Қоғам

Сіз өтірікшінің қай түріне жатасыз?

Жазылу
Адамдар үнемі өтірік айтқан соң, сол айтып жүрген өтірігі шынымен өмірде болған сияқты көрінеді, сол өтірікке өздері де сене бастайды

НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр – Sputnik, Арман Асқар. Психолог мамандар адамдардың өтірік айтуға неге бейім екенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Психология ғылымдарының PhD докторы Балабек Сақтағановтың айтуынша, өтірік айтудың көптеген себебі бар. Соған қарай адамның мінез-құлқы да анықталады.

"Адам шындықты айтсам, жағдайды бақылаудан шығарып аламын, одан да өтірік айтып қарым-қатынасты бұзбайын деген пікірге сенімді болады. Бұндай адамдардың "мен" концепциясы төмен, олар айналадағы болып қалуы мүмкін қақтығыстардан қашады", - деді Сақтағанов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Тағы оқыңыз: Қандай адамдар көзге шөп салуға бейім болады?

Бұдан бөлек, адамдарға ықпал ету үшін өтірік айтып мақтанатындар бар. Олар өз беделін көтеретін оқиғаларды құрастырып отырады. Ал айтып отырған өтірігі шындыққа қарағанда өтімдірек болатынына сенеді. Осы санаттағы өтірікшілердің өз-өзіне деген сенімділігі төмен, фобиясы жоғары болады екен.

"Үнемі өтірік айтқан соң, оларда сол айтып жүрген өтірігі шынымен де өмірде болған сияқты көрінеді, олар сол өтірікке өздері сене бастайды. Бұл типтегі адамдардың миында патологиялық бұзылыстар үрдісі жүре бастайды. Бұлар өтірігім білініп қалмасын деп өтірікті айта береді", - дейді Сақтағанов.

Психологтың сөзіне қарағанда, адам бала кезінде үлкендердің өтірік айтуына куә болып өседі. Ересектер балаға бір сыйлық алып берем деп алып бермейді, басқа ересектерге өтірік айтады. "Мені үйде жоқ деп айта сал" деген сөзбен өз баласын өтірік айтуға үйретеді. Ержеткен соң ол бала үшін өтірік айту қалыпты нәрсеге айналады.

Тағы оқыңыз: Балаға мүлдем айтуға болмайтын 10 сөз

"Қорыта келе айтарым, өтірік айтудың шекарасын біліп, айтылатын өтірікті барынша бақылауда ұстауға тырысу керек", - деп атап көрсетті Сақтағанов.

Психология ғылымдарының магистрі Серіккүл Сәлі де өтірік пен шындықтың өз "дозасымен" болғаны дұрыс деп санайды. Себебі үнемі шындықты айта беруге де болмайды. Шындық кей кезде адам көтере алмайтындай ауыр болуы мүмкін.

"Біріншіден, өтірік - ол табиғи нәрсе, яғни, бұл жасандылық, я болмаса, адамдардың жүре келе, ойлап тауып қалыптастырған нәрсесі емес. Өтірік барлық адамда бар. Барлығы өтірік айтады. Бірақ олардың өтірік айтудың деңгейлері әртүрлі", - дейді Сәлі.

Мысалы, ешкімге зияны жоқ өтірік болады. Сосын барлық адамдар өздерінің қандай екенін бірден ашық көрсете бермейді. Біреумен танысқанда әркім өзін алдымен жақсы қырынан көрсетуге тырысады. Ол да өтірікке жатады.

"Енді, бір өтіріктер бар. Ол - өз пайдасы үшін айтылатын өтірік. Одан кейін басқаға зиян тигізетін өтіріктер болады. Осы қоғамға зиян тигізетін өтірік қылмысқа апарады, алдау-арбауға апарады, алаяқтыққа апарады. Оны "психопатологиялық өтірік" деп атайды", - деп атап көрсетті Сәлі.

Ал психопатологиялық өтірікке бейім адамдар бала кезінен солай қалыптасады. Оларға пубертатты жасқа, яғни, 12-14 жасқа дейін дұрыс тәрбие бермесе, ондай адамдар жасөспірім жасынан шыққан кейін өтірікті пайда табу, жалпы, өмір сүру көзіне айналдырады.

Тағы оқыңыз: Әйелмен арадағы жанжалды қалай шешуге болады - маманнан 8 кеңес

"Олардан алаяқтар, өтірікпен қоғамға тигізетін адамдар қалыптасып шығады. Ондай адамдардың қолынан өтіріктен басқа ештеңе келмейді. Себебі психопатология, психосексуалдылық жағынан өспей қалған. Пубертатты жастан кейін оларды қайтадан қалыптастыру мүмкін емес", - деп атап көрсетті Сәлі.

Жаңалықтар
0