қаза ораза адамның мойнында қарыз болып тұрады, сондықтан өтеген абзал. Ал өтемесе күнә болады", - деді ҚМДБ өкілі.

Қаза оразасы бар адам қайтыс болып кетсе, не болады?

Медет Құрмашұлының айтуынша, егер адам Рамазан айының оразасынан қалған қарызын өтеп үлгермей бақилық болса, онда марқұмның туысқандары қаза күндеріне фидия төлейді.

"Егер адам белгілі бір себептермен оразасын өтей алмай қалса, ұстамаған әр күнінде бір кедейді таңертең және кешке тамақтандыруы шарт. Яғни, жағдайы жоқ, мұқтаж жандарға таңертең және кешке тамақ ішетіндей ақша береді. Біз оның мөлшерін есептеп шығардық, бұл шамамен 1500 теңге", - деді ол.

Егер марқұм өсиет етіп кетсе, онда туыстары фидияны артында қалған дүниесінен береді. Ал өсиет етпесе, қаза оразаға фидия төлеп-төлемеу – туған-туысқандарының ықтияры, бірақ бергені дұрыс саналады.

Қаза ораза мен нәпіл оразаны қатар ұстауға болмайды

Мұсылман жыл санауы бойынша Рамазан айынан кейін Шәууәл айы басталады.

"Осы айда алты күн ораза ұстау – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) "кімде кім Рамазан айының оразасын ұстап, сосын алты күн Шәууәл айында ауыз бекітсе, ол бір жыл ораза ұстағанның сауабындай сауап алады" деп айтқан. Осыған қарап отырып, Шәууәл айында алты күн ораза ұстау нәпіл болып саналады. Нәпіл ораза ешкімге міндет емес, оны ұстау адамның өз еркінде. Ұстамаса, күнә болмайды", - түсіндірді діни басқарма маманы.

Айтуынша, нәпіл оразаны Шәууәл айының кез келген күнінде ұстауға болады. Бірақ, қаза ораза мен нәпіл оразаны қатар ұстауға тыйым салынған.

"Екі оразаға бірдей қатарынан ниет етілмейді", - деді Медет Құрмашұлы.

Жаңалықтар
0